Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 7548 0 пікір 30 Желтоқсан, 2015 сағат 12:19

БАЯН ЕСЕНТАЕВА ӨМІРІНДЕГІ ЕҢ СӘТСІЗ ЖАҢА ЖЫЛ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Эстрада жұлдыздары да қарапайым жандар. Олардың да қуаныштарымен қатар көңілге кірбің ұялатар сәтсіздіктері болады.  Жаңа жылды бірде тамаша қарсы алса,  бірде мереке жанарына жас ұялатады. BaiStars.kz Comode.kz-ке сілтеме жасап, отандық жұлдыздардың жаңа жыл туралы естеліктерін назарларыңызға ұсынады.

Баян Есентаева

Ең керемет жаңа жыл отбасымен бірге қарсы алған мереке. Әрине, жаңа жылда шетелге барып, жылы жақта қарсы алғанға не жетсін?! Сондықтан Жаңа жыл менің түсінігімде теңіз, жағажай және балмұздақ.

Ең сәтсіз жаңа жыл деп 90-жылдары болған мерекені айтуға болады. Қазір есімде емес, бірақ 1992-1993 жыл болуы керек, жаңа жылды мейрамханада қарсы алдым. Біз отырған үстел залдың ортасында орналасқан еді, біраз уақыттан соң, оң жағымыз бен сол жағымызда отырған адамдар бір-бірімен атыса бастады. Біреуі тапанша шығарса, екіншісі автомат кезенді. Мейрамхананың ішіндегі жиһаздың тас-талқаны шықты, терезенің бәрі шытынады. Сонда адамдардың сау қалғанына таң қалдым. Бұл менің өмірімдегі ең сәтсіз, қорқынышқа толы жаңа жыл болған еді.

Айқын Төлепберген

Ең керемет жаңа жыл мен үшін далада қалың қар жауғаны, аяз болғаны. Сондықтан, жаңажылдық мерекені солтүстікте қарсы алу керек деп ойлаймын. Мәселен, Бурабайда қарсы алған кеш ерекше есімде. Айналаң қалың қар, далада үскірік аяз, моншаға түсіп, денемізді қармен ысқылағанбыз. Міне, нағыз жаңа жыл деп осыны айт.

Ең сәтсіз жаңа жыл өмірімде болған емес. Әрине, жалықтыратын жаңажылдық мерекелер де орын алады. Бірақ, оны жаман деп айта алмаймын.

Ділнәз Ахмадиева


Әке-шешеңмен, бауырларыңмен қарсы алған кез-келген жаңа жылды ең керемет мерекелік кеш деп айтуға болады.

Ең сәтсіз жаңа жыл деп лифтіде тұрып қалған кезімді атауға болатын шығар. Қашан болғаны есімде емес, бірақ осындай жайт басымнан өткені рас.

Лидо

Әдетте жаңа жылды жақсы көңіл-күймен, жақын адамдардың арасында қарсы аламын. Бірақ, есте қалған ең керемет кештер балалық шақта болды. Ғажайыпқа сеніп, шыршаның түбінде сыйлық жататынын әбден біліп алғанбыз. Қайбір жылы інім екеуіміз шыршаның астынан төртбұрышты қораптарды тауып алдық. Ата-анамыз өз қолымен қағаздан қорап жасап, ішіне кәмпиттер салып қойыпты. Менің қорабымның ішінен коньки шықты. Қазір өзім де анамын, балаларымды сыйлықпен таң қалдырғанды ұнатамын.

Өмірімде сәтсіз болған жаңа жыл жоқ екен.

Әділ Лиян

Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Бірде жаңа жылды мен өзім жалғыз қарсы алдым. Қатты қалжырап шаршағаным соншалық, ештеңеге шамам келмеді. Сол жылы Hit TV телеарнасын ашып, хабарға жүргізушілер жинадық, жаңа бағдарламалар ашып, көп еңбек еттік. Әбден шаршап, жаңа жылды мүлдем тойламауға бел байлағаным әлі есімде. Сөйтіп, өзіме ас әзірлеп, диванға жайғасып, телефонымды өшірдім де, теледидарды қостым. Сол сәтте ешкімді көргім келмегені рас. Жалпы, әр жаңа жылды өзгеше етіп тойлауға тырысам.

Жаңа жылды сәтсіз деп айтуға келмейді. Әр жыл өз жаңалығымен есте қалады, адамдар оны асыға күтеді, жақсылыққа сенеді. Сондықтан жаңа жылдың бәрі жақсы.

Алуа Қонарова

Өмірімдегі ең керемет жаңа жылды Астанада Rin’Go тобымен қарсы алдым. Жаңа жылдың келуіне 5 минут қалғанда олар сахнада өнер көрсетіп бітті. Содан қолымызға бокал ала жүгіріп, бір-бірімізді асығыс құттықтадық та, сахнаға қайта оралдық. Неге екенін білмеймін, дәл осы жаңа жыл есімде жатталып қалыпты.

Ең сәтсіз жаңа жыл деп жалғыз өзім қарсы алған мерекені айтар едім. Ол кезде 22-23 жастағы бойжеткенмін. Анам құрбыларымен қарсы алуды ұйғарды, достарым шетелге ұшып кеткен, ал мен жұмыстың көптігінен үйде қалдым. Теледидарды қосып, тәттілерді сатып алдым да, өз-өзімді жаңа жылмен құттықтадым. Тіпті көңілім түсіп, жылап та алдым.

Рано Умарова

Ең керемет жаңажылдық мерекелер балалық шағымда өтті. Аяз ата бар екеніне қатты сенетінмін, ғажайыпқа сенетін едім. Бірде жаңа жыл қарсаңында жерге құлап, мұрнымды бұзып алдым. Сөйтіп, жаралы күйде мейрамды қарсы алдым, бірақ, сол кездің өз қызығы бар.

Нұржан Керменбаев

Ең керемет жаңа жыл Superstar KZ жобасынан кейін үйге барғаным еді. 2009 жылы дастархан басына отбасы мүшелері түгел жиналып, жаңа жылды қарсы алдық.

Ең сәтсіз жаңа жыл 2006 жылы Қарағандыға әпкеме барған cапарым. Ол Астанаға құрбыларына жол тартып кеткен екен. Үйде ешкім болған жоқ.

Луина

Мен үшін әр жаңа жыл керемет. Жаратқанға әр жылға аман-есен жеткеніме, туған-туыстарымның амандығына, сахнаға шығуға мүмкінідігім бар екеніне ризалығымды білдірем. Жаңа жылда жұмыс істегенді ұнатам және мереке кезінде сахнада ән айтып тұрғым келеді.

Сәтсіз жаңа жылым болған емес.

Кентал

Ең тамаша жаңа жыл деп әкемнің “Сега” ойынын сыйға тартқан кезін айтар едім. Ол жылдары ондай ойыншық ешкімде болған жоқ, арнайы клубқа барып 50 теңге төлеп ойнайтын едік. Әкем сыйлықты қолыма ұстатқанда, менен бақытты адам болмаған шығар.

Ең сәтсіз жаңа жыл деп өткен жылды айтар едім. Басымнан көп сынақ өтті, жағымсыз оқиғалар да болды.

Мөлдір Әуелбекова

Ең керемет жаңа жылды мектеп кезінде өткіздім. Ол шақта отбасымызбен, әкем, анам, әпкем, інім және мен дастархан басына жиналып, тілек айтатынбыз. Әдетте үйге көп адамдар келіп, мерекені бірге тойлайтынбыз. Бірақ, бір жылы үйге қонақтар келмей, тек өзіміз болдық. Әдемі киініп, маска киіп, әбден көңіл көтердік.

Менің өмірімде сәтсіз жаңа жыл болған емес.

Abai.kz         

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318