Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4907 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ҚАЗАҚСТАН - КАТАР: ӘРІПТЕСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Катар мемлекетіне ресми сапары аясында Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Бұл күні Елбасы Катардың іскерлік және қаржы элитасы өкілдерімен де жүздесті, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мемлекетке ресми сапармен Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің арнайы шақыруы бойынша келді. Бұл кездесу, бірінші кезекте, екі елге де тиімді серіктестікті одан әрі жандандыруға, сондай-ақ, бүгінге дейін қол жеткізілген жоғары деңгейдегі келісімдердің жүзеге асырылу барысын талқылауға, саяси үнқатысуларды одан әрі жалғастыруға бағытталды.

Бүгінде Доха Қазақстанмен арадағы әріптестік тетігін нығайта түсуді, сол арқылы екіжақты ықпалдастықты сапалы деңгейге көтеруді көздеп отыр. Катар басшылығы Қазақстанды өзінің Орталық Азиядағы сенімді өңірлік серіктесі санайды. Бұл сапар Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатын одан әрі бекітуді және қос тарап арасындағы достық ниетке негізделген ашық қарым-қатынасты байқатады. Қазақстан мен Катардың экономикалық құрылымдарында ұқсас тұстар кездесетіндіктен, бұл саладағы әріптестік жақсы жолға қойылған. Мәселен, Қазақстанның Ста­тис­тика жөніндегі агенттігінің мәлі­меті бойынша, 2014 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 364,4 мың доллар болса, оның 67,4 мың доллары экспортты, ал 297 мың доллары импортты көрсеткен. Ал 2015 жылдың қаңтар және шілде айлары аралығындағы тауар айналымы көрсеткіші 24,8 мың долларды құраған.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Катар Әмі­рі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесу барысында елі­міздің Катар мемлекетін осы өңір­дегі маңызды серіктесі санай­ты­нын жеткізді. Осылай дей келе, бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға екі елдің әлеуеті жеткілікті екенін, ал бұған Қа­зақ­стан мен Катар арасында жоғары саяси деңгейде қалып­тас­қан өзара сенімді қарым-қатынас негіз болуы қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті сондай-ақ, бүгінде екі елдің көптеген өңір­лік және халықаралық мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас еке­нін, мәселен, Катар мемлекеті сияқты Қазақстан да қазіргі кезде экономиканы әртараптандыру сая­сатын қарқынды жүргізіп жат­қанын, елде бұл бағытта ауқым­ды институттық реформалар, ин­дустриялық-инновациялық жә­не инфрақұрылымдық дамуға ба­ғыт­талған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Себебі, бұл бағдарламалар бір­лескен жобаларды әзірлеуге жол ашпақ.

Кездесу кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан­ның бүгінде Еуропа мен Оңтүстік-Шы­ғыс Азияны байланыстыратын іскерлік, транзиттік және логис­тикалық ірі хаб құрып жат­қанын да жеткізді. Сол арқылы еліміз әлем­нің 60-қа жуық елін байланыс­тыратын Жаңа Жібек жолын қалыптастыруға бағыт ұстан­бақ. Яғни, алдағы уақытта Қазақ­станның көліктік-транзиттік мүм­кіндіктері Қытайдың, Ресейдің және Ор­та­лық Азия өңірінің нарық­­тарына қолжетімділікті қам­та­ма­сыз ететін болады.

Бұған қоса, Мемлекет басшы­сы 2017 жылы Астанада маман­дан­дырылған ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетінін айта келе, Катар компанияларын сол шараға белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев елі­мізде инвесторлар үшін барын­ша қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақса­тын­да көп жеңілдіктер мен артық­шы­лық­тардың заң жүзінде бекітілгенін жеткізді. Кездесу барысында Ас­танада Британ құқығына негіз­делген халықаралық қаржы орта­лығы іске қосылатыны, сондай-ақ, республикада исламдық қар­жы­ландыру ісіне айрықша маңыз беріліп отырғаны айтылды. Қазақ­станда исламдық қаржы индустрия­сы саласында заңнамалық база қа­лып­тасқандығы, ислам банкингі, сақ­тандыру және лизинг секторында бірқатар қаржы институттары жұмыс істейтіні жөнінде де әңгіме қозғалды.

Өз сөзінде Катар Әмірі шейх Та­мим бен Хамад Әл Тани Қа­зақ­стан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа қуатты серпін беретінін, Доха Қазақ­станмен кең ауқымдағы ынты­мақ­тастық орнатуға мүдделі екенін жет­кізді. Сондай-ақ, Катар Қа­зақстанға Орталық Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктес ретін­де қарайтынын айтты.

 

Кездесу соңында Қазақстан Пре­зиденті мен Катар Әмірі екі елдің банк секторында, қаржы-ин­вестиция, агроөнеркәсіп салаларында өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамыту үшін үлкен әлеуеттің бар екенін атап өтті.

 

Бұл күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Катардың жетекші корпорациялары мен қаржы институттары басшыларымен де кездесті. Кездесуге Катар биз­несмендері қауымдастығының төрағасы, «Al-Faisal Holding Co.» компаниясы директорлар кеңе­сінің төрағасы Фейсал бен Касем Әл Тани, Катар бизнесмендері қауымдастығының тең төрағасы, «Ezdan Holding Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Халед бен Тани Әл Тани, сондай-ақ, «Um Haish International», «Medicare Group-Ahli Hospital», «Al Rayan Bank», «Qatar International Islamic Bank», «Qatar National Bank», «Qatar Solar Energy», «Qinvest Bank» сияқты ірі компаниялар мен банктердің басшылары қатысты.

Жиын барысында Қазақстан Президенті қос мемлекеттің ортақ тарихи және мәдени байланыс­тарына тоқталды.

Кездесуде сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақстан мен Катар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын, бұл ретте сауда-экономикалық қарым-қатынасты мейлінше жоғары дең­гейге көтеру қажеттігін айтты. «Иранның Парсы шығана­ғын­дағы Бандер Аббас портына Қазақ­станнан тікелей шығатын темір­жол біздің елдеріміз арасын­дағы тауар айналымының жандануына ықпал етеді деген үмі­тім бар. Мәселен, Орталық Азия­да Қазақстанның әлеуеті зор, эконо­микалық мүмкіндіктері де жет­кілікті. Сол себепті, біз ұзақ­мерзімді және қос мемлекетке де тиімді серіктестікті одан әрі да­мы­туға дайынбыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы Қазақстан да Катар сияқты табиғи ресурстардың, мұ­най мен газдың мол қорына ие екен­дігін атап өтті. Бұл ретте, Ел­басы табиғи ресурстарға деген тәуелділіктен арылу үшін Қазақ­станда ау­қымды институттық рефор­малар, сонымен қатар, индус­трия­лық-инновациялық және ин­фра­құрылымдық дамуға бағыт­тал­ған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанына тоқ­тал­ды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377