Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 9620 0 пікір 29 Сәуір, 2016 сағат 14:02

"КУЛАГИН СЕКІЛДІЛЕР БОЛМАСА..."

Мухамет қажы Садықовтың сұхбатын оқи отырып, бір әулет тарихынан қазақ халқының бірнеше ғасырлық тар жол, тайғақ кешуін жүрегіңізбен сезесіз, бізді осы күнге жеткізген боздақтар рухының жанайқайы екенін де іштей ұғына түсесіз. Ойын арыдан толғап, кеңірек кесім жасай білетін қажының әр әңгімесінің астарында зілдей ой мен берік тұжырымдар жатқаны шүбәсіз. Қоғамның түрлі саласында белсене қызмет атқарған абзал жанның бір кездері партияға өтуден бас тартқаны, «ұлтшыл» атанып, қапасқа түскені, Рахымжан Қошқарбаевтың ел ұмытпас ерлігін дәлелдеуге атсалысқаны, имандылық жолында табанды еңбек етіп, егемендіктің іргесін бекітуге аянбай еңбек еткені, Косаревтердің кешегі кейпі мен Кулагиндердің бүгінгі іс-әрекеті жөнінде білгіңіз келсе, сұхбатты ыждағатпен оқып шығыңыз.

Редакциядан

 

Мухамет қажы Ерденұлы Садықов – Елбасын Нобель сыйлығына ұсыну мақсатында ашылған «Евразия-мир» халқаралық Қорының президенті. РФ жеріндегі қазақтарға, өте-мөте Омбы облысы мен өзіміздің Арқа өңіріне танымал Атымтай жомарт. Мухамед қажы Омбы облысы Любин ауданында туған. Биыл 66 жаста. Мамандығы – заңгер. Әлемнің 78 мемлекетін аралап, Меккеге 11 мәрте үлкен қажылыққа, 5 мәрте кіші қажылыққа барыпты. Қазақ Елі тәуелсіздік алған соң өзі туған өңірі Омбы облысының қандастарымыз жиі қоныстанған ауылдарына 20 мешіт салдырыпты. Сонымен бірге, Түмен, Саратов, Пенза облыстарына да өз қаржысына 16 мешіт тұрғызған.

 – Құрметті Мухамет қажы Ерденұлы, Сіздің ауызекі әңгімеңізге қарап отырып, ел үшін жасаған игілікті істеріңізге тәнті бола бастадым. Сұхбатымызды бастамас бұрын, туып-өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз?

Арғы атам Бәйімбет – болыс болған кісі. Әулиелігі де болған екен. Руы – Керей, оның ішінде Сақал. Шамамен 16 мың жылқы бітіпті. Тіпті одан да көбірек болған көрінеді. Кішіқарой, Үлкенқарой деген көлдер бар. Жылқышылар көлге бойлатып қазықтар қағып қояды екен. Қалың жылқы келіп көлден су ішеді ғой, манағы қазықтар арқылы төмен түскен судың деңгейіне қарап, жылқының санын мөлшерлепті деседі. Бір қызығы, сол жылқыларының тұрпаты да бөлек болыпты, өңкей тізесіне дейін бұйра жылқы екен. Ол кісінің туған жері – Сарыкөл. Сол Сарыкөлге он бір ақшаңқан киіз үйді тіккізіп тастап отырады екен. «Столыпин реформасы» кезінде Россиядағы Украинаның  Полтавка губерниясынан мыңдаған украиндарды жер аударып, осы Сарыкөлге жіберген. СССР кезінде сол украиндардың құрметіне Сарыкөліміздің атын «Полтавка» деп өзгертіп жіберген. Қазір Омбы облысына қарайды. Сондай-ақ, Ақжар ауданы (СҚО) жақын жылдарға дейін Ленин ауданы болып келді.  Коммунизм, Горький совхоздарының әуелгі аты Көшәлі, Манақ ауылдары болатын. Осыған көршілес Болыс деген ауыл да болған. Ол менің Сұлтанғазы атамның қыстауы болатын. Отаршылдық деген бәленің қазаққа істемегені бар ма?! Сол өз ата-бабасының жерінде отырған Бәйімбет ауылына казактар өмірі тыныштық бермепті. Әйелдерін, қыздарын жәбірлеген. Малдарын тартып алып отырған. Күн өткен сайын, өктемдігін үдете түседі. Бірде Бәйімбеттің үйіне мас казактар басып кіріп, «бізге тұрып сәлем бермеді» деп, ақшам намазын оқып жатқан кіші ұлы Нөгербектің басын қылышпен шауып тастайды... Қысқасы, жан бағыс, күн көру қиындай береді. Бәйімбет атамыздың әскери аудармашы Корнилов деген досы болыпты. Ол Бәйімбеттің Гүлшара деген қызына көзі түсіп жүреді екен. Тығырықтан шығудың жолын іздеген Бәйімбет атам сол Корниловке сүйенеді, онымен құда болып, Григорий деген ұлына Гүлшарасын тұрмысқа береді. Бірақ, атам құдасына «тұңғыш жиенімді өзіме бересің» деп шарт қояды. Гүлшара ұл табады. Атасы оған Лавр деп ат қояды. Ал, менің атам ол жиенін Лекер деп атап, сүндетке отырғызады. Омбының кадет корпусынан оқытады. Кейін Лекер – Лавр Гео́ргиевич Корни́лов Ақтардың бүкіл армиясын басқарады. Ақтардың бүкіл армиясын басқарады. Қысқасы, сол құдалық өтіп, Лекер дүниеге келген күннен бастап біздің аталарымыз маскүнем казактардың текпісінен құтылады. Атам бүкіл әулеті мен мал-басын озбырлардан солай сақтап қалыпты.

Бәйімбеттің баласы Сұлтанғазы да болыс және арнайы бұйрықпен имам болған адам. Екі мәрте Меккеге барған қажы. Сұлтанғазыдан төрт ұл тарайды. Үлкені Ахметжан. Одан кейін Мұхаметжан, Мұхаметсадық, Мұхаметкәрім. ІІ Николайдың указымен Ахметжан Сұлтанғазыұлы – ол да Омбы мешітін басқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылыпты. 1989 жылдан бастап өзім артына түсіп, жазып жүріп, 1990 жылы ақтатып алдым.

Кейін орнаған Совет  үкіметі де аталарыма тыныштық бермеген. Тізесіне дейін бұйра болып келетін 16 мың жылқысын түгел тәркілеп алады. Сиыр мен ұсақ мал оның сыртында. 1937-нің зобалаңы кезінде сол аталарымның ұрпағының көбі аты-жөнін өзертуге мәжбүр болады. Мысалы, Мұхаметкәрімнің балалары Кәримов болып жүр. Мұхаметсадықтың ұрпағы Садықов деген текті қолданады. Менің әкем Ерден негізі Мұхаметжанның ұлы. Бірақ, інісі Мұхаметсадықтың ер баласы болмаған соң, Ерденді соған берген екен.

Нағашы жағыма келсек, шешемнің аты – Рауза Әменқызы. Мен туа салып, бір күннен кейін анам қайтыс болыпты. Сосын мені әкемнің апайы бауырына салып алады. Зейнезайып Мұхаметжанқызы деген кісі еді. Жолдасы Елубаев Сейдахмет Смағұлұлы Омбының Қазақ педагогикалық училищесін бітірген. Соғыс ардагері. 40 жыл өмірін Омбы облысында мұғалімдікке арнады. Бүкіл ауыл, аудан ол кісіні «мұғалім» деп атайтын. Қиссаларды жатқа айтатын, шешендердің сөздерін көп білетін, домбыра тартып, ән де салатын. Атақты күйші Мағауия Хамзинмен дос болды. Мені алақандарына салып еркелетіп өсірді. Алам десем, аспандағы ай мен жұлдызға ғана қолдары жеткен жоқ, өзгенің бәрін алып бері.  Менімен бірге, Мұхаметсадық атамның да жетім қалған Бибінұр, Айтжан, Құсни деген үш қызын қолдарына алып бағып, құтты ұяларына қондырды. Олар да ештеңеден таршылық көрген жоқ. Барды киіп, барды ішіп, молшылықта өтті. Мен осы әулеттің фамилиясында болдым.

Туған нағашым – Әмен Сыздықов (екінші фамилиясы Махамбетов) Жаркент қаласында (бұрынғы Панфилов қаласы) ЧК-ның бастығы болды. Руы – Қаруыл, оның ішінде Рай, Атқы. Араб, қытай, моңғол, орыс тілін жақсы біледі екен. Жолдасы Гүлжиян деген кісі еді, жүз жасқа келіп, өмірден озды.

Гүлжиянның апайы Гүлжауар өмір бойы Алматыда сот болып қызмет атқарды. Күйеуі Хакім Сыздықов (Махамбетов) белгілі адвокат болған, ол да 1937 жылы атылып кетті. Екі нағашы әпкемнің күйеуі Хакім мен Әмен бір әке, бір шешеден туған ағайынды кісілер.

Ал, Гүлжиян мен Гүлжауардың әкесі би Есмағамбет (тарихи құжаттарда Ешмұхамет Наурызбаев – Жаңбыршин деп жазылған, руы – төре деп көрсетілген. Бірақ ол кісінің руы – керей, оның ішінде сақал болатын) деген атақты адам еді. Би Есмағамбет кезінде қуғынға түскен Мағжан Жұмабаев пен Қошке Кемеңгеровті Омбы облысы, Москаленка ауданының Қояншықпас деген ауылында екі жарым жылдай өз үйіне жасырып, жан сақтатқан. Бұл туралы маған Қошке Кемеңгеровтің баласы Нартай ағаның өзі айтқан болатын. Нағашы атам Әмен Сыздықовты Жаркенттен Қарағандыға облисполком етіп қызметке ауыстырады. Москвада ЦК-да Маленков деген орыс досы болған екен. Сталиннен кейінгі екінші адам. Сол кісі телефон соғып, «Қарағандыдан тездетіп кет» дейді. Әмен атам бір түнде жиналып, Омбы облысы Есілкөл ауданы, Омар ауылына тартып кетеді. Кейін ақталып шығып, Пайғамбар жасына жетіп, дүниеден озды.

Мухамет аға, жақсы әулеттің ұрпағы екенсіз. Енді өзіңіздің өмір жолыңызға үңілсек.

Мен бес жасыма дейін Омбы қаласында өстім. Әкем Ерден Мұхаметжанұлы агроном болатын. 1954 жылы сол кездегі үкімет ол кісіні Қазақстанның Көкшетау облысына тың игеруге (Целина көтеруге) жіберіпті. Менің балалық шағым Көкшетау облысының Қызылту ауданында (қазіргі СҚО, Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде) өтті. Мектепті сонда орыс тілінде бітірдім. Көп жыл ауыл шаруашылық саласында заңгер болып қызмет атқардым. Көкшетау облысында үш ауданның өкілі болдым. Құдайға шүкір, төрт ұлым, олардан тараған сегіз немерем бар. Немеремнің бәрі ұл бала. Балаларымның бәрі ЖОО-н бітірді. Өз мамандықтары бойынша қызмет атқарады. Екі ұлым өзім секілді заңгер. Екі ұлым кәсіпкерлікпен айналысады.

Мен бала күнімнен өз әулетіміздің жоғарыда баяндалған қилы тағдыры туралы әңгімелерді үлкендердің аузынан тыңдап өстім. Бұл – біздің ғана емес, ол заманда бар қазақтың басынан өткен жағдай. Соған байланысты болу керек, өте намысшыл, ұлтшылмын. Бірақ ешкімге зәбірім жоқ. Қолымнан келсе, ұлтыма жақсылық істегім келіп тұрады. Алла бізге тәуелсіздікті берді. Міне, сол мемлекетіміздің 25 жылдығын тойлап жатырмыз. Бұл – қазақтың басына қонған бақыт. Бақытты аялауымыз керек. Біз аз халықпыз. Дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрміз. Бір-бірімізге тірек болып, өзімізді-өзіміз сүйеуіміз, демеуіміз, көтеруіміз керек!

– Аға, намысшыл, ұлтшыл адамдардың жолы үнемі даңғыл бола бермейді ғой. Бұл жағынан не айтасыз?

Оның рас, қарағым. Қазіргі Мәжіліс депутаты Владислав Косарев мен қызмет істеген ауданда бірінші хатшы болды. «Партияға өт!» деп, кем дегенде жиырма рет шақырды. Мен партияға мүше болған емеспін. Қиын жағдай менің де басымнан өтті. 1982 жылы шілде айында Бурабай демалыс аймағында өткен бір басқосуда КПСС Көкшетау обкомның қызметкері Татарский, КГБ-ның майоры Краснокожин дегендер «Қазақтар өз-өзін алып жүре алмайды. Сорлы халық» дегенде, намысым басыма бір-ақ шықты. Орнымнан атып тұрдым да: «Біз – қазақтар СССР-сіз де өзіміз дербес өмір сүре аламыз! Бізде жер жетеді. Жерімізде Менделеев кестесіндегі элементтің бәрі бар! Өз-өзімізді асырауға шамамыз келеді. Тіпті шетелге де көмек бере алатын жағдайымыз бар!..» деп салдым.

Сол күннен бастап олар маған өшіге бастады. Екі жұмадан соң Москвадан КГБ-ның екі полковнигі келіп тұр. Аналар арыз жазған ғой. «Осылай айтқаның рас па?» дейді. «Рас!» дедім. Сұраққа тартып, жазып алып кетті.  Содан КГБ менің сары ізіме түсті. Бір күні Түмен қаласына іссапармен бардым. Онда мені баққан Сейдахмет мұғалім тұратын. Соңғы жылдары ол кісінің екі көзі көрмей қалған болатын. КГБ сол кісінің қасына әкеліп бір мылтықты қойып кетеді де, сол мылтық «сенікі» деп, маған бәле жапқан.  Сонымен не керек, ақыры  «құрал ұстаған», «Совет үкіметіне қарсы шыққан» деген жаламен «173», «202» және «145» статьялармен алты жылға соттап тынды ғой. Көкшетау маңындағы Гранитный түрмесінде екі жыл отырдым. Түрменің кітапханасында жұмыс істедім және тілшісі болып газеттеріне мақала, хабар жаздым.  Екі жылдан соң өзімді біржола ақтап, түрмеден босатылдым. Сот нақақ отырғаным үшін  кешірім сұрап, екі жылыма төлем төледі. Ол ақшаны түгелімен жетім балалар үйіне бердім. Кейін білдім, ол «винтовка ТОЗ-8» деген мылтық екен. Оны істеп жүрген милиция капитаны Ерлік Шәкижанұлы Байсұлтанов деген сұмпайы болып шықты.

– Сіз ата-бабаңыздың мекені – Омбы екенін айттыңыз. Енді Ресейдегі қандастарымыздың жағдайы туралы тоқталып өтсеңіз.

– Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, Ресейде бір миллиондай қазақ тұрады. Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанға көшіп келгендері бар. Олар отырған жердің бәрі өз ата-бабасының күл төккен мекені. Екі-ақ ауылда қазақ мектебі бар. Қалғанының бәрі орыс тілінде оқиды. Сол қазақ мектептеріне көмектесіп тұрамын. Өзіңіз көрдіңіз ғой, менің аталарым билікті де, байлықты да, дінді де қатар алып жүрген кісілер. Солардың құрметіне деп, өз қаржыма 36 мешіт салдырып бердім. Мешіттерді ашарда Москвадағы Мұсылман, Араб елдерінің елшіліктерінен елшілерді шақырдым. Әр мешіттің ашылуына бір жылқы, бес қойдан сойып, өнерпаздарды алдырып, той жасап отырдым. Шақырылған елші мырзалардың бәрі келіп, ризашылықтарын білдірді, рақметтерін айтты. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Қазірге дейін сол мешіттерге қол үшін беріп тұрамын. Ондағы қандастарым, ең құрығанда, ата-баба дінінен айырылып қалмасын дегенім ғой...

– Ол тоқырау жылдары ғой, бір адам үшін 36 мешіт салу деген оңай шаруа емес! Соншама қаржыны қайдан таптыңыз?

Алла өзі берді! Ұлтыңа еңбек сіңірсем деген адал ниетің болса, жігіт адамға ақша табу қиын емес!

– Міне, Сізбен танысып, әңгімелесіп жүргеніме біраз уақыт болды. Сіз марқұм Дінмұхамед Қонаевты, Қаратай Тұрысовты аузыңыздан тастамайсыз. Сол жайында, жалпы өзіңіз көрген, дәмдес болған қазақ зиялылары туралы айтыңызшы. 

Иә, қазақтың небір марғасқа тұлғаларымен таныс, дәмдес болдым. Менің Алматыда тұратын Дәулен деген нағашы ағам болды. Манағы би Есмағамбеттің баласы. Ол кісі Санжар Жандосовпен өте жақын дос болатын. Дәулен ағам Санжар ағаға мені де таныстырды. 1987 жылы қыркүйек айында Москваның Домодедово аэрапортында сол жақсы көретін ағам Санжар Жандосовпен кездесіп қалдым. Санжар аға мені құшақтап бетімнен сүйді де, жетелеген күйі Москвадағы бірге оқыған, Маяковский метросында тұратын бір досының  үйіне ертіп барды. Өткен-кеткен әңгімелерін айтып, үш күн бірге болды. Мені ешқайда жібермейді. Жұма күні Москва түбіндегі Переделькиноға орналасқан Шыңғыс Айтматовтың саяжайына бардық. Сол жерде Санжар аға Қаратай Тұрысовпен таныстырды. Кетерінде Қарекең маған үйінің, жұмысының телефон нөмірлерін берді. Қаратай аға ол кезде бүкіл СССР-дың Кәсіподағын басқаратын. Бір-екі күннен кейін жұмысына телефон соғып едім, қуанып кетті. Машинасын жіберіп, мені өзіне алдыртты. Ол кезде екінші дүниежүзілік соғыста Рейхстагқа ту тіккен грузин Мелито́н Варла́мович Канта́рия деп тұрақтандырылып, жеңістің даңқы мен марапатын соған жазатын. Ал, біздің Рахымжан Қошқарбаевты мойындамайтын. Сол Мелито́н Варла́мович «Москва» қонақ үйінің 418-бөлмесінде жатады екен. Қаратай аға маған да сол кісі орналасқан қабаттың  420-бөлмесінен орын алып берді. Мелито́н өздігінен жүріп-тұра алмай, мүгедектер арбасында отыратын. Қасында сегіз қорғаушы қызметкері бар. Қаратай аға маған «Мұхамет бауырым, сен мына кісімен жайлап таныс. Асықпай сырлас, күнде соғыс туралы әңгімелес. Сол әңгімелеріңді ай-күн, сағатымен күнде қағаз бетіне естелікке түртіп отыр. Қанша уақыт кетсе де мейлі, жата бер осы жерде. Тек осы кісінің аузынан Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен шынымен кім екенін анықтап біл!» деді. Сенесіз бе, мен сол қонақ үйде, Канта́рияның қасында тұп-тура он ай жаттым. Қарекең бір буда талон берді, тамақ тегін. Мелито́нмен әбден жақындасып, керемет дос болып кеттім. Айына бір рет екі-үш күнге самолетпен Омбыға барып қайтамын. Мен жоқ болсам, Мелито́н іздейтін болды. Омбыдан қазы-қарта, жал-жаяны теңдеп келемін... Бір күні Мелито́н Варла́мович ағынан жарылды: «Біз Михаи́л Алексе́евич Его́ров екеуміз сержантпыз, ал Рахымжан Қошқарбаев – лейтенант. Рейхстагқа жеңіс туын бірінші болып тіккен сол! Біз Рахымжанға көмекші болдық...» деп. Мен бөлмеме келдім де, Мелито́нның аузынан шыққан сол сөздерді түгел ақ қағазға жазып үлгердім... Сосын  сол дәптерді Қаратай аға Тұрысовтың қолына бердім. Ол кісі оқып, қатты қуанды, құшақтап бетімнен сүйді. Рақмет айтты. Ар жағы өздеріңізге белгілі, қазір Рейхстагқа жеңіс туын бірінші болып тіккен Рахымжан Қошқарбаев екені толық мойындалды. Содан бастап, Қарекең маған туған ағамдай болып кетті. Москвада қызмет істеген қазақ аз ба?! Міне, Қаратай аға осындай кісі болатын! Мен де қатты сағынып жүрем ол кісіні. Жатқан жері Жаннатта болсын!

Ал, Димаш Ахметұлы Қонаев жайлы айтайын. Біздің  Тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат аға Нұрмағамбетовпен туыстығымыз бар. Ол кісі менің аталарымды, бабаларымды, нағашыларымды жақсы біледі. Мені жақсы көретін. Алматыда Медеуге бара жатқанда оң жақта Қорғаныс министрлігінің әскери санаториясы бар. 1992 жылы мен сол санаториядағы Сағадат ағаның резиденциясында бес ай тұрдым. Сол кезде Сағадат аға мені Димекеңе өзі ертіп барып таныстырды. Аз күн өткен соң мен Омбыдан самолетпен тірідей екі қой, 40 литр қымыз,  жылқы етін өзім барып алып келіп, қойды сойып, Димаш ағаны сол үйге қонаққа шақырдым. Қасында бірге болсын деп, Петропавлдан (СҚО) Есім Шайкин мен Шаймұрат Смағұловты алдырдым. Үш күннен кейін бізді Димаш аға үйіне шақырды. Димекең үйінде Бәйкен Әшімов те болды. Димекең маған қолын қойып, өзі жазған кітаптарын сыйлады. Содан бастап мен ол кісімен жиі-жиі кездесіп тұрдым. Қатты жақсы көрдім.

Тағы бір сыйлас кісім – Мұхтар аға Шаханов! Ол кісінің де отбасында болдым, анасының қолынан дәм таттым.

– Дұрыс екен! Бір сөзіңізде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау туралы Қор аштым деп қалдыңыз. Енді сол Қор туралы білгіміз келеді. Ол Қор жалпы немен айналысады?

1991 жылы 15 қыркүйектен 5 қазанға дейін Моңғолия елінде ұлттық Саятшылық күндері өтті. Оны Корольдардың ізбасарлары ұйымдастырды. Жалғыз Араб елдерінің ғана емес, Еуропа, Скандинавия елдері Корольдарының да ізбасарлары қатысты. Құс салып, серуен құрды. Сол жылдың 17-қыркүйегі күні кешкі аста радио тыңдап отырған Дания Королінің ізбасары «Орыстың Қазақстан деген колониясы Семей ядролық полигонын жауыпты» деген жаңалықты жеткізді. Отырғандар елең ете түсті. Бірақ, солардың көбі, тіпті түгелге жуығы Қазақстанды, оның президентінің кім екенін білмейді екен.

Мені бұл жерге шақырып, алып барған Кувейт Әмірінің ізбасарлары Мұхамет Ас-Сабах деген кісі болатын. Өзі Москвада оқыған, орыс, ағылшын қатарлы жеті тілді жетік білетін жігіт еді. Сол досым мені қасына шақырып алып: «Мұхамет, сіз мыналарға Қазақстан туралы түсіндіріп айтыңыз, мен аударып беремін» деді. Мен орнымнан тұрып, өз елім жайлы түсінік бердім. Семей ядролық полигонын жабуға бұйрық шығарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Оның Қазақстан Республикасының президенті екенін мақтанышпен айттым. Және осы еңбегі үшін оған Нобель сыйлығын беру керек дедім! Саятшылық құруға он бес елден келген шетелдік қонақтар түгел  кезекпен келіп, менің қолымды қысты, құттықтады, қостады. Әлі есімде бірінші келіп құттықтаған – Швеция Королінің ізбасары.

Сол күннен бастап мен Семей ядролық полигоны туралы құжаттар іздеуге кірістім. Семей, Курчатов қалаларына он-он бес мәрте барып, мардымды ештеңе таба алмадым. Көп құжаттар мен құжатты фильмдерді Москвадан тілін тауып, сатып алдым. 2000 жылы қаңтарда Елбасын қолдау мақсатында «Евразия-мир» деген халықаралық Қор аштым. Сол жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсындым. Сол жылдан бастап, қазірге дейін жылда ұсынумен келемін. Осы барғанымда Нобель сыйлығын беретін комитеттің адамдарымен жақын тынысып кеттім. Елбасымыздың бұл сыйлықты нағыз алатын кезі – 2009 жыл еді. Өкінішке орай, мемлекеттік жауапты қызметтегі бір үлкен тұлғаның кесірі тиді. Негізі, Нобель сыйлығын беретін комитетте өте ақылды адамдар жұмыс істейді. Олар қай елде не болып жатқанын түгел біліп отырады. Сосын, ел ойлайды, Нобель сыйлығын кімге беруді еврейлер шешеді деп. Мүлде олай емес! Шешімді өздері жасайды. Керісінше, еврейлер мен орыстарды норвегиялықтар мен швециялықтар жақтыра бермейді. Мысалы, Швеция үкіметі «Жер жүзінде Палестина мемлекеті бар» деп мойындап, Стокгольм қаласынан Палестинаның елшілігін ашты. Оны қолдаған Норвегия үкіметі. Соған еврейлер жынданып кетті. Енді Норвегияның өзінен – Осло қаласынан да Палестина мемлекетінің елшілігі ашылмақ. Ал, біздің шенеуніктер салпақтап сол еврейлердің соңында жүр...

Сіздің бұл еңбегіңізден Елбасының хабары бар ма?

 Бар. 2000 жылы 17 тамызда маған Елбасының қолы қойылған, рақмет айтқан, ризалығын білдірген «Алғыс хат» келді.

 Елбасымыздың Нобель сыйлығына ұсынылғаны туралы әңгімені біз де естіп жүрміз. Жалпы, бұлқыныс бар, жұлқыныс жоқ... Басы-қасында жүр екенсіз, айтыңызшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол сыйлықты алуға мүмкіндігі бар ма? Немесе кім кедергі болып тұр?

Мүмкіндік жетеді. Баяғыда алуға болатын еді. Әлі де кеш емес. Жоғарыда айттым ғой, Нобель сыйлығын беретін комитеттің  адамдарымен жақын таныспын деп. Әрине, қазір біздің Қазақстанды, оның президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіл әлем таниды. Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі мен адамзатқа қауіп төндіретін тажал қарудан өз еркімен ерте бас тарту саясатының маңызы жыл өткен сайын арта түсуде. Біздің ежелден бейбітшілікті сүйетін халық екенімізді шын дәлелдеді. Сөйтіп, АҚШ-тан бастап, барлық алпауыт елдер бұл жағынан Қазақ елін дүниеге үлгі етіп көрсетуде. Сосын, бұл – құнын мәңгі жоймайтын еңбек!

Ал, Елбасымыздың Нобель сыйлығын алу жағына келсек, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – мемлекет басқарып отырған тұлға. Биыл бұл сыйлыққа төрт жүзге жуық кандидат ұсынылып отыр. Бұл жерде ақын-жазушылар мен ғалымдарға қойылатын талапқа қарағанда, президентке (саясаткерге) қойылатын талап мүлде өзгеше! Президенттердің атқарған ісімен бірге, айналасындағы қызметкерлерінің жасаған тірлігі де қатаң сарапқа салынады. Мысалы, басқаны айтпай-ақ қояйын сізге, Қостанай облысын басқарып тұрған кезінде Сергей Кулагиннің Рудный қаласындағы Иоанно-Богословск соборының (шiркеуiнiң) қабырғасына суретiн салдырып, өзін христиандардың құдайы Ииусус Христоспен (Иса пайғамбармен) қатар қоюының өзі-ақ жеткілікті кедергі. «Сергей Кулагин құдай емес қой, неге жазаға тартылмайды? Биліктен неге кетірмейді?» деп, 2015 жылы 9-12 шілде аралығында Украинаның астанасы Киев қаласында болған күндерінде Еуропарламенттің депутаттары мен Нобель сыйлығы комитетінің мүшелері менен тұп-тура осы шіркеудегі сурет мәселесін сұрады. 2012 жылы осы себептен Нобель сыйлы берілмеді! Сергей Кулагин әлем алдында Еліміздің сағын сындырды, ҰЯТҚА ҚАЛДЫРДЫ.Қостанай облысын 7 жыл 10 ай басқарған кезінде 21 шіркеу салған. Ондай сәулетті шіркеулер Ресейде де жоқ. Мен шіркеу салуға қарсы емеспін, бірақ орнымен болу керек қой! Әлде, облыста әкім атқаратын басқа жұмыс жоқ па екен?!

Ал, сол Сергей Кулагин қазір Ақмола облысын басқарып отыр. Экономикалық дағдарыстың қыспағы қысып тұрғаны мынау, Елбасының үнемшілдік туралы қатаң тапсырмасы бар. Соған қарамастан, ол Көкшетау қаласынан тағы «шiркеу саламын» деп, аудан әкімдеріне 10 миллион теңгеден 20 миллионға дейін салық салып, ақша жиып жатыр.  Тауып бере алмаған аудан басшыларын боқтап, «жұмыстан шығарамын» деп қорқытуда! Әуелі, Елбасынан бастап, бүкіл қазақты «жұмыртқабас» (яйцеголовие) деп айтады екен!

Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобель сыйлығы неге берілмейді? Бірден беріледі. Берілу мүмкіндігі өте зор! Оған менің сенімім кәміл!! Арманым да сол! Бірақ, Елбасының жанында әкім Сергей Кулагин сияқтылар жүрмеуі керек!..

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

 

Сұхбаттасқан

Ауыт Мұқибек

 

«Қала мен Дала» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963