Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6214 0 пікір 4 Қазан, 2015 сағат 20:39

ШЫНДЫҚ ТЕОРИЯСЫ

Адам баласы өмірі бірдеңеге асығумен жүреді. Не нәрсеге, қандай жағдайға да асығумен келеді. Турасын айтқанда, неге болса да «жетсем» деумен болады.

Бала ана құрсағында жатып, «жарық дүниеге шықсам» деп тыпыршумен күнелтеді. «Іңгәлап!» жарық дүниеге келеді. Ол біртіндеп еңбектей бастайды, қаз басып, өз аяғынан тұрады. Жүруге, жүгіруге асығады. Өзі дүниеге келген ортаға байланысты алдындағы ересектерге ұқсағысы келеді. Есі кіргенше, жақсыға да, жаманға да әуес әрі құмар келеді.

Өзі өмір сүріп жатқан заманға сай, ол алдындағы өзі сияқты қатарластарын, балаларды көріп, «солар сияқты болсам, мен де сол жаққа барсам» дейді. Барады. Мәселен, ол ел қатарлы мектеп те бітіреді, ел қатарлы таңдаған мамандығына оқуға да түседі немесе оқымай елде қалады. Жігіт болады, бір қызға көңілі ауып, ғашықтық дертін бастан кешеді. Үйленеді немесе ажырасады. Ал, үйленген пенде сосын «балам болса» дейді. Бала да сүйеді. Енді ол «немере сүйсем» деумен елегізеді. Немере де көреді. Немереден кейін «шөбере көрсем» дейді.

Осылайша уақыт өте береді. Алуан жұмыстың бірін таңдайды. Ел қатарлы еңбек етеді немесе еңбек етпейді, араматамақ болады. Ал еңбек еткен өседі, байыйды, араматамағы ақырында өшеді. Жас та біразға таяйды. Ол болса, «әлі де өмір сүре берсем» деумен келеді. Ақыры бір күні дәмі таусылып, бұл дүниемен хоштасады. Бабалар ізімен «келместің керуеніне» ілесіп кете барады. Міне, осылайша бір пенденің ғұмыры өтеді. Томпайып, қалың бейіттің ішінде жатады. Соңында ұрпағы, ағайын-туысы болса, солар келіп, мұсылманы -  құранын оқытып, кәпірі - кәпірше мәзіреттерін жасап тұрады. Болмаса, оған да өкпе жоқ. «Жоққа - жүйрік жетпейді». Өлгендер - өкпелемейді. Сен жоқсың, осымен бәрі де бітті!

Егер бұл өмірде ұлтыңа еңбегің сіңген өнерлі немесе танымал тұлға болсаң, артыңда қалған ұрпақ әртүрлі игі шаралар арқылы сені әспеттеп, естеріне алып жатады. Өлген адам солардың жақсысын да, жаманын да білмейді. Ол шаралар - өлгендер үшін емес, тірілер үшін жасалады. Егер ондайлардың қатарына жатпасаң, өлдің, сонымен ұмыт боласың. Жоқсың!

Жалғыз қазақ емес, жер бетіндегі барша адам баласының басынан кешетіні, міне, осыған ұқсас бірдей болады. Әлгі атам Қазақтың: «Өлдің Мамай, қор болдың» дегенінің кебін киесің.  «Өзекті жанға бір өлім» деп біздің қазақ баяғыда-ақ осылай деп айтып кеткен. Оны ешқандай пенде жоққа шығара алмайды. Адам, адамнан артық та емес, кем де емес. «Артықпын» немесе «кеммін» дейтіндер - тұқымынан азғандар. Сорлы пенде Тағдырдың басқа салғанын көреді, не салса да соған көнеді. Көнбеуге оның күші де, шарасы да жоқ.

Міне, адам баласының ғұмыры дегеніміз - артық, кемі жоқ, осы ғана. Қандай данышпан болсаң да, бұдан асырып ештеңе айта алмайсың! Шындық осы! Өмір де, өлім де - шындық! Шындық - адам баласы сияқты- жалғыз! Қазақ «бірге тумақ болғанмен, бірге өлмек жоқ» деп, кесіп айтқан. Менің бұған алып, қосарым жоқ. Келіспесем де келісемін. Өмірдің қатал Заңы осы.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келетін болсақ, «Шындық Теориясы» дегеніміз осы ғана!..

 Жұмаш КЕНЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379