САЙЛАУБЕК «А-A-A-A» ДЕДІ...
– Мына заман – қай заман?
– Қалталыға сай заман, қалтасызға «қой» заман! Есерлерге «ер» заман, кесірлерге «кел» заман...
Ойдан қашқан, қырдан қашқан әнші де, биші де, анау да, мынау да паналайтын, жағдайын жасап, қоржынын жаңалайтын, туғанын теуіп, тумасын алалайтын, жаманды алып, жақсыны қаралайтын елге айналып бара жатқандаймыз. Құлақ естуден қалып, көз көрмеуге айналған. Бадырайған қатені көрсек те, көрмегендей сыңай танытамыз. Түсініксіз сөзді естісек те, дұрыс сынды бас изейміз. Тіпті кепеш киген мәңгүрттей «бай» дегеннің балағынан ұстап, «жүр» дегенге жүгіріп, «күл» дегенге күлімсіреп кете береміз. Өзіміздің басымыз жоқтай, әркімнің айтқанына еріп, айдауына көніп жүрген жайымыз бар. Талғамның да талқандалғанына таң қаламын-ау?!..
Сайлаубек демекші, Сәкең – ғаламтордың гүлі, Қазақстанның нұрына айналды. Ақпарат құралдары Сәкеңсіз таңын атырып, күнін батырмайды. Сондағы берер ақпараты – Сайлаубек аузын ашты: «а – а – а» деді, бетін басты: «б – б –б» деді. Сапасы сынауға да келмейтін ақпаратты айқайлатып беру бізге не бермек? Кезінде әншілердің сөздерін сынайтын едік. Осы күні сол мінейтін сөз таппай қалдық. Тіпті ұйқасы келмесе де, сөзін жазыңдаршы дейтін күйге түстік. Киелі сахнаны қор қылып жүрген бұл азаматтың әні мен сәніне барша қауым дән ырза сынды. Соны жақсы көреді, жарнамалайды, әнін тыңдап, жаттап та алады. Бұл күнде мазағымыз аздай, мазаққа осы бір қазақ қосылды. Қынжыласың, налисың. Тепсе, темір үзетін атпал азаматтардың жосықсыз жөн айтып, жүгенсіз сөз сөйлегені көрмей қызартады. «Өзіне ұнаса, жүрсін, бәрі тегін күлсін» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Енді сапасы сынды көтере алмай жүрген әндердің сөзіне кезек берелік.
Бұл күнде Санда есімді сұлу қыздың әндері көпшіліктің көңілінен шығып жүргендей. «Асқақ арманым» деп аталатын әніндегі «Асқар тауым да сен, арайланып атқан ақ тауым да сен» деген жолдарды түсіну қиындау. Күн батса, арайланып таң ататын еді. Бәлкім, бұл күндері арайланып ақ тау ататын шығар. Әнді орындаушы сөзден жаңылысқаны айтпай-ақ түсінікті. Дегенмен, «давлениеңді» көтеретін сөздер осылай орындаушының олқылығынан дендеп барады. «Айта берсін» деп қоғамды құлағына ілмейтін Жанар есімді бойжеткен бірсарынды темптен жалықпай, айта береді. Бірі білсе, бірі білмес «Бауырлар» деген аты қисынға келетін топ бар екен. Аты мәнді болғанымен, заты қандай болмақ? Бұл бауырлардың жуырда «Қапамын» деген әні шыққан болатын. Бір қыз үшін қапа болған, бауырлар, алдағы уақытта «Жапамын» деген әніңіз шығып қалмасын. Бұл бауырлардың тізімін әрі қарай Саяна Жолдас жалғамақ. Әнді басынан аяқ тыңдасаңыз, «сендегі, мендегі, өзің, маған, саған» дегенімен қоса «чики-чики дамы» қалмайды. Өзіміз құлағымыз тұнып қалған чип-чиптен енді ғана арылып келе жатыр едік. Бұл әншіміз қайта бастады. Талғамсыз ән, тынымсыз әнші осылайша мәдениетті жандандыра бермек. Бірақ алдағы уақытта мұндай сарыннан қазақ ән әлемі жаңылмайды-ау.
Қазақ ұлтына жат қылыққа жаны жадырайтын бүгінгі ұрпақ нені болса да, кімді болса да құптауға әзір. Санаға сыйымсыз әрекетке еріп, құлаққа жағымсыз әуендерге әурелене ереді. Әсіресе, қазіргі жастар ата-бабасынан қалған ұлттық дүниені танымақ түгілі, тыңдағысы да келмейтін сияқты...
Мөлдір Қасымова
Abai.kz