Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 6210 0 пікір 10 Ақпан, 2016 сағат 18:59

РЕСЕЙЛІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ КРЕМЛЬ САЯСАТЫНЫҢ САЛҚЫНЫ БАР...

Күнделікті өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған әлеуметтік желілердегі оң және теріс құбылыстар жөнінде авторларымыздың бірі арнайы жазып еді. Сол орайда, қоғамдық тұлғалардың да пікірін білген едік.

Төменде Әміржан Қосанов мырзаның пікірін жариялап отырмыз.

 

Әміржан Қосанов, саясаткер:

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді атам қазақ. Бейнелеп айтсақ, қазіргі заман - қолында смартфоны, үстелінде ноутбугы, сөмкесінде планшеті бар... түлкі. Сондықтан тиісті құрал-жабдығы жоқ, бес қаруы сай емес тазы ол түлкіні ешқашан да шала алмайды.

Әлеуметтік желі алдымен адамаралық байланыстың жаңа, заманға сәйкес технологияларға негізделген құрал боп қалыптасты. Екеуара әңгіме, жекебастық тақырыптар, тұрмыстық деңгейдегі талқылаулар дегендей. Уақыт өте, әлеуметтік желілердің қоғамдық мән-мазмұны мен маңызы арта түсті. Сол тенденцияны мойындаған биліктің өзі қазір ғаламтордағы жеке парақшалардың өзін «БАҚ» деп бағалауға мәжбүр болды. Әлеуметтік желінің өзінің ішкі классификациясы бар. Мәселен, ресейлік Майл.ру, В контакте, Одноклассники секілді ресурстары біздің елге ертерек келіп, әп-сәтте төрге озып кетті. Бір байқағаным, олар жастар арасында ерекше танымал да сұранысқа ие. Бірақ та олар мазмұндық жағынан сол баяғы примитивті деңгейде қалған сияқты. Сонымен бірге, Кремльдің қазіргі аннексиялық саясатының салқыны ол ресурстарда ап-анық сезіледі. Ол да қалыптаса қоймаған жастардың өмірді танып, азаматтық позициясын қалыптастыруына теріс, «ваталық» әсерін тигізіп жатыр. Ал Фейсбук, Твиттер секілді батыстық ресурстар елге кешірек келсе де, тез арада тарап кетті. Ресейлік желілерден олардың ерекшелігі зор: Фейсбук пен Твиттер адамаралық қатынастармен қатар қоғамдық жүкті арқалап келеді. Яғни, бұл екеуінде елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани мәселелер қызу талқыланып жатады. Олар сонысымен қызықты әрі құнды! Бұл желілердің, осындағы қоғамдық пікірдің өз лидерлері бар. Кейде олардың желідегі достары мен оқырмандарының саны ортаңқол бір газеттің таралымынан асып кетіп жатады. Әрине, оларға жазылған барша адам бір адамдай посттарды оқиды, қолдайды деген сөз емес. Бірақ статистиканың аты – статистика... Әлеуметтік желі сонымен бірге «троллинг» секілді құбылысты дүниеге келтірді. Оның өзі өз алдына бір әңгіме. Әлеуметтік желілер – орасан зор, бұрын-соңды боп көрмеген мүмкіндіткер ашуымен қатар сол желілерді пайдаланушыға дәл сондай жауапкершілік жүктейді. Өйткені, әлеуметтік желіде әр автор өзіне редактор әрі цензор. Өз басым сол желілерде ел Конституциясына, Тәуелсіздігіне, жер тұтастығына қарсы айтылар пікрлерді заңмен шекетуді қос қолымды көтеріп қолдаймын. Бірақ ол тыйымдар сөз бостандығына, елде болып жатқан оң және теріс оқиғаларға тәуелсіз, заң аясында ой білдіру құқын жоққа шығармауы тиіс!

Abai.kz

0 пікір