Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 4052 0 пікір 16 Мамыр, 2016 сағат 18:04

АЛМАТЫ ПРОКУРОРЫ ЕСКЕРТЕДІ: ШЕРУГЕ ШЫҒУ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ!

Алматы прокуроры Берік Асылов рұқсат етілмеген наразылық акцияларын өткізуге шақыратындардың, оларға қатысатындардың, сонымен қатар әлеуметтік және ұлттық араздық туғызушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын ескертті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл жауапкершіліктің ҚР ӘҚБтК 488-бабында ("Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу"), Қылмыстық кодексінің 174-бабында ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру"), 274-бабында ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") және 400-бабында ("Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу") қарастырылғаны атап өтілген. 

Ол кейбір тұлғалардың қазақстандық жерді шетелдіктерге сату туралы жалған ақпаратты таратумен айналысып жатқанын, солайша азаматтарды айдап салып, оларды биыл 21 мамырда рұқсат етілмеген наразылық акцияларына қатысуға шақырып жатқанын атап өтті. "Айта кету керек, ел Президенті ҚР Жер кодексіне енгізілген төрт түзетуге мораторий жариялады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ҚР Жер кодексіндегі нормаларды талқылауға және түсіндіруге, сонымен қатар ұсыныстарды қабылдау мақсатында жер реформасы жөніндегі комиссияны құруды тапсырды. Бүгін Алматы қаласының әкімі жер мәселесі бойынша 21 мамырда акцияларды өткізу туралы берілген өтініштерді қарастырып, оған тыйым салды. Осыған байланысты Алматы қаласының барлық тұрғынына және әлеуметтік желі қолданушыларына заңдылықтың бұзылуына жол берілмейтінін айтамын", - деді ол.
 

Абай-ақпарат

0 пікір