Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 15664 4 пікір 8 Желтоқсан, 2015 сағат 12:52

«АТА ЖОЛЫ» – АҚ ЖОЛ... УАХАБИЛІК – ҚАРА ЖОЛ


«Ата жолы» деген діни ұйым ба, әлде бірлестік пе, бір жүйе құрылып Қазақстанда жұмыс істеп, қарқын ала бастағанда баспасөз беттерінде жаппай қаралаған мақалалар етек алып, билік тарапынан кінә тағылып қудаланды, тиым салды. Бірақ қазақтар әлі де болса «Ата жолын» жалғастырып уахабиттік, салафиттік ағымдарға қарсы қару ретінде дәстүрлі дінін осылай сақтап келеді.

«Ата жолдықтарға»: «Шырақ жағады. «Көріпкелдігім», «емдік» қасиетім бар-деп әруақ шақырып, «Сүйінбай, Жамбыл ата болып» сөйлейді. «Түсіңде саған аян береді, емші боласың» деп алдына келгенді иландырады. Шарлатан емшілер. «Жолың байланған», «көз тиген», «біреу дуалаған», «жолыңды ашамын», «менің батам арқылы байлыққа кенелесің» деп алдайды. Әйелдерін «аққу» еркектерін «сұңқар» деп атайды. Жаттанды бата береді. Ақша табу үшін неше түрлі құйтырқылыққа барады. Өрмекшінің торындай маркетинг жүйесін құрып, жұртты тонап жүр. Діни сауатсыз» деп тағы басқа айыптаулармен олардың артына ит қосып шырақ алып түскендер де болды. Бұл әңгімеміздің бір жағы.

Екінші жағына келсек, елімізде ауызында «Алла» бірақ жүректері қара уахабшылдар, салафиттер деп аталатын сектанттар тарапынан ұлттық салт-дәстүрге ісләм дінін қарама-қарсы қою белең алды. Ісләм дініне – ұлттық құндылықтарымызды қарсы қою арқылы ұлтты түбегейлі жоюға болатынын түсінген сыртқы жауларымыз ішкі топастарды әдемі пайдалана білуде.  Әсіресе, «Алла» атын жамылған ісләм сектанттары өшпенділік көзқараспен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тиымды жек көрді. Қазақтың «Әулие, киелі, қасиетті, пір, ата-енеге сәлем салу» тағы басқа имандылыққа баулитын сөздерді естігенде кірпі көрген жыландай жиырылып қалатын болды. Әруақтар жатқан зиратты қиратты. Жоқтау айтқызбады. Жылатқызбайды. Қайтыс болған кісіні «жұмаққа барады» деп қуанады.

Қазақтың ертеде өткен хан, уәзір, бай, би, батырларын мақтанып айтсаң: «Алладан басқаны мадақтамауың» керек, аллаға «ширк» келтіресің» дейді. «Алла» деп айтпа «Аллаһ» деп айт деп уағыздарыннан тек «өлім» сөзі түспейді. Оларды тыңдап отырсаң, өмір сүріп керегі жоқ тек өле салу керек сонда жұмаққа барып «тамаша» өмір сүресің. Соның кесірінен қазір «жұмаққа» барамыз деп өзін-өзі өлтіре салатын жастар көбейіп кетті. Оны шаласауатты психологтарымыз «суицид» деп ат қойып оның қайдан шығып жатқанына милары жетпей жатыр.

Алматы облысы, Панфилов ауданындағы жуандығы алты адамның құшағына әрең сиятын әулие ағашын өртеп жібермек болды. Жеті ғасыр бойы ата-бабамыз тәу етіп келген алып ағаш дүние жүзінде үш-ақ мемлекетте бар екен. Әулие жерленген орындар көздеріне әзірейілдей көрінді, ұлттық киемізге тіл тигізді. Түркістан – «екінші Мекке емес», Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи кесенесін «ширк», қайтыс болған кісіге ас беру, жетісін, қырқын, жүзін, жылын өткізуді, ырым-тиым, дәмге, балаға, жастарға бата беру, шелпек пісіруді,  Наурызды тойлаудың бәрін ісләмға жат деп жоққа шығарды...

Сонда деймін ау «қажылық» деген атпен сыйынып Меккеге барсаң, ісләм дінін халыққа таратып, негізін қалағандар да пенделер емес пе? Меккедегі сахабалардың жерленген жеріне барып жүрген жоқпыз ба? Бұл да «Аллаға серік» қосудың бір түрі емес пе? Дәл солардай Түркі жұртын ісләм дініне кіргізіп құдайға құлшылық жасаған Арыстан баб, Қожа Ахмет, Бекет аталарға неге сыйынуға болмайды? Адамзатты  жаратушы Алла жерде емес, тек көкте емес пе?

Ауылға уахабшылар келді де: «Адамға сенбе, Аллаға сен» деп уағыздар айтты. Уағыздаушының өзі надан екенін ауылдағылар айтады: «бұның өзі сонда адам емес пе мал ма, адамға сенбесек бірінші осының өзіне сенбеу керек» деп күлді. Уағыздарының жартысы арабша, жаттап алған діни терминдерді төгіп тастады. Оны өзі де, тыңдап отырған бізде түсінбедік. Тағы біреуі: «Ұлтты ұлт жанашырлары сақтамайды, имандылық санаға жеткендер сақтайды» деп көсемсіді. Ауылдағылар айтады: «Ұлттық санасы бар жандар ғана ұлтын сақтай алады. Тек мұсылман болғандар ғана ұлтын сақтайтын болса, Палестина, Ливия, Ливан, Сирия, Ирак, Ауғанстан, Пәкістан, Африкадағы мұсылмандар бір-бірін өлтіріп қырып жатыр. Сонда имандылық санасы жетілгендер елін, ұлтын неге сақтамайды» деген сұрақ қойды. Әйел затына ашық денесін жауып жүру – өте дұрыс. Сол үшін неге тек арабтың ұлттық киімі «хиджабты» ғана киюі керек. Хиджабты уағыздайтындар нағыз мұсылман қазақ болса барлық денесін жабатын кимешектің неше түрлісін қазақы оюмен сәндеп тігіп, соны жарнамалап кигізбейді. Хиджабқа қарсы сөз айтсаң Арабиядан хиджаб әкеліп сатып байып жатқан ақымақ байлар шу ете түседі. Әрине саудасы жүрмей қалады. Ол ойын бүркемелеп: «Сендер қыздарың жалаңаш жүргенді қалайсыңдар» деген сияқты ойды басқа жаққа бұрып қазақты күстәнәлап ұлардай шулап кетеді. Өйткені олардың ойында қазақы имандылық емес алаяқтық сауда жатыр. Қазаққа жаны ашыса оның орнына әжелеріміз киген тамаша ұлттық киімдерді қайтадан өмірге әкеліп соны насихаттап әйеліне, қызына кигізсін. Аналарымыз, әжелеріміз жартылай жалаңаш жүрген бе еді? Сонда олардың артынан мұсылман болып барлық қазақ еріп кетер еді. Бұлар үйіне қонақ шақырмайды. Шақырса тек өздері сияқты «бауырластарын» қазақты жек көретіндерді шақырады.

Бұлардың үйінде қазақтың күйлері күмбірлеп, әні шалқып, қазақ биі болмақ түгілі қазаққа тән бір зат таппайсың. Домбыра, қазақтың ұлттық киімдері, ыдыс-аяқтары, ұлттық тағамдарды ешқашан көрмейсің. Өздерінің де бұрынғы қазақы аттарын өзгертіп арабша ат қойып алған. Батырлар жыры, қисса, дастандар, мақал-мәтелдерді жек көреді. Ұл-қыздарына да «құраннан» алдық деп тек арабша қояды. Кішкентай қыздарына да хиджаб кигізіп қойған. Оның қызы қашан бүрмелі, кестеленген, көздің жауын аларлық асыл тастарымен көмкерілген ұлттық көйлектерді киіп қашан қазақ болады. Мүлдем наданданып кеткендері: «Қыздарымыз нағыз мұсылман болу үшін, арабтарға күйеуге беру керек» дейтіндері де бар. Мына қылықтары сыртқы жаудың – осылардың қолымен қазақ ұлтын жою саясатын іске асырып жатқанын дәлелдейді. Осы уағызшылардың бірде бірі «Мен қазақпын» деп асты-үсті тола байлық осындай дархан даланы бізге қалдырған хан, сұлтан, би, бай, батыр бабаларымыздың өздерін, ұлағатты сөздерін уағыздарына қосып айтты ма? Жоқ. Керек десеңіз біздің дана бабаларымыздың айтқан сөздерін «ана сақаба айтқан», мына «сақаба айтқан» деп соларға теліп біздің бабаларымызды мәдени, рухани құндылықтардан жұрдай ақымақтар сияқты қылып көрсетеді. Уахабит пе, салафит пе, хизбут-тахрир ме қайсы «иттер» екенін ешкім ажырата алмайтын, көзге көрінбейтін бір күш – Қазақтың ұлттық әдет-ғұрпына, ата салтына айналып кеткен дәстүрлерді діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралауы дін мен ұлттық мәдениетімізді бір-біріне қарама-қайшы қойды. Бұның аяғы қазақ ұлтының ашу-ызасын туғызды. Ақырында Елбасы араласып барып, әділдік орнағандай болды.

«Ата жолы» теріс жол ма әлде басқа ма, мен бір нәрсені білемін. 1990 жылдардағы қиын-қыстау заманда «Ата жолының» «сұңқарлары» мен «аққулары» ауыл-ауылды аралап дінімізге шақырып, бес мезгіл намаз, құран оқуды үйретіп, ісләм дінін туралы мүлдем түсінігі жоқ солтүстік қазақтарын,  ата-дәстүрлі дінімізге бетімізді бұрды. Сол кездерде таракандай қаптаған өзге діндегі сектанттардан қазақтың көп ауылын қорғап қалды. Аулымызда сауаты бар имам жоқ. Жасы үлкен деп ортамыздан әліпті таяқ деп білмейтін бір ақсақалды сайлай саламыз. Ол тек бізге қайтыс болған кісілердің жаназасын шығару, ас бергенде құран бағыштау үшін керек болды. Бірен-сараны болмаса тамырынан ажыраған солтүстіктің бар қазағы орысша оқыды. Туған төл мәдениетіміз бен тарихымыздан жұрдай едік. Түркістанды «Түркіменстанмен» шатастыратын, Шымкентті Ташкенттің бір қаласы деп білетін, оңтүстіктің қазақтарын «өзбектер» деп танитын біздер едік. «Ата жолдықтар»  «зиярат» етеміз деп өркениеттің бесігі болған Отырар мен түркі дүниесінің Меккесіне айналған Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесімен таныстырды. Ауылдан аттап шығып облыс орталығына да  көрмеген көп қазақтар: қазақтың дархан даласын, Сарыарқасын, Балқаш көлін, Ұлытау, Алатау, Қаратау, Қазығұрт, Қызылқұм, Сырдариясын көрді. Орта ғасырлық өркениет бесігіне айналған Тараз, Мерке, Сайрам, Шымкент, Отырар, Түркістан, Қарнақ, Сауран, Созақ, Алматы қалаларымен танысты. Ежелгі мәдениеті мен тарихынан тамыры үзіліп қалған солтүстік қазақтарын ата-баба дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тиым, салт-дәстүрімен қайта қауыштырды. Орыстың Маруся, Маша, Оля, Наташасынан басқа естімейтін қазақ әйелдерінің аузынан енді Айша бибі, Домалақ ана, Бибі Фатима, Әмина түспейтін болды. «Алып қояйық» деген жаман сөзді «Алла» алмастырды. «Боже мой»-ды ұмытып, «Ой Алла, біссіміллә, аллаға шүкір» деп мұсылман екенімізді сезіндік. «Ата жолын» ата жауындай көретін жазғыш, ақылдысымақтар дәл осылар сияқты қазақ халқына еңбек сіңірді ме екен? Өзім тұратын Астана маңындағы Софиевка ауылын алайын. Тың игеруге келгендер бүкіл жамандығын өздерімен ала келген еді. Қазағы аз ауылға «Ата жолы» келмей тұрғанда екі күннің бірінде ауыл болып «запойға» (жаппай ішу) кететін кездері көп еді. Целиноград қаласынан неше түрлі сектанттар келіп, мектепке дейін уағыз жүргізіп басымызды қатырды. Осы кезде тарих сахнасына «Ата жолдықтар» шықты. Ата жолдықтардың үгіт-насихатынан соң  ауылдың орыстарына дейін «Өзбектердің елі» деп түсінетін оңтүстік өңірлерін тану «зиярат» арқылы жүзеге асты. Ресей отаршылары бір қазақты: оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс деп бөліп тастағанын түсінді. Ауыл тұрғыны Хлебова Татьяна: «Ата жолын» ұстанып жүрген Қасымқызы Гүлнәрға еріп Түркістанға барып келгелі, арақ ішпей адам сияқты өмір сүргеніме он жылдың жүзі болды. Қазір ауылда бұрынғыдай көшеде арақ ішіп жүру, бұзақылық жасап отбасының берекесін алу сап тиылған. Өйткені, қазақтар өз діндерімен табысып тазарды. Арақ ішіп мас болып жүру қазақтарды сыйламау екенін түсінген өзге ұлт өкілдері ішсе де үйлерінде тығылып ішетін жағдайға жетті» дейді ағынан жарылып. Бұл біреуі ғана. «Ата жолдықтардан» басқа дәстүрлі дінімізді насихаттап қане қайсыңыз ауылға келдіңіз?. Кеңес Одағының атеистік қоғамынан шақшадай басымыз шарадай болған, одан 90-шы жылдардағы қиын-қыстау заманда бізге кім қолын созды? Мүлдем діннен хабарсыз ауыл халқын қоржыны тола ақшасы бар сектантар мен дінбұзарлардан қане кім қорғапты?  «Ата жолдықтар» діни сауатсыз болса да өз уақтысында қазақ ұлтын ісләм дініне ұйытып, тыныштықты, ынтымақты берекені сақтауға өз үлестерін қосқанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz 

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5261