ШЫННЫҢ ЖҮЗІ: ХАСАН ОРАЛТАЙ (видео)
Хасан Оралтай есімі шетелдегі және атамекен Қазақстандағы қазақ баласына мәлім. Түркия, Еуропадағы қазақ ішінен суырылып шығып, шетттегі қазақтын рухын түсірмей, алыста жүрсе де қазақтың азаттығы үшін күрескен Хасан Қалибекұлының "Шынның жүзі" хабарына берген сұхбатын Әбілбашар Ілиясұлының ұсынуымен жариялап отырмыз.
abai.kz
Өмірбаян
Хасан Оралтай Қалибекұлы – белгілі жазушы, журналист, тарихшы, аудармашы, редактор, шеттегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, барша түрік әлеміне танымал қоғам қайраткері, шоқайтанушы, «Азаттық» радиосы қазақ бөлімшесінің бұрынғы басшысы, Алаш көсемдерінің ізін жалғастырушы, он бес кітаптың, жүздеген мақалалардың авторы. 1933 жылы Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай аймағы, Майлыжайырда дүниеге келген. Әкесі Қалибек Райымбекұлы 1940-1949 жылдардағы Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі болған. Азаттық аңсаған әке мұраты қазақтың ұлттық тілін, ділін, дінін сақтау үшін қытай коммунистеріне қарсы күресе отырып, Такламакан шөлін, Гималай тауын, Үндістан, Кашмир жерлерін аса қиындықпен басып, туыстас түрік елі Түркияға қоныс тепті. Х.Оралтай да осы көш қиыншылығын әкесімен бірге көрді және одан тағлым ала білді. Үндістанда ағылшын тілін меңгерді. Түркияда түрік және ағылшын тілдерін дамытып, өмір жолын журналист болудан бастайды. Қазақ халқының ұлттық болмысын, мәдениеті мен тарихын түрік оқырмандарына таныстырды.
Хасан Оралтай көптеген кітаптардың авторы. Тұңғыш рет 1955 жылы «Гималай дастанын» шығарды. 1961 жылы «Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресі», 1965 жылы «Үлкен түрікшіл ақын Мағжан Жұмабайұлы», 1971 жылы «Абылай хан» дастаны, 1973 жылы «Алаш – Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны», 1986 жылы «Қазақ түріктері», «Елім-айлап өткен өмір» (Стамбул,1999; Алматы, 2005), 2006 жылы «Елім-айлап өткен өмірден соң» т.б. еңбектері жарық көрді. Измирде «Үлкен түрік елі» журналын, «Коммунизммен соғыс» газетін шығарды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын әлемдік деңгейге көтеріп, АҚШ конгресінде айтқызды. 1996 жылдан бастап Алматыда «Мұстафа Шоқай» атындағы қор құрып, «Жас Түркістан» журналын шығаруға басшылық етті. 1968 жылдан бастап Германияның Мюнхен қаласында «Азаттық» радиосында қызмет атқарды. «Азаттық» радиосындағы 28 жылдық қажырлы еңбегінде 8 жыл бойы қазақ бөлімін басқарды. «Азаттық» радиосын ұтымды пайдалана отырып, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресті. Халқымыздың ұлттық құндылықтарын, соның ішінде Алаш идеясын, Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттады. «Азаттық» радиосынан Алашорда жетекшілерінің шығармаларын таныстырумен қатар олардың өмірбаян деректері мен шығармаларын жинақтады.
Abai.kz