Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4359 0 пікір 14 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОҚО: БИЫЛ ҚАЛА КҮНІ ЖЕТІ КҮН ТОЙЛАНДЫ

Еліміздегі үшінші қала мәртебесіне талпынған Шымкент Қала күнін тойлауды бастап кетті, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.

Биыл Қала күні бір жеті тойланады. Әр күн дербес атауға ие болып, соның аясында тұрғындардың шаһарға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін оятатын тәрбиелік мәні бар мерекелік шаралар өтіп жатыр. Бұған қоса, Шым шаһар республикадағы ең көне қала атағын алуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек: «Тарихшы археолог Бауыржан Байтанаевтың зерттеуіне қарасақ, шаһарға 2200 жыл толып отыр екен. Бұл атақты алу үшін бүгінде БҰҰ-на тиісті құжаттар жіберілді. Егер ол жақ мақұлдаса 2017 жылы Шымкент 2200 жылдық тарихы бар қала атанып, торқалы тойды кең көлемде атап өтуіміз мүмкін» – деді,  журналистермен басқосуында. 

50 түп сәндік ағаш отырғызылды

10 қазан – Мерекені шаһар халқы жалпықалалық сенбілік өткізуден бастады. Тазалық акциясына облыс əкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, халық қалаулылары, ардагерлер жəне жастармен бірге Бекет батыр көшесінде 50 түп сәндік ағаш көшетін отырғызды.

Жалпы қалалық сенбілікте қала әкімдігінің 14 құрылымдық бөлімі мен жоғары оқу орындарының студенттері, 46 облыстық басқарма және аумақтық мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары белсенділік танытты. Тазалық жұмыстары 59 көше мен 6 саябақ, гүлзар, Қошқар ата өзенінің бұлақ көздерінен Ордабасы алаңына дейінгі қорғалу аймағында және Дендросаябақ аумағында жүргізілді. Сенбілік кезінде ұйымдастыру жұмыстарына Шымкент қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі және жергілікті аудан әкімдері аппараттарының мамандары бекітілді. Сонымен қатар, 26 техника жиналған қоқыстарды сыртқа шығарды.

Марафонға төрт мың адам қатысты

11 қазан – Шымкентте жалпықалалық жүгіру марафоны өтті. Жарыс Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысынан басталып, Бəйдібек би даңғылында жалғасты. «Нау-рыз» алаңында өз мəресіне жетті. Спорттық шараға 4000-нан аса қала тұрғыны қатысты. Биылғы шараның ерекшелігі сол, жалпы қашықтық 7 шақырымға созылды. Марафонда ең жас қатысушы ретінде 8 жасар Нұрсұлтан Құдайберген тіркелсе, жасы ең үлкен атлет 66 жасар Мұхамедали Жиенбаев болды. Айтпақшы, жарысқа Франциядан да бір азаматша арнайы келіп, баласын арқалап жүгірді. Айта кетейік, шаһар қонағы өз елінде де жүгіруден жиі жарысқа қатысып тұрады екен.

Жарыста жас ерекшелігіне байланысты 18 спортшы жеңімпаз атанып, қала əкімінің алғыс хатымен жүлделі сыйлықтарға ие болды. Одан бөлек тағы 5 марафоншы «Жеңіске ынтасы үшін» номинациясын иеленді.

Шымкент – кеше, бүгін және ертең

12 қазан – Абай саябағындағы Бейнелеу өнері мұражайында «Шымкент – кеше, бүгін және ертең» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеге қаланың өткен ғасырдағы көне суреттері мен бүгінгі жаңарған қаланың келбеті түсірілген фотолар қойылды. Қаланың шырайын ашатын елуге жуық сурет көрермендердің назарына ұсынылды.

Көрмеге келген қаланың бас сәулетшісі Асқар Мамырбаев болашақта шаһардың адам танымастай өзгеретінін сөз етті. Күнгейлік кенттің сәулеттік кейпіне көрік берген зәулім үйлер, мәдениет және демалыс орындары, саябақтар мен негізгі көшелерді жас фотограф Мақсат Шағырбаев түсіріпті. Қала тұрғындары мен қонақтары тарихи кадрлар аясында естелік суреттерге түсіп жатты. Фотокөрме 17 қазанға дейін ашық болады.

17 мың бала зообаққа тегін кіреді

Қаланың зообағына биыл 35 жыл толды. Атаулы күні шаһар басшысы хайуанаттар бағына әмбебап тракторды сыйға тартты. Сонымен қатар, осыдан бір ай бұрын туылған су сиырдың төліне Глория есімі берілді.

Бүгінде Шымкент зообағындағы аңдардың түрі 200-ден асқан, оның 20-дан астамы қызыл кітапқа енген. Жалпы мұнда 2000 хайуанат бар. Бұдан былай бұл демалыс орнына 17 мың жағдай төмен отбасының баласы 1 жыл бойы тегін кіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қаланың Құрметті азаматтары мен журналистер қауымы да зообаққа тегін кіретін болады. Зообақ басшылығы осындай шешім қабылдапты.

Айта кетейік, қала күні мерекесі сенбі күні Наурыз алаңы, Бәйдібек би ескерткіші жанында өтетін театрландырылған хореографиялық көрініспен, еліміздің эстрада жұлдыздарының мерекелік гала-концертіне ұласып, отшашулар болады деп күтілуде.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504