Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қырдағы әңгіме 6017 0 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 16:13

ТЕРРОРИСТЕРДІ ТҮРМЕДЕ ДАЙЫНДАП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?

Қазақстан түрмелерінде экстремизм, терроризм қылмыстары бойынша айыпталған 400-ге жуық қылмыскер жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жыл қорытындысы бойынша жасаған есебінде баяндалған. 

Діни басқарма маусым айынан бастап түзеу мекемелерінде радикалды көзқарастағы сотталушылар арасында түсіндіру, алдын алу жұмыстарын қолға алған.

«Қазіргі таңда елдегі түзеу мекемелерінде 400 адам лаңкестік, экстремистік әрекеттері үшін жазасын өтеуде. Олардың 150 шақтысы радикалды бағыттағы пікірлерінен айнымаған» делінеді діни басқарма таратқан хабарламада.

Осы бағытта сотталғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін имамдар кеңесі құрылып, олар 723 сотталған азаматпен жеке жұмыс істеген. Имамдар сондай-ақ, 6000-нан астам сотталушы қатысқан кездесулер өткізіп, дәстүрлі дініміздің негізгі құндылықтарын насихаттаған.

Сонымен қатар, діни басқарма таратқан хабарламада биыл радикалдық бағыт ұстанған 802 азаматтың дәстүрлі исламға оралғаны туралы айтылады.

Қош. Бұл діни басқарманың ресми мәлімдемесі ғана. Олар 6000-нан астам сотталушыны жинап алып, уағыз жүргізгенімен жат ағымның шырмауына түскен азаматтар айығып, дәстүрлі ислам дініне оралады деу ағаттық. Керісінше, экстремизм, терроризм қылмыстары бойынша айыпталған 400-ге жуық қылмыскер өзге де жазасын өтеушілердің таным-түсінігін өзгертіп жатқан жоқ па? Олардың уағызымен уланған қылмыскерлер бостандыққа шыққан соң, қоғамға қауіп төндірмей ме?

Түрмеге жөні түзу адам түсе бермейді. Ондағылардың дені қылмыс жасап, соның жазасын өтеп жатқандар. Мұндай адамдар ар алдында ақталу үшін намазға жығылып, Алланы тануға құлшынатыны бар. Олар ненің ақ, ненің қара екенін айырып болмайды. Осыны экстремист, террорист сотталушылар тиімді пайдаланып, өз мүдделестерінің санын арттырып жатуы әбден мүмкін. Сондықтан да абақтыдағы экстремисттердің өзін бақылауда ұстау керек. Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір