Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Билік 5835 0 пікір 16 Ақпан, 2016 сағат 10:12

РЕСЕЙЛІК АҒАЙЫНДЫЛАР 700 ЖЕРЛЕСІМІЗДІ САН СОҚТЫРЫП КЕТКЕН

Тегін жатқан ештеңе жоқ. Тегін жатқан жем тек тышқанға құрылған қақпанда ғана болуы мүмкін. Алайда, арзан дүние деп, алаяқтарға алданушылар саны әлі де азаяр емес. Бір қызығы, алданушылардың көбісі көзі ашық, жоғарғы оқу орнын бітірген сауатты адамдар. Соған қарамастан, алаяқтар құрған қақпанға өздері түсіп, қапы қалып жатады.

Осы орайда, 10 қаңтар күні Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің көлеңкелі экономикаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері талай адамды жер соқтырып, алаяқтықпен айналысқан тағы бір ұйымдасқан қылмысты топтың жолын кесті. Олардың Астана, Алматы және басқа да облыс орталықтарында қаржылық пирамида ұйымдастырғаны әшкере болды. Қылмысты топтың құрамында Ресей азаматтары да бар.

Аталмыш қылмысты топ 2014-2015 жылдары екінші дәрежедегі банктен кредит алған клиенттерді (негізінен жеке тұлғаларды) тартқан. Тартудағы мақсат – кредит алушылар алған кредиттің 30-дан 80 пайызға дейінгі мөлшерін (қарыздарды жабатын уақытына байланысты) «Фин Статус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аударған жағдайда, алған кредитінің уақытында жабылуына кепілдік берген. Сөйтіп, клиенттерді жаппай тартқан. Ал кредитті жабу схемасын жаппай түсіп жатқан ақшамен бірте-бірте кезекпен жабу арқылы алдаған. Осылайша, қаржылық пирамида құрған. Яғни, алғашқы келген клиенттердің кредитін уақытында жабу арқылы сенімге кірген. Содан кейін бұндай алаяқтық схемаға алданғандар саны өз-өзінен көбейе берген.

Бүгінгі күні ұйымдасқан қылмысты топтың алдауына ұрынған салымшылардың саны 700-ден асып кетіп отыр. Ал кредиттік салымның мөлшері жарты миллиард теңгеге жетті. Бұл ақшалар қылмысты топтың есеп шоттарына аударылып, содан кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған. Қазіргі уақытта қаржылық пирамиданы құрушылардың негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде Ресей азаматтары ағайынды Зиатдинов Ильдар Альбертович пен Зиатдинов Роберт Альбертович соттың санкциясымен қамауға алынды.

Қазіргі уақытта қаржылық пирамидаға алданған салымшылардың қаражатын қайтару және қылмысты топтың басқа да мүшелерін құрықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Фин Статус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен сыбайлас болған  «Фин Статус Консалт», «Фин Статус дизайн», «Фин Статус Инвест», «МФО Фин Статус займ», «Профит групп», «Эверест финанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қызметі  де тексерілуде. Сондықтан да аталмыш серіктестіктермен қосымша кредит жабу жөнінде келісім жасап, алаяқтарға алданған басқа да  салымшылар болатын болса,  тиісті құжаттарын әкелу арқылы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметіне төмендегі мекенжай бойынша хабарласуларына болады:  Жібек жолы проспектісі, 127(Сейфуллин көшесінің қиылысы). Телефон: 279 29 56.  

Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1510
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5819