Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қоғам 5710 0 пікір 8 Желтоқсан, 2015 сағат 13:32

БІЗ ШЫНЫМЕН ТӘУЕЛСІЗ ЕЛМІЗ БЕ?

Жақында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Украинаға газ сатпайтынын жеткізді. Бұл туралы Zakon.kz порталы хабарлайды. Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстанның газ тасымалдауындағы жаңа бағыттар» тақырыбындағы баяндамасында  Қазақстанның энергетика вице министрі ЕАЭО төрағасының рұқсатынсыз Қазақстан Украинаға газ тасымалдай алмайтынын айтқан.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері  вице-министр Мырзағалиевке Қазақстан мен Украина арасындағы газ келіссөздері туралы бірнеше сұрақ қойған. Соның ішінде Украина Президенті Петр Порошенко мырзаның Астанаға арнайы келіп, газ тасымалдау туралы келіссөздер жасасқанын айтып, келіссөздердің нәтижелерін сұраған.


Ал энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мырза, Ресей Фдерациясының келісімінсіз Қазақстан Украинаға газ тасымалдай алмайтынын айтты.

“Украинаға газ тасу үшін ең алдымен Ресеймен келісімге келу керек. Бүгінгі күнде бізде ондай келісім жоқ. Біз газды Ресей шекарасында сатып жатырмыз. Бізді бұл қанағаттандырады. Бірақ, Еуразия экономикалық одағы аясында 2025 жылы ортақ газ нарығын құруға келістік. Сол бойынша, Қазақстан да өзге әріптестері секілді одақтың кез келген жерінде газ сатуға мүмкіндігі болады”, – деді Мырзағалиев.

Вице-министрі Мырзағалиев мырзаның сөзіне сүйенсек, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы кез келген мемлекетке газ тасымалдай алғанымен, одақтан тыс елдерге ешбір өнім сата алмайды. Вице-министрдің бұл мәлімдемесінен «Одақбасының» оспадар ойыны Қазақстан экономикасының аяғына тұсау салып отырғанын анық аңғаруға болады.

Көресіні Ресейден көретін күн алыс емес болса керек-ті. Естеріңізде болса, осыған дейін Ресей шекарашыларының  Түркиядан Қазақстанға бағыт алған 70-тен астам жүк көлігін қаңтарып қойғандығы туралы жазған болатынбыз (http://m.abai.kz/post/view?id=5690).  

Бұл экономикалық тәуелділік, бағыныштылық емес пе? Владимир Владимиричтің Қазақстанды Ресейдің бір бөлшегі ретінде қабылдайтынын егжейлеп жатудың өзі артық. Ресей өзі араздасқан елдердің жанжалына Қазақстанды киліктірердей Путинді не түлен түртті?. ЕАЭО-ға төрелік етіп отырған көршілеріміз, экс-империя тізгіншісі біраз мемлекетке  арқасымен қарап, теріс айналды. Содан ерегес, санкция, т.б... Ал бұнда Қазақстан нейтралды позиция ұсынатып отырғанымен шаруасы жоқ Владимир Путин өз былығына Қазақстанды да араластыруды қалады. Бұл Ресей Президенті Путин мырзаның не өзім жемеймін, не сендерге жегізбеймін дегені болса керек.

Ал Путинге пәрменіне төтеп беріп, қақпаққа тоқпақ бола алатын ақ жағалылар бізде жоқтың қасы екені тағы рас. Қазіргі Мәсімов үкіметіндегілер үн шығаруға қауқарсыз. Ал соңғы екі жылдан бері мүлде «өлі парламентте» ешқандай құзыр, билік жоқ. Сонда Қазақстан өзінің табиғи газын сату үшін, Ресейден рұқсат алуы тиіс пе? Қандай тәуелсіз мемлекеттің тарихынан мұндайды естіп едіңіз?! Рас, Ресей бізді әлі күнге өзінің отыры көреді.

Сондықтан Ресей Қазақстан жерiнде өз ойынын жүргiзедi. Ресейдiң ойыны – өте қауiптi һәм агрессивтi ойын. Оған соңғы бiрер жылда көзiмiз анық жеттi. Қазақта “Аюдың ойынынан түлкiнiң мойны үзiледi” деген мақал бар. Мойнымыз үзiлiп кетiп жүрмей ме?.. Билік бұған қандай уәж айтады. Мұны немен ақтап алады? Біз шынымен Тәуелсіз елміз бе?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір