БОСҚЫНДАР ҚАЗАҚСТАНҒА ДА КЕЛДІ
ҚР Ішкі істер министрілігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта елімізде 700-ден астам босқын бар көрінеді. Олардың 18-і Сириядан келгендер. Қалған 362 адам тәжік болса, 137-сі хазар, 89-ы пуштан, 36-сы өзбек, 21-і араб, 38-і тағы басқа ұлт өкілдері.
Ведомствоның мәлімдеуінше, олар елімізде ешқандай шектеушілік көріп жатқан жоқ. Елімізге келіп пана табуына заң жағынан барлық жағдай қамтамасыз етілген. Бұған қоса, оларға құқықтық және әлеуметтік көмектер көрсетілуде, оларды қорғау да қамтамасыз етілген. Босқындарға қатысты қандай да бір мәселе туындай қалса, Қазақстанда акредитацияланған халықаралық ұйым – Көші-қон бойынша халықаралық ұйым, БҰҰ-ның босқындар бойынша жоғары комиссариаты басқармасы, Халықаралық Қызыл Крест сияқты құрылымдар да көмек қолын созады.
Естеріңізге сала кетейік, Сириядағы 2011 жылғы қақтығыс кезінде 220 мың адам қаза тапқан. Биыл Жер орта теңізі арқылы Еуропаға 430 мың босқын ауып барған. Олардың көпшілігі Ауғанстан мен Сириядан. Еурокомиссия басшылығының пікіріне қарағанда, қазіргі көші-қон дағдарысы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ірі оқиға болып тіркелген.
Абай-ақпарат