«ТҮНЕКТЕН ОРАЛҒАН ЕСІМДЕРДІҢ» ЕКІНШІ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың 30-шы жылдардағы қуғын-сүргінде саяси жазаға ұшыраған тарихи тұлғалар жайында жазған «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық жинағының «Іргетас» атты екінші кітабы Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді (Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих. 2-кітап.– Іргетас. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016. – 192 бет + 4 жапсырма бет). Қаламгер бұл кітабына кеңестік саяси репрессиялар жылдарында жапа шеккен он шақты тұлғаның өмірі мен қызметін арқау еткен.
Аталмыш томдағы материалдар, мәселен, қазақ азаттық қозғалысының алғы шебінде болған демократ, ағартушы, қайраткер Бақытжан Бисәліұлы Қаратаевтың патша әкімшілігінің заң бұзушылығын әшкерелеп, он алтыншы жыл көтерілісшілеріне ара түскені, жер-су мәселесіндегі күрескерлігі, өзге де іс-әрекеттері жөнінен мағлұматтар береді. Шығыстанушы, ұлт-азаттық қозғалыстың Түркістан өлкесіндегі белсенді қатысушысы, азаттық күрескері, еңбегі жұртшылыққа әлі жете таныла қоймаған Серәлі Лапиннің ғылымдағы жолы мен қоғамдық қызметін қарастырады. Қазақ мүддесін күйттемек мәселені І Мемлекеттік дума мінберіне тұңғыш алып шыққан алғашқы заңгерлердің бірі, ұлттық қозғалысқа да, кеңестік құрылысқа да еңбек сіңірген Ахмет Бірімжанов, отарлық ауыр ахуалды қазақ зиялыларының басын қосып талқыламаққа талпынғаны үшін каторгаға айдалған, одан бірінші орыс революциясының дүмпуімен босанып, мұсылман қозғалысына атсалысқан, алғашқы екі Думаға да депутаттыққа сайланған Шәймерден Қосшығұлов жайында әңгімелейді. Ұлтымыздың ар-ожданы атанған Ахмет Байтұрсыновтың саяси көзқарасын ашады, ахметтанудың азаматтарды тарих арқылы тәрбиелеудегі маңызын, оның өмір жолының тағылымды тұстарын сөз етеді.
Кітапта, сондай-ақ, қазақтар үшін тұңғыш «Әліппе» кітабын жазған ағартушы, ұлттық қозғалыстың оңтүстік өңірдегі белсендісі, ғалым, зерттеуші Қоңырқожа Қожықов, Ахмет Байтұрсынов репрессияланғаннан кейін тіл ғылымы саласындағы жаңа кезеңнің бастауында тұрған ғалым Құдайберген Жұбанов, «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйрин, әскери дәрігер, ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедов, заңгер Жақып Ақбаев, кеңестік қызметкер Абылай Серғазиев, кеңестік ұранмен ұлтқа қызмет етуге тырысқан қырғыз азаматы Төреқұл Жанұзақов сынды азаттық күрескерлері туралы тың мәліметтер бар.
Жинақ Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бүткіл ұлттың азаттығы жолына басын тіккен күрескерлерінің рухтарына арналып шығарылып отыр. Оның Отан тарихымен әуестенетіндердің, зерттеушілердің, студенттердің, оқушылардың, қалың көпшіліктің кәдесіне асары күмәнсіз. Кітапқа қызығушылық танытып, сатып алғысы келетін азаматтар (8 727) 374-83-42, 8 701 746 33 01 телефондарына хабарласуына болады.
Abai.kz