ШЫҢ БАСЫНДА ШЫРЫЛДАҒАН СӘБИ
(Әкемнiң әңгiмесi)
Ертеде бiздiң елде қысы-жазы ел кезiп жүретiн зағип ақсақал болды. Иығына асып алған дорбасы мен қалақтай ғана қара домбырасы бар осы бiр су-қараңғы жанның қолындағы жалғыз таяқпен, төңiректi түгел шарлап, соқтықпалы-соқпақсыз жерлерден қалайша жол тауып жүретiнiне қайран қалатынбыз. Бiрақ жарықтық елге сыйлы едi. Барған жерiнде күй тартып, небiр аңыз-әңгiмелер айтып, халықты рухани азыққа қарық қылып кететiн. Осы тiрлiгiне бола ел оны «Соқыр кезбе» атап кеткен.
15-тен 16-ға қараған бозбала шағым. Әкем колхоздың қойын бағатын. Маусым айының жанға да, малға да жайлы күндерiнiң бiрiнде әдеттегiдей қой бағып жүр едiм. Кенет, қарсы беттегi бөктерге таяп қалған отардың алды дүр етiп үрiктi. «Дәу де болса, ит құс шығар» деп, солай беттей бергенiмде, арғы жағынан жаяу адамның қарасы көрiндi.
«Бұл кiм болды екен?» деп ойлап үлгергенiмше, жанымнан екi елi қалмайтын, бiтiмi кесек дүрегей тазым зор дауысымен аузын толтыра үрiп, орнынан өре түрегелдi.
Иттiң даусын естiген әлгi кісі кiлт тоқтай қалды да, дауысын созыңқырай “Ассалаумағалейкум, мал-жан аман болсын!” деп, сәл еңкейiп iзет бiлдiрдi. Ел аузындағы “Соқыр кезбе” екен.
Үлкен кiсi болған соң, қасына барып, өзiм де сәлем бердiм. Бiр-бiрiмiздi бұрыннан танитын жандардай қауқылдасып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Әкемдi танитын болып шықты. Сыртынан қанша естiгенiм болмаса, бұл кiсiнi көргенiм осы.
Түс әлетi болып қалған, ақсақал екеумiз асықпай отырып түстендiк. Шешемнiң “күн ұзақ, қарның ашады” деп салып берген азығы мен торсыққа құйған қою айраны екеумiзге артығымен жеттi.
Шамасы, жолдан шаршап келiп iшкен тамақ аш өзегiне түсiп кеттi ме, Байырхан ақсақал (азан шақырып қойған аты екен) аздан соң астына төсеп берген бөстекке жантайған қалпы көзi iлiнiп кеттi.
“Мазасын алмайын, әрi бытырай бастаған малдың бетiн қайырайын” деген оймен атымды жетектеп, төмен құлдилап кеттiм.
Қайтып оралсам, ақсақал ояныпты. Көрмесе де, айналадағының барлығын көкiрекпен-ақ сезiп, байқап отырғандай, сезiмi сергек. Бет тақтайы әбден тозған қолындағы қара домбырасымен әлдебiр зарлы күйдi күңiрентiп отыр екен. Менiң келгенiмдi сезсе де күйiн бұзбайын дедi ме, иегiмен нұсқап отыр деген ишара жасады. Бұрын-соңды естiмеген әлгi күйдiң төменгi сағағын екi қайырып барып тоқтаған қария, әлдене есiне түскендей “Уһ-һ” деп терең күрсiндi.
Төрткүл дүниеге нұрын шашқан күн жарықтық мазаны алардай ыстық та, салқын да емес, тамылжып-ақ тұр. Осы сәтте, әлгiнде ғана күмбiрлеген домбыра үнiмен бәсекеге түскендей құрық бойындай ғана қашықтыққа көтерiлген бозторғай құйқылжыта жөнелдi. “Жаратқан Алланың шеберлiгi-ай!” десеңшi, кiп-кiшкентай қанаттарын тынымсыз қағып, бiр орнынан қозғалмай ән салып тұрған титiмдей құс “Ендi бiр сәт менiң де өнерiме тәнтi болыңдар” дегендей барын сала сайрайды. Бiр апта бұрынғы жауыннан кейiн қалы кiлемдей құлпыра түскен қыр гүлiн, жайлап ескен самал тербеп қояды.
Шынтақтап жатқан қария бiр тал гүл-шөптiң сабағын жұлып алып, мейiрлене иiскедi. Сосын кәдiмгi жанары бар адамға ұқсап, айналаны барлай отырып:
– Е..е..е, жарықтық ата-бабаларым-ай! Осы бiр қасиеттi далаға қаның мен терiңдi төге жүрiп, ұрпағыңа аманаттап кеттiң-ау. Қасиетiңнен айналайын туған далам, сен болмасаң мынау шексiз жаһанның қай түкпiрiнде түртiнектеп жүрер едiм? Тәуба, тәуба! Абайсызда сүрiнiп жығылсам да, сенiң мынау киелi топырағың төсеп қойған мақтадай ғой, мен бейбағың үшiн, – дедi, естiлер-естiлместей ғана, даусы жарықшақтанып.
Мен осы кезде ғана ақсақалдың дидарына зер салып қарадым. Бет-әлпетiнде сау-тамтық жоқ, тыртық-тыртық. Оң жақ құлағының жарымын бiреу жұлмалап-жұлмалап жұлып алғандай. Екi көзiнiң бiрi мүлде жұмылып, екiншiсi сәл-пәл сығырайып тұрғаны болмаса, әрiге шүңiрейiп кеткен, ұзақ қарауға дәтiң шыдамайды екен. Менiң тесiле қарағанымды сезiп қалған сұңғыла қарт:
– Е, балам, бұл атаң не көрмедi дейсiң? Адам тiрi жүрген соң, Алла тағала басына не салса да көруге, көнуге, шыдауға мәжбүр болады екен, – дедi.
Мен ұрлығы әшкере боп қалған жандай қысылып, екi бетiм ду ете қалды. Сосын балалық па, болмаса бойымды әлдебiр қызығушылық биледi ме:
– Ата, сiз жайлы, сiздiң тағдырыңыз жайлы әркiм, әрқалай айтып жүредi. Менiң қылығым өрескел болар, дегенмен ренжiмесеңiз өзiңiз жайлы әңгiмелеп бересiз бе? Егер ескi күндердi есiңiзге түсiру сiз үшiн ауыр болса, қолқамды қайтып алайын, – дедiм батылданыңқырап.
Ақсақал ештеңе естiмеген жандай үнсiздiктiң тұңғиығына шомып, тырс етпей отырып қалды. Тiптi қасында орынсыз қолқа салып отырған менi ұмытып кеткендей. Мен сұрауын сұрасам да, iштей “апыр-ай, мынауым әбестiк болды-ау. Онсыз да жаны жаралы адамның көкiрегiндегi ескi жарасын тырнағандай болдым ба?” деп қипақтай бастадым.
Арада орнаған үнсiздiктi анадайда жайылып жүрген күрең бестiнiң пысқырығы бұзды. Ақсақал бәрiн көрiп отырған адамдай тағы да ат пысқырған жаққа мойнын бұрып қарап қойды да, менiң iшкi ойымды оқыған адамша:
– Ешқандай әбестiгi жоқ, шырағым. Өзiң бiр жөн бiлетiн, сөз парқын бағалай бiлетiн балаға ұқсайсың. Мен бұрын-соңды өзiм жайлы да, суқараңғы боп қалған көзiм жайлы да аса ешкiмге тiс жарып көрмеген едiм... – дедi де, әлдененi есiне түсiргендей тағы да бiразға дейiн үн-түнсiз отырып барып, әңгiмесiн бастап кеттi.
– Менiң әкем – орташа ғана тiрлiгi бар, құралайды көзге атқан мерген, бүркiт ұстап, ат баптаған аса саятшыл адам болыпты. Бiрде мына Сайхан тауының биiк шыңдарының бiрiнен бүркiттiң ұябасарын байқап қалады. Содан көк еркесiне есi кетiп, күндердiң күнi балапанын алып, баулымақ ниетпен бүркiттiң ұясына түседi.
Бүркiттiң ұясына түсу – ерiккеннiң ермегi емес, балам. Оның өзiндiк әдiс-айласы, қулық-сұмдығы мен машақаты, қауiп-қатерi толып жатыр. Бiр сәтке мүлт кетсең, сүйегiң сонау құздың етегiне жеткенше күлге айналады. Ондай қатерге ептiлiгi иненiң көзiнен өтетiн, әрi қарулы, әрi өжет, жiгiттiң жiгiтi ғана басын тiге алады.
Әкемнiң сондай машақатпен алған балапаны аса алымды, нағыз қандыбалақ болып шығады. Айналасы екi-үш жылда сол маңдағы түлкiден түлкi, қасқырдан-қасқыр қоймапты.
Әкемнiң бүркiтi жайлы әңгiме ел iшiне аңыз боп тарай бастайды. Жолыққан жерде қолқалаушылар да, қызыға, қызғана қараушылар да көбейедi. Ақыры бұл әңгiме сол өңiрге аты шыққан Есiмбек деген байға да жетiп, бiр күнi бай қасына нөкерiн ертiп әкеме келiптi. Ол кезде әкемнiң отыздағы орда бұзар шағы.
Есiмбек – өз заманының аса ауқатты адамы болса да, өзге байлар секiлдi озбырлығы жоқ, маңайындағы жетiм-жесiрлерге де қолы ашық, жүйрiк ат баптап, саятшылық десе iшкен асын жерге қоятын серiлiгi бар жан екен.
Әкемнiң арнап сойған малына батасын жасап, дастарқан басында күй тыңдап, әңгiмелесiп отырған Есiмбек сөздiң орайы келгенде:
– Әй, Нағымбай! Сен маған қарағанда әлдеқайда жас емессiң бе? Әрi бүркiттiң балапанын алуда тәжiрибең бар. Бұйыртса, келер жылы тағы бiрiн аларсың. Мен саған екi құлынды бие, бес-он саулық берейiн, сен анау “Қызыл көзiңдi” маған қи, – деп қолқа салады.
Әкем әуелде балапанынан баулыған қыранын бергiсi келмей, бiраз бұлталаққа салса керек. Бiрақ қазақта “жоқтық не жегiзбейдi, тоқтық не дегiзбейдi” деген сөз бар ғой. Әрi қай заманда болсын күштiнiң арты диiрмен тартатыны белгiлi. Есiмбектiң шамырқанса “берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан” деп, белден бiр-ақ басарын да және оған еш қайран қыла алмасын да сезген қолы қысқа әкем ақыры “бала-шағаның қамы үшiн” деп көнген көрiнедi.
Қолына қыранның қыранын қондырған Есiмбек әкеме риза боп аттанады. Сосын уәдесiнде тұрып, көп ұзамай айырбасқа атаған малдарын жеткiздiртiп берiптi.
Содан әкем келер жылы ерте бастан дайындалып, сәтiн салғанда өткендегi қыранның тағы бiр балапанын алады. Жарықтық тектiлiгi сонша, бұл жолы да жалғыз жұмыртқа басып шығарыпты. Алайда бұл жолы ұябасар мен аталық қыран екi жақтап шабуылға шығып, шың басында жүрген әкемдi жазым ете жаздапты. Әйтеуiр қолындағы қамшысымен жанталаса қорғана жүрiп аман қалған көрiнедi.
– Сондағы ұябасардың ұясына таяп кеп, таяп кеп шаңқылдаған үнi мен қанталаған көзi әлi күнге дейiн есiмнен кетпейдi – деушi едi жарықтық.
– Әкем бұл балапанды да бабына келтiрiп баптап, бағып-қаға бастайды. Негiзi бүркiт, жұмыртқасын қыс айында шайқайды. Бiр қызығы, сол жылдың ақпан айында қыранның балапанымен қатар мен де дүниеге келiппiн. Әкем ат шаптырып той жасамаса да, маңайындағы туыс-туған, жақын-жекжатқа шiлдехана тойынан дәм татырып, маған азан шақыртып, ат қойғызады. Өзi қалыптасқан дағдысы бойынша қыранын баулып, аңын аулап дегендей, қоңыр тiршiлiгiн кеше бередi...
Күндердiң күнiнде бұрын-соңды ел естiп-көрмеген оқыс оқиға болыпты.
Осылай деп терең күрсiнген ақсақал, тағы да бiршама үнсiз қалды. Сосын бойын түзеңкiреп алып, үзiлген әңгiмесiн жалғастырды.
– Жаз айы болса керек. Күн екiндiден ауған шақта “Ойбай, әкеттi, әкеттi!” деп баж ете қалған әйел адамның ащы даусы он шақты үйлi шағын ауылды аяғынан тiк тұрғызады. Иттер абалап, жұрт шулап, әлгiнде ғана жайбарақат жатқан ауыл әп-сәтте азан-қазан болып, шат-шәлекейi шығады. Абырой болғанда, әкем сол күнi ғана жолдан келген екен.
Шулаған ел ауылдың iргесiнен ағып жататын шағын өзеннiң жағасында есiнен танып жатқан анамның басын көтерiп, бетiне су шашып, есiн жиғызады. Не болғанын өзi де ұқпай, тiлi байланып қалған қайран анам, екi көзi шарасынан шыға аспанға қарай берiптi.
“Бұл сонау көктен не iздеп жатыр?” деп аңтарылған көпшiлiк те көкке көз жүгiртсе, көз жетер биiктiкте ауылдың үстiн айнала ұшып жүрген бүркiттi байқайды. Бауырында қарайып бiрдеңе көрiнетiн секiлдi. Осы сәтте сонау көктен шырқырай жылаған жас сәбидiң, яғни алты айға ендi ғана толған менiң даусым естiледi.
Есi шыққан ел “астапыралла, апыр-ай, ендi не болар екен? Ана биiктен баланы тастап жiберсе қайтемiз?” деп әлгi жерде, қолдарынан келер қайрандары жоқ, тұрған жерлерiнде сеңдей соғылысыпты.
Айдың-күннiң аманында алақандай ауылды алатайдай бүлдiрген көк тағысы кедей ауылын тағы бiрнеше мәрте айналыпты да, шың-құздары көз ұшында мұнартып жатқан Сайхан тауын бетке алып ұзай берiптi...
Осы сәтте, әуелде не боп, не қойғанын түсiнбей, абдырап қалған әкем, жалма-жан атына қарай жүгiрiптi. Ол шошаладан шапшаңдатып керек-жарағын алып, белдеудегi бәйге жиренiне мiне сала, баласын бүркiт әкеткен бағытқа тұра шабады. Есi шығып, есеңгiреп қалған ел шулап-шұрқырап қала бередi.
Осыған дейiн екi мәрте балапанын алдырған бүркiттiң ұясына жеткенше әжептәуiр жер. “Дәу де болса, бұл көк тағысының маған қайтарған кегi болар. Атаңа нәлет, бейкүнә сәбиiмдi ұясына апарып паршалап тастамаса жарады. Тым болмағанда баламның сүйегiн алып қайтармын” деп өз-өзiне жiгер берген әкем, бүркiт ұя салған жанама жартастың түбiне келгенде қас қарая бастайды.
Содан өзiнiң бұрыннан қолданып жүрген тәсiлi бойынша таудың ту сыртынан айналып отырып, түннiң бiр уағында “өлдiм-талдым” деп, бүркiт ұясының дәл үстiнен шығады. Көзге түртсе көргiсiз қара түнекте тау-тасқа өрмелеу оңай ма? Сөйтсе де, қол-аяғын тасқа тiлдiрiп, үстi-басының дал-дұлы шыққан әкем бiр межеге жетедi.
Ендiгi шаруа мұнан да қиын, қиыннан бұрын аса қатерлi. Өйткенi бүркiттiң ұясы әкем отырған шың басынан төмен қарай құрық бойындай екен. Оған түсу үшiн таңның атуын күтпесе болмайды. Белге байлаған арқан тасқа қажалып, үзiлiп кету қаупi де жоқ емес.
Амалы құрып, әбден сiлесi қатқан әкем байғұс әр ойдың басын бiр шалып отырып, жартасқа сүйенген қалпы қалғып кетсе керек. Кенет, бүркiттiң ұясынан “шар” еткен сәби үнiн естiп, өз құлағына өзi сенбей қалады. Бiрде тына қалып, ендi бiрде қолды-аяққа тұрмай шырқыраған бала үнi мұқым Сауыр, Сайхан тауларының шың-құздарын жаңғыртыпты.
Әлдеқашан өлдiге санап, күдерiн үзiп қойған сәбиiнiң үнiн дәл жанынан естiп, аза бойы, қаза болған әкем таңның атуын күтпестен, нар тәуекелге басып, ұяға түспектi ойлайды. Бұл жолы қыранның емес, ұяда, өлiм мен өмiрдiң арасында жатқан өз балапанын алу үшiн...
Белiндегi арқанның бiр ұшын шың басындағы дiңi жуан шынардың түбiне, ал екiншi басын белiне мықтап байлап алып, бiр Аллаға сыйынып, бiлетiн дұғасын оқып әрекетке көшедi. Бұл уақытта жаздың қысқа таңы да құланиектене бастапты.
Ұясына түсiп келе жатқан адамды көрген бүркiт ұшып кетедi. Әкем ұяға түсiп, бет- аузында сау-тамтық жоқ, қан-жоса болып қансырап, үзiлiп кетердей болып әзер-әзер демалып, есiнен танып жатқан балапанын бауырына басып, отыра қалып еңкiлдеп ұза-ақ жылапты...
Қазақ “су iшерлiгi бар” дейдi, менiң мына дүниеден татар дәмiм бар екен. Әйтпесе бүркiт қалақтай ғана баланы қанды шеңгелiмен сығымдай салса немесе сонау көктен тастап жiберсе, сол жерде-ақ жантәсiлiм етпеймiн бе? Дегенмен шеңгелiн салған жердегi алты қабырғам сынып кетiптi.
Бүркiт алып кеткен алты айлық баласын бiр тәулiктен соң тiрiдей үйiне алып келген әкемнiң қайсарлығы мен табандылығына жұрт қайран қалған көрiнедi.
Осы оқиғадан соң әкем бүркiт баулығанды сап тыйып, ендiгi жерде аңдып жүрiп, қыранды атып өлтiрмектi ойлайды. Бiрақ түйсiгi әлдененi сездiрдi ме, болмаса кегiн қайтарғасын қайырсыз мекеннен басқа жаққа кетудi жөн санады ма, ұябасар бұл маңнан қайтып көрiнбептi.
Содан берi арада аттай 62 жыл өтсе де, ойымнан “бүркiт неге менi бiрден өлтiре салмады? Әлде iштен шыққан балапанын қанаты қатпай жатып қайта-қайта қолды ете берген “қаскөйге” саналы түрде қайтарған кегi ме? Болмаса адамзат баласына керек бала, құс екеш құсқа да керек екенiнен сабақ алсын дедi ме екен?” деген сұрақтар санамнан бiр сәт шығып көрген емес, – деп Байырхан ақсақал әңгiмесiн аяқтады.
Зағип ақсақалдың әңгiмесiн мен ғана емес, айналадағы тiршiлiк атаулы ұйып тыңдағандай, бiр сәт өлi тыныштық орнады. Манағы бiр әзiрде домбырамен бәсекелесiп құйқылжыта ән салған бозторғай да көрiнбейдi.
Мен не дерiмдi бiлмей, алдымда отырған адамның басынан өткен оқиға емес, әлдебiр ескi заманның ертегiсiн естiгендей мең-зең күйде отырып қалдым.
Серiк ҚҰСАНБАЕВ
Өскемен қаласы.
Abai.kz