ДІНМЕН ОЙНАМА – ОТ ШЫҒАДЫ
Кез келген халықтың ұлттық ерекшеліктері, менталитеті, өмірлік ұстанымдары мен рухы өзінің дәстүрлі діни сеніміне негізделіп қалыптасады. Сондықтан діни сарында бастау алатын кез келген саяси күрес салдары өте ауыр қайғылы жағдайларға әкеп соқтырады. Діни негізде туындайтын араздықтар әрмен қарай ұлтаралық, этносаралық агрессияның өрши түсу қаупін тудыруы мүмкін. Мұндай қанды-қасап оқиғалардың бейнесі қазіргі таңда Таяу Шығыс елдерінің мемлекет ретінде құлдырау жағдайынан көрініс табуда.
Бүгінде Сирия мен Ирак аумағының көптеген елді-мекендері жаулап алу нәтижесінде жекелеген террористік топтардың ықпалында қалды. Аталмыш ұйымдардың ішінде әсіресе «Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті» – ДАИШ террористік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Таяу Шығыс елдерінің тұрғындарына аяусыз зорлық-зомбылық көрсетіп, өзге дін өкілдерін жаппай қырғынға ұшыратып келеді. Әлем жұртшылығы тарапынан «террористік» деп танылған ДАИШ-тің бұл әрекеті халықаралық құқық нормаларына сәйкес «геноцид әрі адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» ретінде танылды. Жергілікті халықтардың ішінде, әсіресе христиандар, езидтер, күрділер, шииттер, түркімендер, друзилер және тағы да басқа діни және ұлттық азшылықтағы топтар ДАИШ-тің репрессивті толқынының соққысына ұшыраған болатын. Ирактың біршама аумағын жаулаған ДАИШ 2014 жылдың жазында езидтерден 500-ден астам ер адамды жер жастандырып, 300-ге жуық әйелді құлдыққа салды.
Жалған діни риториканы желеу еткен террористік ұйымдар әсілі діннің киелі қағидаттарын бұрмалап, шынайы шариғи үкімдерді жариялы түрде бұзуда. ДАИШ-тің исламдағы қасиетті Рамазан және тағы басқа айларында, жұма күндерінде мешіттер мен бейбіт тұрғындар тұратын ғимараттарда ұйымдастырған жарылыстардан көптеген бейкүнә жандар көз жұмды. Бұған мысал ретінде 2014-2015 жылдар аралығында Сауд Арабиясы Корольдігіндегі «Имам Али», «Имам Хусейн», «әл-Машһад», Кувейттегі «Имам ас-Садық» мешіттерінде орын алған террористік актілерді атап өтуге болады.
БҰҰ сарапшыларының Ирак аумағында жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жасаған арнайы баяндамасына сәйкес ДАИШ 2014 жылы 700-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жанын қиған.
Қазіргі таңда шариғатты ұрандататын ұйымдардың шариғи үкімдерді өрескел бұзып жатқандығына әлемдік ақпарат құралдарының барлығы куә. Олардың ішінде діни пәтуа шығарудың талаптарын орындамау, адам өміріне қастандық жасау, заңсыз әскери жиһадты бастау, адамдарды дінге күштеп тарту, құлдық тапты қайта қалпына келтіру, әйелдер мен балалардың құқығын таптау және т.с.с. көптеген оқиғалар бар.
Дін – өте нәзік мәселе. Өйткені діни көзқарастарды бұрмалау қиын емес, ал қате сенім адамның тұлғалық құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін. Діннің моральдық қағидаттарын дұрыс түсінбеген адамдардың қате түсініктерді байқаусыз сенім ретінде қабылдауы жиі кездесетін жайт. Соның салдарынан адам да, қоғам да қайғылы жағдайларға тап болуы ықтимал. Сондықтан әрбір азамат өзінің жеке және қоғамдық өмірінде дін және сенім мәселелеріне ден қоя әрекет жасауы қажет.
Діннің әлеуетін пайдаланған жат ағымдардың өкілдері радикалды идеология шырғалаңына түскен адепттерді ең алдымен бұрмаланған діни-моральдық идеялармен арбайды. Мұндай ұйымдарға қосылған адамның санасын өзгерту үшін ең алдымен оны сыншыл ойлану қабілетінен айыруға әрекеттенеді. Ал сыншыл ойланудан қалған адам кез келген радикалды идеяны оңай қабылдайды.
Әлемдік және дәстүрлі діндердің барлығы пайдалы және зиянды істердің аражігін ажыратып, жақсысына жақын, жаманынан алшақ болуға үндейді. Мұның мысалын исламдағы «амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» (ізгілікке шақыру, жамандықтан тыю) қағидатынан көруге болады. Құранда адам баласына игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын аяттардың мазмұны осыны айғақтайды. Шынайы діндар адам мінез-құлқын, адамгершілік қасиеттерін үнемі дамытуы, көркейтуі қажет.
Ізгілікке шақыру қағидатын күнделікті өмірінде пайдаланатын адам өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіретін белсенді азаматтық ұстанымдағы тұлға болып табылады. Дінде сауапты істерге – бауырмалшылдық, отбасы мен туыстарына көмек беру, мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету, т.б. көптеген құндылықтар жатады. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың басты мақсаты – өркениетті қоғам мен кемел адамды қалыптастыру.
Осыған орай Құрандағы: «Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар» («Әлі Имран» сүресі, 104-аят) деген аят пен Мұхаммед пайғамбардың: «Әр адам қандай да бір жамандықты көрсе, оны қолымен тоқтатуы керек. Оған шамасы келмесе, сөзбен тыюы қажет. Ал егер оған да шамасы жетпесе, жүрегімен қабылдамауы тиіс» деген хадисі осы қағидаттың шынайы мағынасын аша түседі.
Алайда қазіргі таңда шетін көзқарастағы ағым өкілдері аталмыш діни қағидаттарды өз түсініктеріне сай бұрмалап, Құран аяттары мен хадистердің үзінділерімен діни-саяси идеяларын дәйектеуде. Радикалды топтардың идеологтары қасиетті мәтіндердің үзінділерін айғақ ретінде келтіре отырып, діни төзімділікті жоюға, әрі діни негізде отбасылық қатынастарды үзуге үндейтін идеяларды насихаттауда.
Осыған орай олар ізгілікке шақыру қағидатын шетін көзқарасты тарату үшін қолданып, жамандықтан тыю ұстанымын адамды туған-туыстары мен қоршаған ортасынан, ұлттық және діни санасынан, ұлттық-рухани құндылықтардан оқшаулау үшін пайдалануда. Экстремистер исламдағы мінез-құлық пен тәрбиеге қатысты айтылған жамандықтан тыю қағидатын өздері «әділетсіз» деп таныған үкіметті, заңдарды, мемлекетті құлату үшін идеяның қуатты діни дәйегі ретінде бұрмалап қолданып келеді.
Мысалы, жат ағымның өкілдері Мұхаммед пайғамбардың жоғарыда келтірілген хадисін бұрыс мазмұнмен түсіндіруі мүмкін. Радикалды идеолог қатардағы адепттерге отбасы мүшелерін, қоғамды немесе мемлекетті құбыжық етіп көрсетіп, бұл «зұлымдықты» көрген сәтте тоқтату идеясын санасына құяды. Олардың пікірінше, ең алдымен оны қолымен түзетуге, оған шамасы жетпесе, сөзімен үндеуге бұйырады. Ал оған да көнбесе, аталмыш «адасқан қоғамды» жүрегімен жек көріп, олармен қатынасын үзуге шақырады. Мұның салдарынан дінді қате түсінген адам жат ағымның жетегіне соқыр сеніммен еріп, өз жамағаты үшін отқа да түсуге дайын тұрады.
Теріс пиғылды діни идеологтардың адам санасына психологиялық әсер етудің сан қилы айла-тәсілдері бар. Оған мысал ретінде исламдағы «әл-уалә уәл-бараа» (достық және қатыссыздық) қағидатын келтірсек болады. Бұл қағидат бойынша діндар адам Жаратушысы жақсы деп танығандарды жақын, дос тұтып, ал жаман деп танылғандарға жоламауы қажет. Алайда радикалды ағымдар аталмыш қағидаттың мән-мазмұнын бұрмалап, оны өзіндік мағынасымен сенімдерінің ажырамас тірегі етіп қабылдаған. Мұндағы «достық» түсінігі Жаратушыға, Оның елшісіне, сондай-ақ барлық «таза дінді» ұстанғандарды дос тұту деген мағынаны береді. Ал «қатыссыздықтың» мағынасы – күпірлік еткендерді, көпқұдайшыларды, екіжүзділер мен бидғатшыларды, шариғатты ұстанбағандарды жек көру, олармен дұшпандық қатынастарда болу. Яғни радикалдар өздерінің діни сенімі мен көзқарастарын қабылдамағандармен барлық достық қатынастарды үзіп, оларға қарсы қолмен, тілмен және жүрекпен күрес жүргізу қажет деп түсінеді.
Шетін көзқарасты ағымдар «ат-таухид әл-хакимия» қағидатын ұстанады. Бұл қағидат бойынша барлық үкімдер тек Жаратушы тарапынан қабылданады. Ал егер үкім Алла түсірген заңмен шығарылмаса, олардың сенімі бойынша бұл күпірлік деп саналады. Сондықтан зайырлы немесе шариғаттан басқа заңнамалар негізінде өмір сүріп жатқан елдер радикалдар үшін «дар-уль-харб», яғни исламды қабылдамаған, әрі исламның таралуына қарсы тұрған мемлекет деп бағаланады.
Бүгінде мұндай пікірлерді әсіресе ғаламтор желісінде белсенді насихаттайтын тәкфіршіл ағымдардың бірі – ДАИШ террористік ұйымы. Бұл ұйымның насихаттап жүрген идеялары исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы. Сондықтан бұл террористік ұйымның діни-насихат жұмыстарына барлық ресурстарды пайдалана отырып, тосқауыл қою еліміз үшін аса маңызды.
Адам үшін кез келген сенім жүйесін саналы түрде ақылмен ұстану маңызды. Дінді ұстанушы әрбір тұлға өзінің неге сенетінін, не үшін сенетінін және қалай сенетінін айқын түсініп алуы керек. Әр адам шынайы сенген құндылықтарын өз бойына сіңіруі қажет. Осы орайда әркім өмірдегі өз таңдауын өзі жасайтындықтан, мұндай маңызды қадамды саналы іске асыру қажеттігін ескергені жөн.
Ислам діні әр уақытта білім алуға, білмегенді білімдіден сұрауға шақырады. Мұны Құранның: «Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («ән-Наһл» сүресі, 43-аят) деген аяты дәйектей түседі. Адам баласы әрдайым өмірдің түрлі саласында ілім алуға, білімін жетілдіруге, біліктілігін дамытуға мұқтаж. Сол үшін адам үнемі ізденісте жүріп, өзгелердің пікірлерін ақылға салып саралауды үйренуі керек. Білмегенін білетіндерден сұрап, білім жарығына ұмтылуы қажет. Бұл оның ой-өрісін кеңейтіп, зерделеп ойлау қабілетін қалыптастырады. Қажетті өмірлік тәжірибе жинау және жан-жақты ілім игеру адамды толыққанды тұлға ретінде қалыптасуға жетелеп, оны жалған діни ағымдардың ықпалынан сақтай алады.
Дін білімді адамның қолында аса қуатты идеялық, мәдени, саяси ықпал ету құралы болса, оны теріс пиғылмен пайдаланатын күштер ынтымақ шаңырағында ұйып отырған тұтас бір қоғамды ыдыратып жіберуге қауқары жетуі мүмкін. Сондықтан ұстанатын діни сеніміне көңіл аудармайтын ел ауызбіршілігі мен тұтастығынан, ал діндар адам рухани тірегі мен іргетасынан айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан дінмен ойнауға болмайды – от шығады.
М.Муслимов, ҚР МСМ Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері
Abai.kz