Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 4668 0 пікір 16 Қазан, 2015 сағат 09:41

ДІНТАНУШЫ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?

Қажылықта «қоштасу тауабы» дейтін маңызды құлшылық түрі бар. Қажылар елге қайтар алдында Қағбаны айналып, қоштасу тауабын жасайды. Бұл – қажылыққа қатысты соңғы амал. Адамның тұлабойын қимастық, сағыныш, сүйіспеншілік сезімдері билеп алатын сәт осы қоштасу тауабында сезіледі.

Біз де бұл амалды орындадық. Топпен жүргеннің берекесі болар, қасиетті қара тасты сүю бақыты бұйырды. Дінтанушы-ғалым, ҚМДБ Пәтуа және шариғат бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлымен иық тіресіп, қара тасқа да жеттік. Адам аяқтары бір-бірінің үстіне міңгескен қалың топты, күшті толқынды Бауыржан ұстаздың ірі денесі бір сәт ұстап тұруға шыдас берді. Біз бұл мезетті сәтті пайдалана білдік.  

Жәннаттан түскен қара тасты құшырлана қайта-қайта сүйеміз. Қара тастың жанынан еш кеткіміз келмейді-ау, шіркін!  Кезегін сабырсыз сезіммен, абыржыған күймен күткен қажылар оған жол беріп қойсын ба? Арқамыздан қайта-қайта ұрғыштап «болды ғой енді, жетер енді, біз де күтіп тұрмыз ғой» деген сыңай танытып, ишара білдіреді. «Сабыр, сабыр» деген сөзбен ғана «құтылып», қалың нөпірден әрең дегенде шетке қарай ысылып шықтық. Даусымның қалай ғана қатты шығып кеткенін байқамаппын. Өзіме келгенше «Аллаһу акбар»-ды айта беріппін. Тілім түйсігіме бағынар емес. Топ басшыларына қарасам, олардың да өңі қуарып, қуанышын жасыра алмай, әрқайсысы әр жерде «айқайлап» жүр. Әрине, қуаныштан шыққан дауыс қой.   

Келесі айналымда ішкі түйсік «тағы да қара тас, тағы да қара тас» деп санамызды түртпектеп, мазамызды алса бола ма? Алладан тағы да қара тасты сүюді сұрадым. Бауыржан ұстаздың ірі кеудесіне сенім артып, оған осы ниетімді білдірдім. Ол да кетәрі емес екен. Жымиған жүзбен: «Не істейміз?» – деп қояды іштей келіскен күйде. Тағы бел будық. Қасымызда Қажылық Миссиясының төрағасы Ғылымбек Мәжиев бар. Кешегі батырларымыздың тұлғасын еске түсіретін ұзын бойлы, кең кеуделі Бақытжан (ҚМДБ Халал бөлімінде қызмет етеді) ағаның да сенімді қадамы ізгі ниетімізді орындауға серпін берді... Тағы сүйдік. Үшінші айналымда... Жұрттан ұят екен. Біздің топты бәрі танып алғандай. Құдды: «Мына «дәулер» тағы келді ме?» – деп сұрақты төтесінен қоятындай. Ұят болар деген оймен алыстау жүрдік. Сонда да қара тасқа қарап қоямыз...

Бауыржан ұстаздың айтуынша, Ислам ғұламалары арасында қара тасты сүюге қатысты екі көзқарас бар. Бір ғалымдар өзгелерге зарар тигізіп сүюді құп көрмеген. Ал екінші ғалымдардың көзқарасы бойынша, бұл сәт – пенденің сүйіспеншілігін, қара тасқа деген ықыласын айқындайды. Біз осы жолы екінші топтың қатарында болдық. Алла қабыл етсін дейміз.

Қоштасу тауабын орындап, әл-Харам мешітінен шығып кетуге ыңғайланып жатырмыз. Қайта-қайта кері бұрылып, Қағба жаққа қарай береміз. Қасынан кетпей тұрып, сол сәттің өзінде сағынып тұрмыз. Күллі мұсылманның құбыласы болған қасиетті Қағба біз ілгері жүрген сайын артта қалып, көзге көрінбей барады. Бір ғана сұрақ мазалайды: енді қашан келеді екенбіз, қос көзіміз енді қашан Қағбаны көреді екен? Біраз ұзап кеттік. Зәулім ғимараттар Қағбаны көзден бұлбұл ұшырды. 

Мешіт ауласындағы шығаберісте кездесеміз деп келіскенбіз. Уәделі жерге келсем, Бауыржан Әлиұлы отыр. Көзі жасқа толып, көңілі босап кетіпті. Сонау жерде отырса да, сан түрлі ғимараттың арасынан Қағбаның болмашы бір бұрышы ғана көрінетін жерді таңдап, сол біз секілді «енді қашан келемге» салып, сары уайымға салынып, көз жасына ерік беріпті. Қағбаға қараудың өзі – сауап. «Қағбаны қимайды екенсің», – деді ұстаз діріл дауыспен. Оның Қағбаға деген сағынышы көз жасынан, ұзақ күрсінісінен көрініп-ақ тұрды. Біз де қимас сезіммен түн жамылып, толғаныспен қонақүйге қарай аяңдадық...

Қажылықтағы қиншылықтар мен сынақтар қазір ұмытылған. Қиындықты ұмыту да – Алланың үлкен нығметі екен.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Abai.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524