Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 5544 0 пікір 29 Желтоқсан, 2015 сағат 10:00

МҰСЫЛМАНДАР РАДИКАЛИЗММЕН КҮРЕСУІ ТИІС

Фетхуллаһ Гүлен әлемге әйгілі француз басылымы «Лэ Монде» газетінде жариялаған мақаласында экстремизм және лаңкестікпен күресу мәселесінде халықаралық қауымдастық пен мұсылмандарға маңызды мәлімдеме жасады. Исламның атын жамылып жасалып жатқан лаңкестік әрекеттердің мұсылмандарды бөтен көрсетіп жатқаны әрі ислам жайлы теріс пікір қалыптастыруды тереңдете түсетінін ескерткен Гүлен терроризмнің діннен емес екендігін атап өтті.

Фетхуллаһ Гүлен бүгін «Лэ Монде» газетінде жариялаған мақаласында: «Біз мұсылман ретінде өз проблемамызды шешуімізге жол бермеген айлакерлікпен жасалған теорияларға жүгінбей, өзімізге есеп беруіміз керек. Бойымыздағы озбырлыққа бейімдік, күш көрсету, қоғамда жастардың елеусіз, ескерусіз қалуы және білім беру жүйесінде тепе-теңдіктің жойылуы секілді себептерге байланысты қоғамымыз тоталитарлы санадағы топтардың өздеріне адам тартуына жол беретіндей күйге жетті ме?» — деді.

Еуропадағы мұсылмандардың экстремистік ағымдармен күрес мәселесінде екі есе белсенді болуы қажеттігін алға тартқан Гүлен: «Қандай қиын жағдайға қарамастан, мұсылмандар өз мемлекеттерімен тығыз байланыста болып, діндестерінің қоғаммен етене араласуына үлес қосуы тиіс», — деді. 

Фетхуллаһ Гүленнің Париждегі лаңкестік әрекетке байланысты «Лэ Монде» газетінде жариялаған «Мұсылмандар, сенім-түсінігімізге сыни тұрғыдан талдау жасайық» атты мақаласының толық нұсқасы мынау: 

 

ШЫНАЙЫ ИМАНдылық КӨрінісі — АДАМ ӨМІРІН ҚОРҒАУдА 

 

ИШИМ мен сол секілді террористік ұйымдардың жантүршіктірерлік әрекеттерінен қалай шошын-ғандығымды айтуға тілім барар емес. Бұл топтардың лаңкестік әрекеттерін жүзеге асыру барысында өздерінің адасқан идеологияларын діннің атын жамылып жасаулары бір жарым миллиард мұсылмандармен қоса мені де қатты қынжылтады. Мұсылман ретінде біздің міндетіміз,  бір жағынан, адамзатты бұл терроризм деген зұлматтан құтқару үшін баршамен иық тірестіріп бірге жұмыс жасау, екінші жағынан, дініміздің пәк келбетіне жағылған қара күйені кетіруге тырысу.

Шынайы иманның өлшемі жалаң ұрандар немесе сыртқы кескін-келбетте емес, барлық әлемдік діндердің негізгі өзегі адам өмірін қорғау және әрбір адамды құрмет тұту секілді ұстанымдарға деген мұқияттылықта.

Мұсылмандар ретінде террористер жаюға тырысатын тоталитарлық идеологиядан үзілді-кесілді бас тартып, оның орнына бауырмал, көптүрлілікті байлық деп қабылдайтын түсінікті қолдауымыз керек. Біз үшін ұлтымыздан, дінімізден бұрын адамдығымыз бірінші орында тұрады және мұндай тағылық әрекеттердің кесірін негізінен адам руханияты тартады. Парижде ажал құшқан француз азаматтары, бір күн бұрын Бейрутта өмірі қиылған Ливанның шииттік мұсылмандары, Иракта да аталмыш лаңкестердің қолынан қаза тапқан сүнни мұсылмандардың барлығы ең алдымен адам. Жаны ауырған әрбір адамның жан жарасын жазуға ұмтылып, дініне де, ұлтына да қарамастан құрмет танытып, оның қайғысын жеңілдетуге тырыспайынша, өркениеттің алға жылжуы әсте мүмкін емес.

 

МҰСЫЛМАНДАР ҚУЛЫҚПЕН ЖАСАЛҒАН ТЕОРИЯЛАРДАН БАС ТАРТЫП, ӨЗДЕРІН ІШТЕЙ ЕСЕПКЕ ТАРТУЫ ТИІС

 

Біз мұсылман ретінде өз проблемамызды шешуімізге кедергі келтірген  айлакерлікпен жасалған теориялардан арылып, өзімізге былай есеп беруіміз керек: Арамызда орын алған зорлық-зомбылыққа деген бейімдік, күш көрсету, қоғамда жастардың елеусіз, ескерусіз қалуы әрі тепе-теңдікке құрылған білім беру жүйесінің кемшілікті болуы себептерімен елдеріміз тоталитарлы санадағы топтардың өздеріне адамын тартуына ыңғайлы күйге жетті ме? Негізгі адам құқықтары мен бостандықтарын, құқықтың артықшылығы мен баршаға бауырмалдығын қалыптастыра алмағандығымыз үшін кейбір қараусыз жандардың үмітсіздікке түсуі мен түрлі ізденістерге баруына жол бердік пе?

 

ТЕРРОРДЫ ЛАҒЫНЕТТЕУ ЖЕТКІЛІКСІЗ

 

Парижде орын алған соңғы қайғылы оқиға бізге мынаны тағы бір рет ұқтырды: дінмен байланысты етіп көрсетілген бұл қанқұйлы жарылысты дін ғалымдары да, қатардағы мұсылмандар да түбегейлі лағынеттеп, қаралауы керек. Алайда қазіргі  жағдайымызда мұны тек лағынеттеп қана қою жеткіліксіз. Мұсылман елдерде террористердің жас буынды қатарларына қосу әрекеттеріне қарсы мемлекеттік мекемелер, діни көшбасшылар мен азаматтық қоғам ұйымдары — баршасы бірігіп, парасатты түрде күрес жүргізу қажет. Террористердің жастарды өз қатарына тартуына жол ашатын бүкіл факторларды бақылап, қоғамды тұтас қамтитындай жобалар ұйымдастыру керек.

Қоғамымыздағы қараусыз жүрген жастарды ертерек анықтап, қауіп-қатерлерге ұшырауына жол бермей, отбасыларына кеңес әрі өзге де қызметтермен қолдау болатындай шараларын жүргізу керек. Өзіміз азаматы болып табылатын мемлекеттермен  достастықта болып, терроризммен күресу жөнінде жоспарлар жасалатын жиындарда пікірлерін айтуы керек. Жастарымызға демократиялық жолмен өз пікірлерін айта білуді үйретуіміз қажет. Мектептерде  ерте жастан демократиялық құндылықтардың үйретілуі келешек ұрпақтың санасының дұрыс қалыптасуында айтарлықтай маңызды.

Тарихта мұндай трагедиялардың соңын ала әсірекері реакциялар туындаған.  Мұсылманға қарсы, дінге қарсы айтылып жатқан сөздер, мемлекеттердің мұсылман азаматтарына бірыңғай қауіпсіздік тұрғысынан зиян тигізуі мүмкін. Еуропа мұсылмандары бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруді қалайды. Қиын жағдайларға қарамастан, мұсылман азаматтар өз мемлекеттерімен тығыз байланыста болып, жауапкершілік алып, діндестерінің қоғамға анағұрлым сіңуіне себеп болатындай бауырмал саясат жүргізуіне үлес қосуы тиіс. Осылай әрекет ету арқылы біз мұсылман ретінде исламдық түсінігіміз бен іс-тәжірибемізді заманымыздың талабына қарай  қайта көз жүгіртіп, өзімізге сынмен қарауымыз керек. Бұл ислами дәстүрден қол үзу емес, керісінше мүлт кеткен жерлеріміздің байыбына бару және оны дер кезінде түзетіп, сәләф-салихиндер секілді Құран мен сүннеттің рухын, өзегін қайта қолға алу деген сөз.

 

ДІНДЕГІ РАДИКАЛ ПІКІРЛЕРДІ АЛАСТАтУЫМЫЗ КЕРЕК

 

Діни дереккөздеріміздің әр жерінен үзіп-жұлып, негізінен бұрмалап, басқа мақсаттарға қолдану үшін жасалып жатқан пікірлерді тазартуымыз керек. Мұсылман ғалымдар, ойшылдар мен зиялылар діннің қайнарына біртұтас қарауға шақыруы керек. Өткен дәуірлерде саяси және діни ұстанымдардың арасындағы келіспеушіліктер мен үздіксіз жалғасқан қақтығыстар кезінде берілген үкімдерге қайта көз жүгірткеніміз дұрыс. Кейбір негізгі сенімдердің болуы догматизмге жатпайды. Мұсылмандарға кезінде ренесанс сыйлаған көзқарас еркіндігін діннің өзегіне адалдық таныта отырып қайта жандандыруға жол ашық, ол мүмкін әрі қажетті. Қаттылық пен қатыгездікке себеп болып отырған радикализм және терроризммен тек осындай жағдайда ғана тиісінше қарсы тұра аламыз. 

 

ӨРКЕНИЕТТЕР ЕМЕС, АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІ МЕН ВАРВАРЛЫҚ ӨЗАРА ҚАҚТЫҒЫСУДА

 

Өкінішке қарай, орын алған соңғы оқиғалардың ізін ала кей жерлерде «өркениетаралық қақтығыстар» теориясының қайта қозғалғанына  қатты қынжыламын. Бұны ең алғаш шығарғандар көрегендіктерінен бе, әлде алдағы жоспар ретінде алға тартты ма, біле алмадым. Бірақ мына жағдай анық, бүгін осындай нәрсе айту террористік ұйымдардың ғана мүддесіне жарайды. Мынаны нақты айтқым келеді: көз алдымызда болып жатқан оқиғалар бүкіл адамзаттық өркениет пен варварлықтың қақтығысы. 

 

ТЕРРОРИСТЕРМЕН КҮРЕСТЕ МҰСЫЛМАНДАР ШЕШІМНІҢ БІР БӨЛІГІН ҚҰРАУЫ ТИІС

 

Мұсылман ретінде біздің жауапкершілігіміз — қандай ауыр жағдайларға тап келсек те, шешім жолының бір бөлігін мойнымызға алуымыз керектігі. Мұсылмандардың құқығы мен бостандығын қорғау әрі сенімі қандай болса да барлық адамдардың татулық пен бейбітшілікте өмір сүруіне үлес қосқымыз келсе, саяси, экономикалық, әлеуметтік және діни қырларымен терроризм проблемаларына көңіл бөлуіміз керек. Жеке өмірімізде үлгілі жан болу арқылы діни көздердегі радикалды тұжырымдарды қабылдамай, жатсынып, бұл пікірлердің жастарға әсер етпеуін қадағалап, оларға демократиялық құндылықтарды ерте бастан үйретіп, терроризммен және соған бастайтын тоталитарлық идеологиялармен күресуіміз керек.

Тәржімалаған – Айдос Қарсабаев 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019