Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7125 0 пікір 23 Қыркүйек, 2015 сағат 13:16

ОРАЛМАННЫҢ ОРНЫН БОСҚЫНДАРҒА БЕРЕМІЗ БЕ?

Ашық хат

 

ҚР Жоғарғы Сенатының төрағасы

Қасымжомарт Тоқаев мырзаға                              

ҚР  Премер министрі Кәрім Мәсімов мырзаға

ҚР  Ішкі істер министрі Қалмұханбет  Қасымов мырзаға

Былтыр 4-мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық Актілеріне  халықтың көші-қон және жүмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Үкіметтің қаулысы шығып, заң жобасы  Мәжілістің талқылауына жіберілген болатын. Іле - шала Парламентте құрылған жұмыс тобы көші-қон заңын қарап, оңды өзгерістер енгізе бастағанда, шіркін, осы  заң  тез қабылданып,  қолданысқа енсе екен деп зарыға күткенбіз. Көшіп келіп азаматтық ала алмай жүрген ағайын, бауыр-туысқа аз күнде көші-қон заңында жақсы өзгерістер болайын деп жатыр, азаматтық алу ісі оңайласатын болды, шыдаңдар, күте тұрыңдар деп басу айтып едік. Күте күте күз болды. Енді естісек, Үкімет Мәжілістің жұмыс тобы енгізген “этникалық қазақтардан сотталмағандығы жөнінде анықтама талап етілмейді” деген ұсынысты қабылдамапты. Шынымен  солай болса, біздің Үкіметтің Қазаққа жаны ашымайды екен. Дәл “жаны ашымастың қасында  басың ауырмасынның” кері келіп тұр. Болмаса, туып-өскен жерін “Ата жұрт, тәуелсіз ел” деген қасиетті ұғымға айырбастап келіп жатқан қаракөз қандастарынның кеудесінен кері итерер ме еді? “Қандастарын көшіріп алып жатқан үш елдің біріміз,” - деп бүкіл әлемге жар салғанымыз қайда қалды? 2010-жылдан бері көшіріп алу былай тұрсын, өз аяғымен көшіп келген қаншама қандасымыз тұрақты тіркеуге тұра алмай, азаматтық ала алмай қайта көшіуге мәжбүр болды? 6 жылда кем дегенде 100 мыңдаған қандасымызды кері қайтардық. Ашығын айтсақ: айрылдық! Солардың көз жасы, обал-сауабы кімге? Ал, осыдан кім ұтып, кім  ұтылды? Әрине, біз ұтылдық. Барлық жан саны Қытайдың орташа қаласының тұрғынана жетпейтін  Қазақ мемлекеті ұтылды. Қайтіп барған қандастарымыз «Айдаһардың» аузына жұтылып, күні ертең сол елдің сарбазына айналғаннан  кім ұтады?!  Мәңгілік мұдеміз қайда?!

 Біле білсек, Президент айтқан  «Ұлы  даланың» - ұланы, иесі мен киесі қазақ көбейуі керек еді-ғой. Көп болып, жерімізге симай жатсақ мейлі екен, «елге қослып ел боламын» деп келген бауырларымызды бауырымызға сиғызбай  отырған жоқпыз ба?!. Ниетіміз неге сонша тарылды? “Не көрсеңде пиғылыңнан көресің ” - деген сөз бар. Ата-баба аруағы, Құдай бізді кешіре ме? «Жаман айтпай жақсы жоқ». «Айтпаса сөздің әкесі өледі». Ел шетіне жау тисе, “Мәсімов пен Қасымов” екеуі ғана қарсы шаба ма? Қазақтың жерін қара орман қазақ қорғайды. Құдай жамандықтың бетін ары қылсын, сақтанайық. «Біріңді Қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»,  – демеп пе еді данышпан Абай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Көші-қон заңына жасалатын өзгертулер мен толықтырулар тез арада жасалып, қандастарымыздың жолын кескен “сотталмағандығы” жөнінде анықтама сұрау алынып тасталсын. Ангела Меркел, Еуропа босқындарды қабылдап жатыр, еш нәрсе сұраған жоқ. Босқындардың алды қазақ жеріне де келіп жатыр. Сондықтан шартты көбейітпей, өз қандастарымызды қабылдайық. Мәңгілік ел болудың ең басты кепілі – Қазағымыз көбейсін!

Алладан да, үкіметтен де  соны тіледім!

Базарәлі  Әріпұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057