Жексенбі, 10 Қараша 2024
Билік 4107 0 пікір 19 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ШЫМКЕНТТЕ СТУДЕНТТЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Бейсенбi күнi сексен жылға жуық тарихы бар қарашаңырақ – Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтында Студенттер үйiнiң салтанатты ашылу рәсiмi өттi, - деп хабарлайды "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Осынау тарихи оқиғаға ҚР Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов, облыс әкiмiнiң орынбасары Сәкен Қаныбеков, облыстағы жоғары оқу орындарының басшылары, облыстың зиялы қауымы мен БАҚ өкiлдерi қатысты.

Министр Студенттер үйiнiң лентасын салтанатты жағдайда қиған соң жаңа ғимаратты аралап көрдi. 12 қабатты жатақхананың төменгi қабатында негiзгi ұйымдастырушы құрылымдар орналасқан. Ғылыми-зерттеу орталығында оқу орнының оқытушылары құрметтi қонақты студенттердiң ғылыми жұмыстарымен, соның iшiнде «ЭКСПО–2017» көрмесiне дайындап жатқан еңбектерiмен таныстырды. Жаңа жатақханада жастардың бос уақытында шығармашылықпен айналысуына барлық мүмкiндiктер қарастырылған. Қолөнер орталығында студенттер гобелен тоқып, iс тiгедi, домбыра, қобыз жасап, ат әбзелдерiн дайындайды.

Студенттер үйiнiң салтанатты ашылу рәсiмiнде институттың оқытушысы, белгiлi айтыскер ақын Бiржан Байтуов жырдан шашу шашты. Аслан Сәрiнжiпов:

– Қымбатты жастар мен студенттер, құрметтi көпшiлiк, жаңа оқу жылында бiз тарихи сәттiң куәсi болып отырмыз. Оңтүстiктегi жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – педагогика институтында ғажайып Студенттер үйi ашылды. Жыл соңына дейiн елiмiзде осындай алты жатақхана пайдалануға берiледi деп күтiлуде. Студенттердiң терең бiлiм алуына барлық жағдайды жасағаны үшiн институт басшылары мен құрылысшыларға алғысымызды бiлдiремiз.

Бүгiнгi таңда елiмiзде жыл сайын студенттерге 150 мың грант бөлiнуде. Келесi жылдан бастап грантпен оқитын студенттердiң шәкiртақысы 25 пайызға ұлғаяды. Бүгiнде жастар үшiн барлық мүмкiндiктер жасалған. Аға ұрпақтың қамқорлығын жастарымыз терең бiлiм алуымен, кәсiп игеруiмен ақтайды деп сенемiн, – дедi.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Сәкен Қаныбеков Елбасы Н.Назарбаевтың қамқорлығының арқасында жыл өткен сайын студенттер үшiн көптеген қамқорлықтар жасалып отырғанын, арнайы бағдарламалар қабылданғанын әңгiмесiне арқау еттi.

Институт ректоры Оңалбай Аяшевтiң мәлiмдеуiнше, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталуға тиiс екен. Дегенмен, «Ақ Орда» ЖШС-i құны 1 млрд. 237 млн. теңгеге бағаланған ғимаратты мерзiмiнен бұрын, бiр жыл жетi айда салып бiтiрiптi.

– Шәкiрттерiмiздiң 60 пайызы мемлекеттiк бiлiм грантымен оқиды. Ендi Студенттер үйiне мемлекеттiк бiлiм грантымен, үздiк оқитындарды орналастырамыз, – дейдi О.Аяшев.

Осы күнi ҚР Бiлiм және ғылым министрi А.Сәрiнжiпов М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнде, Қазақстан инженерлi-педагогикалық Халықтар достығы университетiнде болып, бiлiм бағдарламаларымен, жаңа жобалармен танысты.

Үмiтхан АЛТАЕВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1156
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2614
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2642