Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7314 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 15:48

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МІНДЕТТІ ТҮРДЕ СЕРТИФИКАТТАУ ҚАЖЕТ

«Денсаулық сақтау» ұлттық палатасы еліміздегі дәрігерлердің білімін бағалау жұмыстарын негіздер бойынша жүргізу заңды деп санайды. Бұл туралы журналистерге Палатаның басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор  Қадыр  Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша,     Қа­зақстанда медицина қыз­меткер­ле­рінің  міндетті түрде сер­тифи­кат алу қажеттігі «Халық ден­сау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте белгіленген. Сонымен қатар сала ма­ман­дарының білімін және білігін бағалаудың тәуелсіз жүйесін қалыптастыру мәселесі 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­саулық» бағдарламасында да қарас­ты­рылған. 
- Дәрігер қауымының өз біліктілігін тәуелсіз ұйымдарда растауы бүкіл әлемде қалып­тас­қан тәжірибе. Бірақ оның тәртібі, төленетін ақы­сы да, әлбетте әр елде өзгеше. Шетел­дердің көбісінде бұл қыз­мет түріне лицен­зия беріледі. Бұл үшін ақыны сол дәрі­гер­лердің кәсіби қауым­дастықтары төлейді. Есесіне, дәрігер осындай қауымдастыққа мүше болуы міндетті және ол үшін жүйелі түрде жарна төлеп тұрады. Егер маман заң­ға томпақ әрекетке барса, болмаса өрескел қате жіберсе, онда оның әрекеті үшін сол қауым­дастық та жауап береді әрі мұндай дәрігер клиникалық тәжірибемен айна­лысу құқынан мүлде айырылуы мүмкін. Жал­пы, клиникалық тәжірибемен айна­лысу үшін шетелдерде де маман көптеген дайындық сатысынан өтіп, тәжірибе жи­нап, біліктілігін дәлелдеуі тиіс. Сонда ғана адам емдеу құқына қол жеткізе алады.  

Шетелдік тәжірибе туралы айта келе, Қадыр Омаров АҚШ-та бұл шамамен 3-4 мың дол­лар, Канадада бірінші кезең – 980 – 1470 доллар шамасында; екінші кезең – 2350 – 3525 доллар шамасында екенін жеткізді.

- Қазақстанда дәрігер сертифика­тын бес жылда бір жаңартуы тиіс. Ақысы 3 мың теңгеге жуық. Шетелде сертифи­каттау, категория беру деген ұғым жоқ. Онда дәрігерлер лицензия бойынша жұмыс істейді. Бірақ көріп отырғандары­ңыздай, лицензия алу тәртібі де әлдеқайда қатаң, оған ие болу үшін тапсырылатын емтихан ақысы бізден жүздеген, мыңдаған есе қым­бат. Елімізде биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін медицина маман­дарының жұмысын дифференциалды бағалау жүйесі енгізіліп, бірте-бірте бізде де лицензиялау болатынына сенімдімін. Бұл мәселе тиісті мемлекеттік бағдарла­маларда да көрініс тапқан. Ал әзірге меди­циналық сала қызметкерлерін білі­мін жүйелі жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыру үшін кеңестік кезеңнен қалған категория ұғымы әлі сақталып келеді. Оны алу-алмау мәселе­сін әр дәрігер өз еркімен шешеді,- дейді Денсаулық сақтау ұлттық палатасының жетекшісі.

Қазіргі таңда Қазақстанда медициналық қызметкерлерге үш категория тағайындалады.   Екінші, бірінші және жоғары. Категорияға өтуге мүдделі маман білігін растау үшін емтихан тапсырады. Оның теориялық білімі және тәжірибелік дағдылары тексеріліп, тиісті бағасы жазыл­ған куәлік беріледі. Осы куәлік бойынша ол қосымша құжаттарын тапсырып, құзыр­лы мемлекеттік орган­нан категориясын алады. Категория үшін шамамен 11 мың теңгеден 26 мың теңгеге дейін ай сайынғы жалақысына үстеме төленеді. Категория алу-алмау мәселесін маман өз ықтиярымен шешеді.

Денсаулық сақтау ұлттық палатасының есебіне сүйенсек, бес жыл ішін­де категория алған мамандардың жалақысына шамакмен  690 мыңнан 1,5 млн тең­геге дейін үстемақы қосылады екен.  Ал  ба­ғалаушы ұйымның қыз­метіне төленетін пұл 5 жыл ішінде маман­ның үстемақы ре­тінде алатын та­бы­сы­ның 1,7 пайызын құрайды. 

Қазақстанда медициналық мамандар білімін бағалау былтырғы жылдан бастап бәсекелік ортаға шығарылған болатын. Әзірге мұндай бағалау жүргізуге ниет білдірген ұйымдардың арасында тек біреуі ғана тиісті аккредитациядан сәтті өткен. Ол Денсаулық сақтауды дамыту орталығы жанындағы Білім және дағдыларды бағалау орталығы. Былтыр бағалау шарасы Әлемдік Банк пен Қазақстан Үкіметінің бірлескен жобасы аясында қаржыландырып, тегін жүргізілген екен. Ал биылдан бастап емтихандарды ұйымдастыру шығындары орталықтың есебінен жабылатындықтан, шара ақылы негізге көшірілген.

Денсаулық сақтау палатасының өкілдері бұл өтемақының ұйымдастыру шығындарының құнынан аспайтынын анықтапты. Қадыр Омаровтың айтуынша, тиісті  құжаттарда емтихан ақысын тек қызметкер емес, жұмыс беруші немесе басқа да заңды қаражат көзінен төлеуге болатыны айтылған. Оның пікірінше,  бұл мәселеге жұмыс берушілерді тарту жағын қарастыру керек.

Хадиша Сержанова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404