САВЧЕНКО АШТЫҚТЫ ТОҚТАТПАЙДЫ
Ресейдің Новочеркасск қаласындағы тергеу абақтысында отырған украиналық әскери қызметші Надежда Савченкомен сенбі күні қоғамдық бақылаушылар Валентина Череватенко мен Владимир Катасонов кездесті.
Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында журналист Виктория Ивлева хабарлады. Бақылаушылардың айтуынша, Савченконың жағдайы тұрақты, түрмеде күніне екі рет оның қан қысымы мен дене температурасы өлшейді, бірақ ол едициналық тексеруден бас тартқан. Тұтқын тек су ғана ішеді. Оған тамақты күштеп беру оқиғасы болмаған.
"...Менің аштықты доғармайтынымды барлығы түсінеді. Мен бұл елде [түрмеде] отыруға да, өмір сүруге де бейілді емеспін" деген Надежда Савченконың сөзін жеткізген онымен жүздескен Череватенко.
10 наурызда Савченконың адвокаты Марк Фейгин тұтқын жариялап жатқан құрғақ аштықты Украина президенті Петр Порошенконың жеке өтініші бойынша тоқтатқаны туралы хабарлаған еді. Бірақ кейін "президент хаты" жалған екені анықталып, Фейгин оған байланысты ол хатты өздері жазғандарын мойындаған екі адамның үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрап шағым түсіретінін мәлімдеген.
Наурыздың 21-і мен 22-і күндері Ростов облысы Донецк қалалық соты 2014 жылы Украина шығысында ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар деп айыпталған Надежда Савченкоға сот үкімін жариялауы тиіс.
Савченко өзіне тағылған айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Украина мен Ресейде және әлемнің өзге де елдерінде Надежда Савченконы дереу босатуды талап еткен наразылық акциялары өтіп жатыр.
Абай-ақпарат