АСҚАР ЖӘКУЛИННІҢ ӨСИЕТІ
Кәсіпкер, меценат Асқар Әнуарұлы Жәкулин өткен айда (02.02.2016) қайтыс болды. Өзінің өсиеті бойынша Алматыға жерленді. Ол обыр (рак) ауруымен он жеті ай бойы күресті. Шанхайда, Бейжіңде, Токиода емделді. Аталған хат Жапон дәрігерлерінің бұл сырқат жөніндегі шынайы әңгімесін тыңдағаннан кейін Асқардың қолына қалам алған бетте бірден жазып тастаған төрт парақ қолжазбасы еді.
Асқар Әнуарұлы Жәкулиннің екі тегі де қаракөк болған. Өзінің атасы Жәкулә Күшікұлы 1885 жылы Омбыдағы фельшерлік техникумды бітірген. Сол замандағы патша армиясының әскери дәрігері болып жүріп, 1909 -жылы сол кездегі Прожевский (Қырғыз жерінде) губерниясының хатшысы деңгейіне дейін көтерілген. Жиырмасыншы жылдары Алаш қозғалысы өкілдерімен идеялас болғаны үшін қудаланып, соңында отбасымен бірге қарулы қарсылықпен Шәуешекке өткен кісі. 1933 жылы Шәуешекте белгісіз жағдайда оққа ұшқан.
Жәкуланын інісі - Әбілмажін де 1912-1917 ж. Варшава мал дәрігерлік иниститутын бітірген кісі. 1936 жылы алашшыл "халық жауы" ретінде атылған. Нағашы тегі де Қу дауысты Құттыбай би, Байғара би, Ақтайлақ би болып, Абылай Хан заманынынан бастау алатын әйгілі тұлғалардан келеді.(Құттыбай мен Ақтайлақ 1761 және 1773 жылдары хан елшісі ретінде Пекинге барып Чин императорымен келіссөз жүргізген кісілер).
Ал Асқардың әкесі Әнуар, оның ағасы Мағауия Қытайдағы үш аймақ үкіметінің белді кадрлары еді. Ол жақта Іле қазақ автономиялы облысы құрыларда екеуі екі аймаққа басшы болған. Анасы - Бәтима Жәкулина да өз ғұмырында үлкен лауазымды қызметке жеткен жазушы, шешен тілді аса тәрбиелі, беделді адам болып еді.
Асқар өзі қытайда үлкен қалада туып, қытай бала бақшасынан бастап, мектебін бітіріп, жоғарғы оқу орны - Щинхуа университетін үздік бітірген және 1989 жылы өзі оқыған университетте еңбек жолын бастаған болатын. Студенттер арасындығы дебаттарда ораторлығымен көзге түскен. Білім іздеп, жаңа өріс іздеп Еуропаға кетті, Германияда тұрды. Кейін Қытайға қайта келіп, Бейжіңде ірі жеке меншік құрылыс компаниясын құрып, ірі ғимараттар тұрғызды. Бай-дәулетті болды. Отбасын құрды. Сөйте тұра сәбилі болар сәттерінде Бейжіңдегі дәулеттің бәрін тастап, жары Жәйнаны жетелеп Тәуелсіз Қазақстанға - Алматыға біржолата оралды.
Онымен сұхбаттас болған, сырлас болған азаматтар Асекеңнің соншама терең білімді екенін, еліне, ұлтына, ұлттық мемлекетіне деген сүйіспеншілігі шексіз екенін және оның биік мәдениетті әрі жайсаң азамат екенін айтады. Ол Атымтай жомарт, үлкен меценат еді. Әрі керемет іскер ұйымдастырушы еді. Қазақстанға келгеннен кейін, ол «Асай» компаниясын құрып, оны ірі қаржылық мекемеге айналдырды. Ірі мәдени шараларды ұйымдастырды.
Аталған хат азаматтың көз алдынан дөңгеленіп кетіп бара жатқан жарық дүниеге деген құштарлығын, қимастығын, қанағатын және болашаққа аманатын көрсетеді. Асқардың қырық күндік нәзіріне жиналған азаматтарға көрсетуге арналған шағын видио әлеуметтік желілерде үлкен аңыс (резонанс) қозғады. Біз бұл хаттың түсіндірмесін көрсетіп, «Абай» ақпараттық порталына арнайы жолдап отырмыз.
Жалпы әлеуметтік желі тұтынушыларына, алыстағы ағайындарға оның ішінде тек қытай тілінде ғана білім алып жатқан қытайдағы қазақ балаларына (2006 жыл қытайдағы 733 қазақ мектебі жабылып, негізгі білім беру қытай тіліне көшкен) әсер етер, үлгі болар, олардың отанға деген сүйіспеншілігін арттырар, ұлттық мемлекетіне оралуына түрткі болар деген оймен жарияланғанын дұрыс көрдік.
Асқар Жәкулин бірнеше тілде (қытай, неміс , ағылшын, түрік жане өз ана тілінде ) еркін сөйлейтін. Елге оралған соң қазіргі кириллица жазуымен қоса орыс тілін де жақсы меңгеріп алып еді. Ұйғыр тілінде де әдемі әзілдер айтып, шалқая шашылып күлетіні болатын. Әсіресе, өз тіліміздегі патриоттық өлеңдерді тебіреніп, шалқып, көзі мөлдіреп тұрып оқитын. Солайда оның қаламына ең оңтайлы, ойын көркем жеткізетін, қиялына ілесе кететін жазу - қытай иероглифы болатын.
Біз қытай ироглифінде ақпарат қабылдайтын (қытайдағы қазақ оқушыларын) жастарды назарға алып, сонымен бірге мәтіннің дәлме-дәл қазақша берілгенін көрсету мақсатында фонға түп нұсқаны қоса жібердік...
Алмас Ахметбекұлы
Abai.kz