ӘКІМІМІЗ «КӘСТӨМ-КӨЛЕҢКЕ» АТАНДЫ
ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов 25 мың теңгеге кәстөм сатып алыпты... Онысы отандық өнім екен. Пах, десеңізші... Күліп жібердім!
Айтпай-ақ қояйын десең, сөздің атасы өледі. Айтсаң, сенен жаман, сенен нақұрыс адам жоқ. Бірақ, деймін де, біздің шенеуніктер неге өз басымен, өз бастамасымен бір шаруа тындырмайды. Олардың дені Елбасының аузына қарап, тек бұйрық күтіп отырады. Айтса, орындайды, айтпаса айналасын топан су басып жатса тырп етпейді. Осы бір қалыптасқан аксиоманы бұзатын кез жетті ғой. Мысалға, жаңадан әкім болып сайланған адам, «картоп жаруына» әбден болады. «Картоп жармаса» да, Асқар Мырзахметов жасаған ізгі істерді жалғап әкетсін. Сөйтіп, халық – риза, өзі – мырза болып, мерейленбей ме?. Ал, арзан-шоу, арзан саяси ойын кімге керек? Әкім деген шоумен емес – мемлекеттік қызметкер. Мемлекеттік қызметкер деген киген киімін емес, жасаған жұмысын «жарнамалауы» қажет.
Елбасы – мемлекеттік тұлға. Ол кісі отандық өнімді кию арқылы еліне, жұртына, халқына өнеге көрсетті. «Сендер де отандық өнімді тұтыныңдар» деп насихат жасады. Ал, Бейбітке не жорық? Облыс әкімі, кімге өнеге көрсетпек? Аудан әкімдеріне ме? Бізге ме? Ішерге тамақ таппай жүрген халық кәстөмді не қылсын? Өзіңіз ойлаңызшы, әр облыстың, әр ауданның әкімі Бейбітке ұқсап, кәстөм сатып алсын! Сосын, тып-тыныш киіп жүре бермей, оны баспасөз қызметі арқылы жарнамаласын. Не болады? Еліміздің бүкіл ақпарат құралының беті әлем-жәлем болып, киімге толып кетпей ме? Мұны Елбасын қолдау деп түсінетін шығар. Елбасын қолдаған осы екен деп бар шенеунік қажеті болсын, қажеті болмасын кәстөм алып алды делік. Халыққа пайдасы бар ма, оның. Яки, бірдеңе өзгере ме? Құнсызданған теңге орнына келіп, қымбаттаған азық-түлік арзандай ма? Елбасы кәстөмді емес, отандық өнімді жарнамалап отырғанын біздің шенеуніктер неге түсінбейді?. Жоқ, әлде олар осыған дейін кәстөмсіз, жалаңаш жүр ме еді?
Қош! Шымкенттің халқы Бейбіт мырзаны отандық киім киді екен деп төбесіне көтермесі хақ. Бұқара әкімді атқарған ісімен бағалайды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендесе, мұның бәрі де ұмытылады. Елбасы кәстөм киді, Әсет (Исекешев) мырза «көлеңке» болды. Енді ол «көлеңкелерді» көбейтудің қажеті жоқ. Олар көбейсе, Елбасыны мазаққа қалдырамыз. Құдай Тағала әкімнің ісіне береке берсін!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz