«АУЫЛСОВЕТТІҢ ӨТІРІГІНЕН ШАРШАДЫМ»
(Әзіл қалжыңдар)
"ЕНДІ МҰНДАЙ БАСШЫ БІЗГЕ БОЛА МА, БОЛМАЙ МА?"
Бір қазақтың еврейі бір ауданда ұзақ жыл әкім болыпты. Сөйлегенде тілдің майын тамызатын шешен екен. Әкім есеп беретін жиналысқа келгенде жиналған жұрттың бәрінің қолын алып амандасатын көрінеді. Жұрт соғанда риза. "Бұл сондай кішіпейіл жан ғой" деп сыртынан мақтап жататын көрінеді. Бірақ, ауданда ол билік еткен жиырма жылда не жол жөнделмей, не мал басы өспей, іс жүрмепті. Ал, жаңағы айтқан есеп беру жиналысында гипноз жасағандай жұрттың бастарын шұлғытып қоятын көрінеді.
"Ап, бәрекелді, бұл жолы бұл айтқан уәдесін орындайды", "Құдай берсе, бұл ендігі жылы жаңа жол салып берер!", "Бұл әкім енді іске шындап кірісейін деген екен!" деген лепті сөздер залдан естіліп жатты. Әкімнің жанындағы жағымпаздары оған "Сіздің шешендігіңізге тең келетін адам әлемде жоқ шығар" деп мақтағанда, әкім "Мен сөйлегенде жұрттың қай сөзді айтқанда қышуы қанатынын білем ғой" депті. Содан тағы бір жыл өтеді. Аудан баяғы қалпы. Содан қазақ еврейінің әлгі айтқан сөзін облыс әкімі естіп қалып, оны қызметінен алыпты. Сонда аудан жұртшылығының біразы орнынан түскен әкім туралы "Қап, жақсы адам еді. Сөйлегенде ішіңдегі тоң майың еритін еді. Бұндай басшы енді бізге бола ма, болмай ма?" депті.
"МІНЕ, ТАРИХИ ӘН ОСЫЛАЙ ЖАЗЫЛАДЫ"
Бір әнші мен аранжировщик кездесіп қалып әңгімелесіп отыр. Аранжировщик "жұлдыз" әншіге:
- Бір ән мен оның сөзінің жобасын жаздым. Сөзі былай:
- "Бошко, кошко,
Ұшып жүр мошко.
Әне қызға ғашық болдым,
Менікі ғой, ол нашко!"
- Қалай? Анау С.С.С. деген рэпердікінен жақсы емес пе? Одан көп мағыналы!
- Солай екені рас.
- Солай екені рас десең, осыны ырғаққа салып айтып көр. Аранжировщик синтезетордың клавишаларын басады. Әнші әлгі ән тексін ырғақпен айтады:
- "Бошко, бошко,
Мошко, мошко,
Ана қызды алып кетем,
Қайда тачко?!"
Аранжировщик әншінің ырғағына разы болып:
- Сен сөзінен ептеп қате кеттің. Дегенмен, ырғағың жақсы. Оны нотаға уже түсірдім. Тек соңында "Ай, ай, ей.йййййй еее!" деп созу керек, сонда тыңдарманға дауысың көрінеді. - дейді. Әнші жаңағы тексті ырғақпен қайталап, аяғында: Айя яя яяәй еее ее ее!" деп дауысын созыңқырайды. Аранжировщик әншінің қолын қысып, ырза болғаннан:
- Міне, тарихи ән осылай пайда болады! - депті.
"КҮНДЕ БІР СҮЙКЕНЕТІН АДАМЫҢ БОЛҒАН ЖАҚСЫ ЕКЕН!"
Әлі күйеуге шықпаған, жастары отыздан асып қалған қыздар қызметтес екен. Қыздардың бірі таңертең жұмысқа құлпырып келген құрбысын көріп "Күйлеп жүрген аналықтай, біртүрлі толығып, екі бетіңе қан жүріп, күннен күнге көркейіп барасың, біреуің бар ма?" деп сұрапты. Сонда екіншісі: "Сен де құбылтып айтады екесің. Әдеміленіп бара жатқаным рас па?". "Рас, екі бүйірің мен төсің жарылайын деп тұр!". Сонда әлгі қыздың айтқаны: "Құрбым ай, сенен несін жасырайын. Күнде біреудің сүйкеніп тұрғанын жақсы көретін болып барамын!" депті.
ЖАҚСЫ АДАМДАР АЛТЫН ТӘРІЗДІ»
Айдабол мен Қайдабол бір көп адамдар жиналған жерге тап болыпты. Қайдабол ешкімді танымайды, Айдабол кейбірін таныйтын болса керек. Қайдабол:
- Анау кім? - деп сұрайды.
- Біреуді мақтаумен күн көріп жүрген адам.
- Ал, анау кім?
- Ол біреуге жағымпазданып нан тауып жүрген адам.
- Анау ше?
- Ол біреуді алдаумен ақша тауып жүрген адам.
- Е, анау ше?
- Ол ұры.
- Ойбай, масқара! Онда анау ше?
- Ойбай, оған жолама, ол осындағы ең жемқор, бермегеніңді тартып алатын пәле.
- Сонда осылардың ішінде жақсы, дені дұрыс адам жоқ па?
- Бар ғой. Бірақ, олар қазына, алтын тәрізді. Ондайды еңбектеніп, танып, жердің астынан қазып алу керек, - депті сонда Айдабол.
"АУЫЛСОВЕТТІҢ ӨТІРІГІНЕН ШАРШАДЫМ"
Айдабол Қайдаболдың бірнәрсеге ренжіп, қитығып келе жатқанын көреді.
- Ей, не болды?
- Осы ауылдың әкімінің aйтатыны ылғи өтірік. Су тарттырам дегеніне жиырма бес жыл болды. Жолды жөндеттірем дегеніне жиырма жыл болды. Егін салуға көмектесем, кредит алуға көмектесем дегеніне де жиырма жыл болды. Малдарыңды көбейтуге де көмектесем дегеніне міне, қанша жыл өтті. Осыдан жиырма бес жыл бұрын қорамда бір сиыр мен он қойым бар еді, әлі сол бір сиыр мен он қой. Сонымен күн көріп отырмын. Ауыл әкімінің жиналысына барсаң сол, күнде өтірік айтып қажытады. Әкімнің шылғи өтірігінен шаршадым, - деп Айдаболдың қасына қонжиа кетіпті.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ
Abai.kz