АРАЛДЫҢ ЖОЙЫЛУЫ - ӘЛЕМГЕ ҚАУІП
Арал теңізінің жойылуы біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Нью-Йоркте өтіп жатқан Саммитте айтты, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті республикамыздың парник газының зиянын азайтып, ғаламшарымыздың биологиялық алуан түрлілігін сақтап қалуға жағдай жасап отырғанын ерекше атап өтті. "Біз "жасыл" экономикаға өту бойынша ұлттық Концепцияны бекіттік. Арал теңізінің жойылуы проблемасы біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті. Оның құрғауының салдарынан жел жылына шаң мен улы тұздың 75 миллион тоннасын ауаға көтереді. Бұлар Еуропа мен Антарктидада анықталып отыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, елбасы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Арал теңізінің Солтүстік бөлігінің қалпына келтірілгенін айтты. Оның айтуынша, бұрынғы Семей полигонының аймағын қалпына келтіру бойынша БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен белсенді әріптестік орнатылған. "Орталық Азия елдері өңірдегі осы аталған экологиялық проблемалармен күрес үшін көмек күтеді", - деді Мемлекет басшысы.
Абай-ақпарат