Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6797 0 пікір 22 Сәуір, 2016 сағат 12:53

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ 117 РЕКТОРДАН ТҰРМАЙТЫН ШЫҒАР?

2015 жылы 11 желтоқсанда ҚР Білім және Ғылым министрлігінің кеңейтілген мәжілісінде 117 жоғарғы оқу орындарының ректорлары «Қазақстан тарихы» пәнін «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәнімен ауыстыруды бірауыздан қолдапты. «Қазіргі Қазақстан тарихы» бұл «жаңа пән» 1991 жылдан яғни тек Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытты ғана қамтиды. Сонда мұқым бір халықтың тарихын тереңдетіп оқытуға қарсы болған ректорлар  жастардың келешегіне балта шауып, оларды отан сүйгіштік сезімге тәрбиелейтін пән-Қазақстан тарихын оқыту қажет емес деген шешім шығарыпты. Ал сол жастардың ата-анасы бұл  қатарлі шешімге  қазақтар  не айтар екен? Қазақ халқы 117 ректор мен министрліктегі жағымпаз жандайшаптардан  ғана тұрмайтын шығар.

Ал тарих деген мазмұны терең рухани ұғымның адам санасының, дүниетанымының, елдің, ұлттың хал-ахуалының дамуына, қоғамдық қарым-қатынастардың дұрыс қалыптасу дәрежесіне тигізер әсері ерекше. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы да тіпті де мүмкін емес.
Ал осы тарихтың маңызы қандай екендігін Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатов кезінде дәлелдеп кеткен.

Ол "тарих дейтін-бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын; бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын ғылым. Қазақтың көбі оны "Шежіре" деп атайды. Бұ заманның ғалымдары тарих атауын ең оңды атау деп біледі. Тарих-түзу жөнді үйретуші. Тарих-халықты түзу жөнге сілтеуші болса, оған дүниеде түзушіліктің кітабы (әділеттіліктің барометрі, қосқан мен Е.Қ. ) тіршіліктің жолбасшысы деуге болады". Келешек күннің қандай болатындығын білуге тарих анық құрал болады.

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ұлт қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Егер бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс.

Тарихтың айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі, олардың дүниеде не істеп, не бітіретіндігі, қандай құты барлығы, ол құтты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зардап көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұшпаны кімдер болғаны, не себептен бағы тайғандығы және осыған ұқсас істердің барлығын тарих түсіндіріп тұрады. Бұрынғы бабаларымыздың басынан кешкен жақсы-жаман қандай уақиға бар болса, оның бәрінің өзіндік себебі болған. Со секілді келешекте біздің басымызға түсетін сондай бір оқиғалар осы күнде қылып жүрген ісіміздің нәтижесі болмақ. Тарихты оқысақ, онда қандай істен қандай нәтиже туатынын анық білеміз. Жақсы істен - жақсылық, жаман істен - жамандық тумақшы. Егер тарихты оқып білсек, пайдалы істің қандай екенін білеміз. Залалды істен қашамыз. Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз. Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, сөздің бәрі кейінгілерге тарих болып қалады". Күні бүгін дүниеде ешбір нәрсенің асылы білінбей қалған жоқ. Әр нәрсенің түбі тексерілді, асылы білінді. Білімі артық, көзі ашық жұрттар дүниедегі адам баласының асылын, нәсілін тексеріп болып, барлығын кітапқа жазды. Бөтен жұрттар қатарында ала бөтен біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы толық жазылған жоқ. Бүгін Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қаншама миллион қазақтың тарихы көмескі қалып та тұрған жайы бар.

Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қаншама кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтатыны жоқ. Арабша, түрікше, орысша біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа хараб, шіп-шикі өтірік. - деп жазуы тегін болмаса керек.
(М.Дулатов. Түрік баласы. "Қазақ", 1913ж. №2, №7)

Қазақ зиялысының тарихқа берген бұл сипттамасы, Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихын ол жерді мекендеуші барлық ұлт өкілдерінің, яғни республика азаматтарының барлығының оқып білуін міндеттейді. Сондықтан бұл пән мемлекеттік маңызы бар үлкен шара ретінде бағаланып, барлық жоғары білім беретін оқу орындарында оқытылып отыр. Біз өткенімізге үңіліп одан сабақ алмасақ, онда келешектегі бағыт-бағдарымызда қателіктерге ұрындыратын жағдайларға жол беруіміз мүмкін. Сондықтан осы қағиданы терең түсініп, оны бағалай білуіміз қажет және Отан тарихын Жоғарғы оқу орындарында оқытуды тоқтату тоқтатпауды халықтан сұрауы керек.

Ал ұсынылып отырған Қазіргі заман тарихы-Тәуелсіздік тарихы жағымпаздардың жазған жалған шатпырағы, ол да уакыт сынынан өте алмай кеңес дәуіріндегі ГЕРОНТОКРАТТАР ( жасы жеткен адамдардың билігі) жүргізген жалаң саясаттың тарихы секілді "ақтаңдақтарға" толы болатынына кепілдік берем.

Есенғазы Қуандық,  тарих ғылымдарының докторы,  профессор. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377