Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 7850 0 пікір 18 Шілде, 2017 сағат 11:32

ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТЫНЫҢ БІЗ БІЛМЕЙТІН ЕРЛІГІ


Бүгінде төрткүл дүниенің елеулі бөлігіндегі бірқатар елдер қоғамдық терең дағдарыстардың, ішкі қайшылықтардың, оның үстіне сыртқы күштердің жосықсыз араласуы салдарынан бітіспес әлеуметтік текетіреске тап болып, оның ақыры азаматтық соғыс өртіне ұласып, бейбіт адамдардың қисапсыз қайғы-қасірет, арылмас азап шегіп отырғандығына куә болудамыз.

Әсіресе, біздің жұртымызға жат емес мұсылман, араб әлеміндегі жалпы ахуалдың тұрақсыздануы, миллиондаған адамдардың туған жерлерін тастап шығуға мәжбүр болып, бүкіл әулетімен босқын атанып, жер шарының өзге құрылықтарынан пана іздеуі, соның салдарынан туындап жатқан қат-қабат ауқымды мәселелер әлем жұртшылығын шынымен алаңдата бастады.  

Жаһандық көлемге ұласқан мұндай күрделі жағдайда халықаралық мәртебелі ұйымдардың, жекелеген ықпалды мемлекеттер басшылығының, айналып келгенде, дипломатиялық майдан өкілдерінің алдыңғы қатарға шығып, қалыптасқан қиын күрмеуді шешу жолдарын іздеуі, мәмілегерлік бітімдер жасасу арқылы ортақ ымыраға жету міндеті күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Біздің дана халқымыздың «Елу жылда – ел жаңа» дейтін пәлсапалық тұжырымына сүйенсек, бүгінде Азия мен Африканың, Таяу Шығыстағы араб елдерінің тарихында бұдан елу-алпыс жылдар бұрынғы болып өткен саяси оқиғалардан кейінгі сатылай даму жолында кезекті түбегейлі өзгерістер өріс алғандығына көз жеткіземіз.

Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары аталған аймақтағы елдерде ескі жүйе мен реформашыл жаңа күштердің арасындағы ымырасыз күрес, ұлт-азаттық көтерілістер шеруі, нәтижесінде әлем картасында жаңа мемлекеттердің пайда болуымен тарихқа енгені мәлім. Әлбетте, бүтіндей бір халықтардың тағдырын анықтаған күретамырлы бетбұрыстардың, соның ішінде әлемдік ірі күштердің мүдделер қайшылығы тоғысқан алаңы, әрқилы әлеуметтік топтағы жергілікті ұлттар мен ұлыстардың өзара қарулы шайқасының барлығы да орасан қантөгіспен, құрбандықтармен қатар жүретіні белгілі.

Солардың қатарында Иемендегі монархистер мен республикашылдар арасындағы қақтығыстың ауқымы зор, қарқыны қатаң болған еді. Тағдыр-талайы шиеленіске толы бұл елде 1962 жылы жүзеге асырылған төңкерістен соң билікке республикашыл күштер келіп Иемен Араб Республикасы жарияланды. Алайда бұрынғы режимнің ықпалды жақтастары, ірі тайпа басшылары жаңа биліккке қарсы күресін тоқтатпай, елде азаматтық соғыс басталып кетеді. Бұл кезде Иеменнің оңтүстік аудандары әлі де британиялық колонияның қарамағында болатын. Солтүстіктегі республикашылдардың және Мысырдың қолдауымен қанат жайған Халық майданы ұйымы британ әскерлеріне қарсы азаттық күресін күшейтеді. Ол кезде екі лагерге бөлінген әлемдік қоғамдастық өзара мүдделерінің бітіспес қақтығысына байланысты, Иемендегі саяси оқиғалар барысына қызу араласқаны, әсіресе социалистік ағымды жақтаушы Кеңес Одағы мен бұған түбегейлі қарсы Батыс арасындағы бәсекелестік Мысыр мен Иемен төңірегінде барынша шиыршық атқан.

Колонияға қарсы ұзаққа созылған күрестің аяғында 1967 жылы 30 қарашада астанасы Аден қаласында Оңтүстік Иемен Халық Республикасы жарияланады. Үш жылдан кейін тура осы күні оның атауы Иемен Халық Демократиялық Республикасы болып өзгерген. Ақыры, бүгінгі күнге дейін ішкі қайшылықтардан арыла қоймаған Иемен Республикасы бұрынғы 1990 жылы Солтүстік пен Оңтүстік екі республиканың қосылуынан кейін құрылғаны мәлім.

Мінеки, дәл сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Иемендегі Совет Одағының елшілігінде қазақ елінен шыққан дипломат Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев екінші хатшы лауазымында қызмет атқаратын.

Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде жауапты жоғары лауазымдарға, әсіресе халықаралық қатынастар сынды күрделі маңызды салалардан ұлттық республикалар өкілдерін  барынша шеттетіп, мүмкіндігінше шектеп, олардың ішінен тек қана айрықша көзге түскен  аса білімді, жігерлі, тұғырлы азаматтарды ғана іріктеп алғандығы белгілі. Бұл орайда біздің есімізге ең алдымен Сауд Арабиясындағы Елші Нәзір Төреқұлов, Моңғолияға арнайы миссиямен жіберілген Тұрар Рысқұлов сынды Алаш қайраткерлерінің ардақты есімдері оралар еді. Міне, олардың ізін басқан мұрагерлерінің арасынан Самат Сүндетбаевтың есімін мақтанышпен айтуымыз лазым. Шынын айту керек, осы салаға қатысы бар алдыңғы буын өкілдері болмаса, қазіргі орта және жас құрамдағы  кадрлер Самат ағамыз туралы біле бермеуі әбден мүмкін.

Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев туралы алғашқы деректерді қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында, еліміздің Сыртқы істер министрі болған, бүгінгі отандық дипломатиямыздың көрнекті өкілі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов «Вечерняя Алма-Ата» газетінің 1987 жылғы 8 желтоқсандағы санында жарияланған «Долг выполнил до конца» атты мақаласында нақты  мәліметтерді алға тарта отырып, қайраткердің өмірі мен еңбек жолы жайында тиянақты баяндайды.  Бір саланың мамандары ретінде аға ұрпақ өкіліне айрықша құрмет білдіру, өз борышын  атқару үстінде дұшпан қолынан қапыда қазақ тапқан қазақ дипломатының ерлігіне тағзым ету мазмұнында жазылған осынау жүрекжарды баянға сүйене отырып, келесі деректерге  көзіміз жетер еді.

«Мәскеудің Смоленская-Сенная алаңындағы мұнаралары көкке өрмелеген ұстынды ғимарат – Кеңестер Одағының (қазіргі уақытта Ресей Федерациясының) Сыртқы істер министрлігінің орталық кеңсесі. Салмақты есіктерінен ішкері енген соң, мрамормен әрленген кең вестибюльге тап боласың. Залдың ортасында тұрған мрамор тастағы алтын әріптермен жазылған «Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан  совет дипломаттарына, КСРО Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне мәңгілік естелік» деген сөздерді оқығанда, бойыңды ерекше тебіреніс билейді. Одан кейі адам аттары: «Жемчужина Б.А. – 1918 ж.,... Воровский В.В. - 1923...». Осындай елеулі азаматтардың қатарында «Яковлев В.А. - 1967, Сундетбаев С.С. – 1967» деген жазулар көзіңе оттай басылады.

Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев 1928 жылы 24 желтоқсанда  Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүиеге келген. Қиын-қыстау заманда өсіп жетілген барлық құрдастары секілді Саматтың да ерте есеюіне тура келді. Әкесі соғысқа аттанғанда әлі 13-ке де толмаған бозбаланың иығына әулеттің бар ауытпалығы түскен. Өзін-өзі тәрбиелеген балаң жігіт  еңбекпен қатар білім алудың мәнін терең түсініп, орта мектепті үздік бітіреді. Ол Семейдің Кеңес саудасы техникумын оқып аяқтайды. Ал, 1950 жылы Ленинградтың Ф.Энгельс атындағы Кеңес сауда институтына келіп оқуға түседі.

С.С.Сүндетбаевтың еңбек жолы өз елінде басталып, 1954 жылдан 1960 жылға дейін Гурьев, Ақтөбе облыстарында сауда жүйесіндегі қызметте болған. 1960 жылы Самат Сіләмбекұлы ҚазКСР Сауда министрлігінің басқарма басшысы, алқа мүшесі болып тағайындалады. Ал, 1963 жылдан Қазақстан Компартиясы ОК аппратында жауапты қызметке бекітілген. Мемлекет сеніп тапсырған барлық лауазымдарда Самат Сүндетбаев өзінің турашылдығы және әділдік қасиеттерімен көзге түсті.

1964 жылы Сүндетбаев Самат Мәскеу қаласына КСРО СІМ-нің Жоғары дипломатиялық мектебіне тыңдаушы ретінде жіберіледі. Аталған оқу орнының партбюро хатшысының орынбасары, партиялық-мемлекеттік бақылау комиссиясының төрағалығына сайланады. Оқуды аяқтаған соң ол Иемен Араб Республикасына дипломатиялық жұмысқа жіберіледі.

С.С.Сүндетбаев елшілікте төрт айға жетпейтін мерзім ғана қызмет етіп жүрген кезінде, бұл елде монархистер мен республикашылдар арасында азаматтық соғыс бұрқ ете қалды. Қалыптасқан жағдай кеңес дипломаттары мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігіне қатер төндірді. Елшілік басшылығының алдында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, эвакуациялаудың жауапты міндеті тұрды. Осындай күрделі де маңызды тапсырманы орындау кезінде арандатушы сыртқы күштердің зымияндық әрекетімен терроршы дұшпандардың қолынан 1967 жылы 11 желтоқсанда елшіліктің бірінші хатшысы Владимир Аркадьевич Яковлев пен екінші хатшы Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев қаза табады.

КСРО  Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1968 жылы 28 қазанда «Әскери жағдай кезіндегі үлгілі еңбегі үшін» В.А.Яковлев пен С.С.Сүндетбаев өлгеннен кейін «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.

Осылайша, Отанынан жырақта ортақ мемлекеттің мүддесі жолында қос ұлттың өкілі қатар қаза табуы оқиғасының өзі халықтар арасындағы шынайы достық пен татулықтың зор рәмізіндей қабылданады, - деп түйіндейді ойын автор.

Аққан жұлдыздай болған қазақ дипломатының ғұмырнамасы туралы дерегімізді Республикалық Абай қорының төрағасы  Балтабек Ерсәлімовтың «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» («Ғалам-Шар», Семей, 2005 ж.) жинағындағы «Дипломат из Чингистау»,  сондай-ақ Академик Тілес Ақбердиннің «Мужество дипломата» мақалалары толықтыра түседі. Мұндағы мәліметтерден біз Самат ағамыздың отбасы, жары Мәрия Есқалиева, ұлы Мұхтар, қызы Дәнел жайында біле түсеміз.  Дәнел қазіргі уақытта әкесінің жолын жалғастырып, дипломатиялық қызметте, Ресей Сыртқы істер министрлігінде Консулдық қызмет саласында еңбек етуде.

Т.Ақбердин өз мақаласында Самат Сіләмбекұлының текті әулеттің ұрпағы – оның жетінші атасы Әнет-баба, кемеңгер ру басы, беделді би, Тәуке ханың оң қолы, әйгілі «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі екендігін жариялайды. Саматтың атасы Сүндетбайдың  ағасы - Әнияр Молдабаев ХХ ғасырдың басындағы Семей қаласының зиялы қауымының танымал өкілі, белгілі банк қызметкері, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының кейіпкері Данияр Қоңдыбаевтың прототипі. Семейдегі Абайдың мемориалдық мұражайында Абайдың тікелей өзінің және өзге жақындарының көмегімен Әниярға қаладан үй сатып алынғаны, кейін онда Абай, Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрім-қажының және басқа да туыстары мен достары келіп тұрғаны айтылады. Қазір бұл үйде «Алаш арыстары» мұражайы орналасып, оның дерекқорында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев тағы басқа да ұлтымыздың ұлы перзенттері туралы мәліметтер сақталуда.

Сүндетбайдың ұлдары Қалаубек пен Сіләмбек, ал, Сіләмбектің қызы Нұржамал, ұлдары Сағынтай, Мақсұт, Сіләмбек. Әниярдың қолында өскен Нұржамал кейін Абайдың немере ағасы Ақберді қажының немересі Жұматайға ұзатылған. Ақберді қажы мен Сүндетбайдың балаларының барлығы тегіс жақсы білім алған, заманының алдыңғы қатарлы өкілдері, Қысатай мен Өміртай сот болып сайланған, Сіләмбек Семей уезі, Шыңғыс болысының алқабиі болған. Кейін большевиктер билігі орнаған соң ұлтымыздың көзі ашық, оқыған, прогресшіл азаматтары, әсіресе зиялы қауымның қалың жұртшылыққа кеңінен танымал ықпалды өкілдерінің көзін жоюдың зымиян науқаны аяусыз жүргізіліп, ондаған мың арыстарымыздың арасында Сіләмбек Сүндетбайұлы да қуғынға ұшырап, із-түзсіз кеткен екен.

Ағасы Сағынтай майданда хабар-ошарсыз жоғалған, екінші ағасы Мақсұт техника атаулының тілін меңгерген белгілі шебер, 9 бала тәрбиелеп өсіреді, ол да өмірден ерте озған, өйткені өздері тұратын Абай ауданы аумағындағы ядролық полигон ұзақ жылдар айналаға ажал уын сеуіп келгені белгілі.

Мақала авторы Атақты Құнанбай қажы, кемеңгер Абайға туыстық жақындығы бар, ұлы Мұхтар Әуезовпен ауылдас, қасиетті Шыңғыстау түлегі С.С.Сүндетбаевтың атына Қарауыл ауылында көшенің аты, өзі оқыған семей техникумында ескерткіш тақта орнатылғанын мәлім етеді.

Бұған біздің қосарымыз қазіргі уақытта еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында орналасқан мұражайында, оған жетекшілік жасап отырған белгілі әріптесіміз Наталья Геллерттің кірпияз ұқыптылықпен күтіп қарауымен, Самат Сіләмбекұлының өмірі мен қызмет жолына қатысты бірқатар құжатты деректер мен фотосуреттер, естелік мақалалар, өз қолымен жазған анкетасы, өмірбаяны сақталған. Алдымыздағы суреттеріне қарап, арыс азаматтың түр-тұлғасының сымбаттығына, жүзіндегі айрықша зиялылық пен тектіліктің нышанына еріксіз сүйсінесің. Аса талғампаздықпен бойына жарасқан смокинг киіп, терең де ойлы көздеріне көзәйнегі үйлескен, отыздың үстіндегі орда бұзар жастағы ержігіттің жүзінен тарайтын парасаттылық сәулесі бойыңа қуат, жаныңа шуақ таратқандай  ізгі әсер береді. Қыршынынан қиылған талантты жерлесіміздің өмір жасы ұзағырақ болғанда, үлкен биіктерді  бағындырып, әрине туған елінің тәуелсіздігін алған ұлы кезеңіне де жетіп, оның іргесін нығайтуға, дипломатиялық саласының қалыптасып дамуына өлшеусіз үлесін қосары күмәнсыз еді. Үстіміздегі жылы 24 желтоқсанда оның туғанына 87 жыл толады, ал қайтыс болғанына 11 желтоқсанда 48 жыл өтіпті.

Жоғарыда айтылған мақаласында Ерлан Әбілфайызұлы ерлікпен қаза тапқан қазақ дипломаты Самат Сіләмбекұлының бойындағы туралық пен әділдік мінезін, өзіне жүктелген міндетке ақырғы деміне дейін адал болғандығын арнайы атап көрсетуі үлкен ойларға жетелейді. Бұл пікірдің мәнінде озық тарихи дәстүрді сақтау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзбей жалғастыру, кешегі аға буын өкілдерінің жан-жақты білімі, жоғары кәсібилігі мен биік интеллектінің жарқын үлгісін, асыл бейнесін насихаттау ниеті жатқандығы кәміл.

Расында, қазіргідей әлемдік дағдарыс тұсындағы күрделі кезеңде еліміздің бүгіні мен ертеңін тереңнен ойлаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алқалы үкімет жиынында лауазым иелерінің біліктілігін сынға алып, «немен айналысып отырғанын білмейтін, сапасыз» адамдардың бар екенін нақты атап көрсеткеніндей, қазіргідей сындарлы уақытта мемлекеттік мүддені ойлау деңгейіне жете алмай, жеке басының қамын күйттеуден аса алмайтын таяз, өзіне сеніп тапсырылған мансапты көтере алмай, орыстың ұлы жазушысы А.Чеховтың әйгілі кейіпкер генералы тәрізді қоластындағылардың шырқын бұзатын, демек олардың жанұясын тыныштығынан айырып, ұжымның, ортақ істің берекесін қашыратын зиянды, кездейсоқ пенделердің кездесетіндігі өкіндіреді, әрине. Мұндайға жол бермеу мұратында әрдайым ұлтымыздың жүріп өткен ұлағатты жолына үңіліп, Мұхаң Әуезов айтқан «жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз» ұлтын сүйетін парасатты ерлердің өнегелі ісін дәріптеу дәстүрін түбегейлі қалыптастыруымыз лазым.

Бергісі бес ғасырдан асатын төл тарихымыз, елдік дамудың қай кезеңінде болмасын, әсіресе біздей тәуелсіздігі жас мемлекеттің билік мекемелері қызметінің интеллектуалдық деңгейінің жетілдірілуі мен халықтың тілек-қалауы, мәдени һәм рухани қуаты бір арнада үйлесімді тоғысқан жағдайда ұлттың алмайтын қамалы, өтпейтін кедергісі, еңсермейтін дағдарысы болмайтындығына көзімізді жеткізіп, көңілімізді орнықтырады.

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында Самат Сүндетбаев Қазақстанның мемлекеттік қызмет құрылымдарында жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, қоғамдық өмірінде елеулі із қалдырған, жарық дүниедегі ақырғы сәттеріне дейін Отаны үшін жанқиярлықпен еңбек еткен жарқын тұлға.

Бүгінде сыртқы саясат саласында қызмет жасап келе жатқан үмітті, сәулелі жастар, қарымды қызметкерлер алдымызда үлгілі өмірі, зиялылық келбеті, адал еңбек жолымен жарық із қалдырған аға ұрпақтың көрнекті тұлғаларын ұмытпай, әрдайым есте ұстауы парызымыз деп білеміз.

Осынау ізгі мақсат жолында Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бір облыс шеңберімен шектелмей, арыс азаматтың атында халықаралық қатынастар саласы бойынша арнайы мемлекеттік марапат, кәсіби конкурс, Астанадағы дипломатиялық корпус арасында спорттық ойындардан жарыс, Дипломатиялық институттың аудиториясын атау, және басқа да республикалық деңгейдегі іс-шаралар қабылдауға болар еді деген ұсынысымызды ортаға салғымыз келеді.

Мұхтар Кәрібай, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529