Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Рух 11721 1 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 15:08

КӨК БӨРІ БАБАҢ «БҮЙ» ДЕЙДІ...


Өткен жолы хайуанаттар бағына барғанда, тордың ішіндегі қасқырды көрдім. Адам қолынан ет жеп, өлексемен қоректенетіндіктен қасқырдың жүні түскен, түрінде бөріге тән тектілік байқалмайды. Тек, бар өрлігі көзінде қалған, от боп жанып тұр.

«Шіркін-ай, далада еркін жүрсем, өнерімді көрер едіңдер» дейтіндей. Маған өмір бойы арландай алысып өткен батырлар, торға қамалған ерлеріміз есіме түсті. Адамдарды көрген бөрі көкке қарап ұлып алды. Ар жағынан Көкбөрінің рухы тіл қатқандай болды. Көкбөрінің мұңы «Ууүұу-ууу-ууүұу-ууу... Мен, ер Түріктің, Қазақтың киесі Көкбөрімін. Сол ер Түріктің қара шаңырағын басқан Қазақтың киесі ретінде, менің орнымды Барыс алып қойды. Әрине, өкінішті. Дегенмен, бүгінгі таңда Қазақ еліне саяси жағдайды ескергенде, Барыстан басқа тотем керек емес. Себебі, батыстан аюдай ақырып орыс, шығыстан аждаһадай ысқырып қытай төніп тұр. Айдаладан тоғыз басты дәу Америка да қоқаңдап қояды. Ал, оларға қарсы тұратын қимылы әбжіл, не істеп не қойғанын да, басқан ізін де сездірмейтін барыстан басқа тотемді көрмей тұрмын. Ал, осы жағдайға жеткен Қазақтың өзі кінәлі. Бірін-бірі көре алмай, іштей қырқысып, ақырында сыртқы жауға жем болды. Елін, жерін қорғау үшін, мемлекетін өркендету үшін, ғылым-білімге ұмтылмады. Ауыл-үйдің арасында ет жеп, қымыз ішкенге мәз болып, өзара бақталасып, ағайын-бауырын, өзді-өзін жеңгенге қуанды. Ағайын, дос-туысына қол ұшын созудың орнына, талауға тастады.

Шіркі-і-ін, бөрілі байрақ көтеріп жорыққа шығатын, Мөде қаған, Еділ патша, Ер Түрік, Күлтегіндердің кезіндегі менің дәуірім туған заманды айтсаңшы... Жорыққа шыққанда әрдайым алдында жортып, жол көрсетіп отырушы едім. Оңтүстік пен солтүстікке де, батыс пен шығысқа да шабуыл жасадық, Күндіз отырмадық, түнде ұйықтамадық. Қорқауларды қырғанда, құмарым қанып алысушы едім. Біз біріккенде, бүгінгі цирк сахнасында мысықтай мияулайтын арыстан мен жолбарыстың өздері де інінен шықпайтын. Айқас үстінде шиебөрілерді бұйым құрлы көрмеуші едім. Біздің қиян-кескі ұрыстар әлемге теңдік орнату үшін жүргізілді және сол теңдікті орнатып едік. Шіркі-і-ін дүние-ай десеңші. Сондықтан болар, мені-көкбөріні, әлем халқы даланың тазалық санитары атаған. Әлемдегі гомосексуалдықты, аярлық, қулық-сұмдықты, әділетсіздікті жою үшін қаншама жорық жасадық, біз. Соның бәрінде, елі үшін туған ерлерге серік болып едім. Кешегі Шыңғыс ханның өзі де мойындап, менің айтқаныммен жүрді. Ормандағы жалаңбұт халық ері анасымен, қызымен бірге сайран салып, ойына келгенін істейтін бейбастақ жұртты да тәубасына түсіріп едік. Құрт-құмырсқа жейтін елді де, орнына қойып едік. Алтын орда хандары да менімен ақылдасып отыратын. Құлағу хан шектен шыққан соң ғана, оған қарсы өзімнің ұрпағым Бибарысты қолдадым. Араб еліндегі ұрпағыма, мамлюктерге 300 жыл көмек көрсеттім. Қазақтың ежелгі Тұран даласында, шеті-шегі жоқ сахарада қайыршы болмайтын. Адасып қалған адам кез-келген үйге құдайы қонақ болатын. Күтіп алмаса, ағайынның наласына қалатын, өз елінің биі жазалайтын еді ғой.

Түрік халықтары мұсылман дініне дейін де бір Аллаға, Көк Тәңіріне сыйынған еді. Даланың заңында екі сөйлеу болмайтын. Әйелі нәзік, ері мінезді болатын. Бүгінгідей дүниенің боқтығы үшін арын сатпайтын. Құдай берген адал ризыққа риза болатын. Кейде әділетсіздікті естігенде, көргенде шыдай алмай кетемін. Ел ішіндегі намысты ерлерге дем беріп қоямын. Бүкіл хандарға, батыр-билерге жолдас болдым. Қасым, Есім, Тәуекел, әз Тәуке Абылай хан, басқа да ел басқарған хандар бәрі де көкжалдар еді. Елдің басын қосты. Өздері қызу майданның ортасында жүрді. Мен, қазақтар 300 жылдай бодан болғанда, 400-дей көтерілісті ұйымдастыруға ұйытқы болдым. Кенесары мен Исатай-Махамбеттің, Сегіз сері, Оспан батырлардың қасында болдым. Үркіншілік кезінде, Гималайдың шың-құзын басып шүршіт асқан, Еуропаның қалаларына шашырай қашқан қазақтарға да жол көрсетіп отырдым. Ұлы Отан соғысында демеу көрсеттім. Желтоқсан мен Жаңаөзендегі жағдайға да мен ықпал жасадым. Тек, біздің ісімізге қорқаулар араласып, жазықсыз халықтың қаны төгілуіне әкеп соқтырды.

Тәуелсіздік күндерінде де, президентке де қолдау көрсеттім. Тоқтар мен Талғат, Айдын батырлар жүрегінің түгі болмаса, Ұмай текті ананың қасиеті болмаса, қазақтың атынан көкке жайдан-жай ұша салмас еді. Тек, Талғат, құлқынын тоқтата алмайтын, бақайын соратын аюдың тәрбиесінде болып, арландық қасиетінен айырылып қалды. Оны даладағы Көкбөрінің апанына апарып, бір аунатып алу керек. Кешегі Алаш арыстарына, Мұстафа Шоқай, Қажығұмар Шабданұлы, Ілияс Есенберлин, Жұмабек Тәшенев, Шаханов пен Мағауинге де, ел үшін, тіл, дін үшін шырылдап жүрген азаматтарға, Астанадағы протонды тоқтатуға қарсы ұйым құрған азаматтарға да мен рух бердім. Мен елді, жерді ұмытқан жоқпын. Атқамінерлер ептілікке ұмтылып, тектілікті ұмытып кетсе, олардың да есіне салып қоямын. Ел азаматтарына әрдайым қолдау көрсетіп келемін. Кейінгі елдің басында жүрген шенеуніктерден байқайтыным, не Барысқа тән, не Көкбөріге тән тектілік жоқ. Кейде, ел басқаратын азамат деуге де ұяласың. Тіпті, аң екеш, аңның өзі олардан сырт айналады. Қорқаулығы жария болғандары шетелге қашып жатыр. Ел азаматтары шамалы көкжалдық көрсетсе, қорқауларға ұнамай қалады.

Әтте-е-ең... Арон Атабек, Саят Ыбырай, Серік Ахметов, Бауыржан Әбдішев қаншама арыстар арландығынан абақтыда отыр. И.Тасмағамбетов, Қ.Көшербаев, Б.Сапарбаев, Е.Карин, Б.Бәйбек, Б.Әбдіғали, А.Мырзахметов, Е.Арын сияқты ерлерде бөріге тән тектілік бар. Оларды алдағы уақытта да, Елбасы қасына алып, халыққа дұрыс жол көрсетіп, мемлекетті тығырықтан алып шығады деп сенемін. Президент Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаймыз дегенде, кең далаға сыймай кеттім. Қазақтың көкжал хандарын еске алған топырағы қасиетті өңірлердегі салтанатты мерекелерде айнала жортып жүрдім. Ал, бүгінде, бөріліктен айрылып, бақайын соратын аюдың соңына ергеннің кесірінен дағдарысқа тап болдық. Көкжалдығынан, ұлттық қасиетінен ажырамаған Түркі халықтары қандай қиындықты да еңсеріп, тапжылмай алға басып келеді. Қорқауларды биліктен ығыстырып, ұлтым деген азаматтар ел басына келмей, жемқорлық жалғаса береді. Өзіңнен тумай ұл болмайды. Идеология, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, экономика, мәдениет негізгі салаларды ұлттық рухпен суарылған, биік парасатты сіңірген, шынайы патриоттар басқару тиіс. Өздеріңе бөтеннің емес, тек өздеріңнің ғана жаның ашиды. Мемлекетті тек, елін сүйген азаматтар ғана аман сақтап, жарқын жолға жетелейді.

Көресіңдер, қазақтың рухы оянады. Көкбөрілеп атқа қонатын күн туады, әлі. Сол кезде, бүгінгі халықтың бар байлығын шашып, ойына келгенін істеп жүргендерді тәубасына түсіреміз. Көкбөрі рухы Қазақтың кеудесіне қонған күні ұлттың тіліне, дініне, салт-дәстүріне, ұлттық-мемлекеттік бірлігіне нұқсан келтіретіндер індеріне өздері-ақ, тығылып қалады. Мен қайтып келемін. Ол күн де алыс емес. Қазақтың, ер Түріктің бабасын Ұмай текті Көкбөрі емізіп, тәрбиелеген. Асыл қасиетті жоғалтпаңдар, тектілікті сақтаңдар». Тордағы қасқыр көкке қарап ұлығанда, Көкбөрі рухымен тілдескендей болдым.

Жаңабек Наров

Abai.kz 

1 пікір