Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 7803 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 09:13

ҚАБИБОЛЛА ҚЫРТАДЫ, Ә?..

Сөзі мен ісінің мәні кем Мәжілістің төрінде үйелеп жататын үлкен кісі – Қабиболла Жақыпов (суретте)  кеше әбден-ақ қыртты. Ұлы жарықта дәрет сындырып алғанынын қатынына айтып мақтанатын Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Жұман қырттан да әрмен қыртты. Қабиболланың қасында «Жұман қырт» дегеніміз – бейкүнә қырт екен. Өйткені Жұманның қырттығы – баласына түтін өрген түңілікті бақтырып, түстік аңдып, текелерге ақыл айтудың айналасындағы езбелік қой. Ал, мына кісі... мына кісі мәртебесі жоғары мемлекеттік қызметтегі адам. Мәжіліс төрағасы. Бейімбет Майлиннің Желдібай Жындыбаевы сияқты «нақа болмаса мәселені қабырғасынан қойып жіберетін» құдіретке ие. Сонымен Қабиболла не деп қыртты дейсіз ғой? Шамамен былай деп қыртты:

«-Бірталай біздің қазақстандықтар басқа елдерге кетіп қалды. Германияға, Россияға, Украинаға кетіп қалды. Олар да қайтамыз десе, оларға да жағдай тудыруымыз керек» (Дерек көзі: 31 арна. http://www.31.kz/video/show/id/9626/show/ib) .

Бүгінгідей қиян-кескі қилы заманда бұдан артық не деп қыртуға болады? Біріншіден, «Бірталай біздің қазақстандықтар басқа елдерге кетіп қалса», мысалы: Ресейге, Украинаға, Германияға (т.б.) ол олардың тарихи таңдауы еді. Тарихи отандарына оралудың қамы еді. 1991 жылдан бері қарай  Халықаралық  қауымдастықтардың қатарынан орын алып жатқан, демократия «даңғылына»  бел байлап түскен  Қазақстан ешкімнің жолын кесіп, таңдауына қарсы тұра алмайды. «Кетемін» дейтін ағайын кетеді, «келемін»  дейтін ағайын келеді.

Екіншіден, «Бірталай біздің қазақстандықтар басқа елдерге кетіп қалды», - деп бүгінгі Мәжіліс төрағасының өкініш білдіруі саяси қате болып табылады. Неге десеңіз, Жақыповтың «жанайқайы» былайғы жұртқа «Қазақстан тәуелсіздік ала салысымен елден орыстарды, украиндарды, немістерді қуыпты, ығыстырып айдап шығыпты» деп естіледі. Турасына көшсек, Қазақстан билігі қазақтардан өзгелерге қысым көрсетіп, дискриминация жасаған болады.  Әлгі сөзімен Мәжіліс төрағасы  Қазақ мемлекетінің  шаңырағы астында тату-тәтті өмір сүрудің мәдениеті мен дәстүріне үйренген диаспоралардың көңіліне күдік салып, Президент Назарбаевтың ширек ғасырдан бергі саясатын тәрк етті.

Үшіншіден, Жақыпов барып жалбарынып жалынса да, аяғына  жығылса да Отанын тауып орнығып қалған «қазақстандықтар» Қазақстанға қайтып оралмайды. Отанын тапқандардың арасында азын-шоғын (бірен-саран дегеніміз ғой)  біреулер кері көшіп, «құтты мекенім - Қазақстаным» деп бір жола көшіп келсе, құшағымызды жайып, қуана қарсы аламыз. Біз қазақ сондай халықпыз.

Төртіншіден, бұрынғы «қазақстандықтардың» қамын жеп, қабырғасы қайысып, еңірегенде етегі жасқа толып отырған қыртымыз қазақстандық болғысы келетін қазақтардың алдынан еш ойланбастан ор қаза салды. Қандай ор дейсіз бе? Қазақстанға келтірмеудің, Қазақстан азаматтығын иеленудің қиындығын «қаматамасыз» еткен ор. Нақтылай айтсақ, Көші-қонға қатысты заң жобасының ішінде көшіп келетіндерден сотталмағаны туралы анықтама талап етілетін баптың Мәжілісте еш өзгеріссіз мақұлдануына төраға Жақыпов жаңағы сөзімен пәрмен тудырды. Жалпы, анықтама талап етудегі жақыповтардың жыры: сотталмағаны туралы анықтама талап етілмесе, елімізге терроршылар мен экстремистер кіріп кетуі мүмкін дегенге саяды. Сонда, Қазақстан өкіметі Қытайда тұратын қазақтардың бәрі экстермист, террорист деп күдіктене ме? Демек, Қазақстан билігі үшін ҚХР терроршылар мен экстермистердің елі болғаны ғой. Бұл мәселе  екі елдің арасында үлкен әңгімеге айналып кетпес үшін Қазақстан билігі мына жайтке көңіл бөлуі керек. Бұны осыған дейін де сан мәрте жаздық, соны және қайталайық: Қытай өкіметі қытай азаматының қолына төлқұжат ұстатса, ол адам ҚХР заңдары бойынша қылмыс жасамаған адам. Қылмыс жасамаған адамына ҚХР өкіметі «Сотталмағаны туралы анықтаманы» "әке" десеңде бермейді. Иран Ислам Республикасы да солай істейді. «Сотталмадың ба, қылмысқа қол былғамадың ба, міне паспортың. Бірақ, көшіп барған жеріңнен «сотталмағыным жөнінде анықтама қажет еді» деп сұрап келме». Осыны Қабиболланың өзін қой, немерелері ұғатын уақыт болды. Бірақ, ұқтырмасы ұқтырмайды. Ал, бұндай ақпақұлақ  «ұғымсыздықтың» шын аты – сатқындық!

Ала қағаздың бетіндегіні ежіктеп оқып, күн өткен сайын Ельцинге ұқсап бара жатқан II дәрежелі Әулие Даниил орденінің иегері Жақыпов мырза: «-Бірталай біздің қазақстандықтар басқа елдерге кетіп қалды. Германияға, Россияға, Украинаға кетіп қалды. Олар да қайтамыз десе, оларға да жағдай тудыруымыз керек», - дейді. Қыртады,ә?.. Қыртпаса, «басқа елдерден» қазақстандық болуға асығып, алып ұшып жеткен бауырларына азаматтық алудың жағдайын алдымен жасап бермей ме?..

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377