ЖАРЫҚТЫҢ ЖОҚТЫҒЫН АЙТҚАНЫ ҮШІН 5 ТӘУЛІККЕ ҚАМАЛДЫ
Өзбекстанның Әндіжан облысы Айым ауылындағы мектеп мұғалімі Мухаммадризо Эргашев электр қуатының шектелуіне байланысты шағымданғаны үшін 5 тәулікке қамалды. Бұл туралы «Озодлик»(«Азаттық» радиосының өзбек редакциясы) хабарлады
20-жастағы Эргашевтің сөзінше, қазанның 19-да ол Әндіжандағы аумақтық электр желілері кәсіпорнына электр қуатын шектегеніне наразылық білдіріп шағымданады. Бұған жауап ретінде милиция жас жігітті бес күнге ас-су берместен абақтыға жауып тастаған. Электр желілерінің өкілі Эргашевтің сөзін жоққа шығаруда.
Бұдан бөлек, «Озодлик» тілшісі Әндіжан облыстық ішкі істер басқармасынан да жауап ала алмаған. Өзбек БАҚ-тарының хабарлауынша, соңғы бірнеше жылдан бері Өзбекстан ауылдарында электр қуаты тәулігіне 2-3 сағатқа ғана беріледі.
Абай-ақпарат