Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5419 0 пікір 15 Сәуір, 2016 сағат 13:00

«ABAI.KZ» - БҮГІНГІ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНЕ АЙНАЛҒАН САЙТ


Бүгін «Abai.kz» Ұлттық порталының қазақ ақпарат кеңістігіне қосылғанына 7 жыл толды. Осы уақыт аралығында сайтымыз қоғамның барлық  келелі, келеңсіз, көңілді, көңілсіз, сұрықты, сүреңсіз жағдаяттарын бүкпесіз жазып, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне етене араласып келеді. Атқарылған шаруаға шалқайып, шідірейіп емес, Алаш жұртын алаңдатқан мәселелерге мұқият қарайтын «Abai.kz» порталын құттықтап еліміздің түкпір-түкпірінен оқырмандар хабарласып жатыр-ақ. Солардың ішінде  Парламент өкілдері  де ұлт зиялыларының ұйысатын ортасына, алаңына айналған «Abai.kz» порталына жылы лебіздерін білдірген. Солардың бірсыпарысын сіздермен бөліскенді жөн санадық.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазақтың Ұлы ақыны, данышпаны – Абай Құнанбайұлының есімін иеленген «Abai.kz» сайты биыл жеті жасқа жасқа толып отыр. Ұлттың һәм мемлекеттің жүгін арқалап келе жатқан ақпарат құралдарының бірі деп білемін мен бұл сайтты. Мен және менің әріптестерім «Abai.kz» сайтына күніне екі-үш мәрте кіріп, не жазып жатыр екен деп елеңдеп отыратынымыз жасырын емес. Себебі, бүгінгі қоғамдағы  өзекті мәселелерді өткір әрі жан-жақты жазатын, жетер жеріне жеткізіп жазатын, Мемлекет, ұлт үшін маңызды дүниелерді нақ жазатын ұлттық ақпараттық тораптардың ішінше бірден-бірі деп түсінемін.

Биліктің осал тұстарын,  ұлттық мәселелерге байланысты жетпей жатқан жерлерін айтып көрсететін, батыл айтып қана қоймай оның шешу жолдарын да бізге көрсетіп отыратын осы  - Abai.kz сайты екеніне бүгін ешкімнің дауы жоқ. Сонымен бірге, біздің зиялы қауымның жақсы пікірлерін, кейбір республикалық деген газеттер жаза алмайтын, баса алмайтын көптеген өткір мәселелерді осы - Abai.kz-тен көріп жатамыз.

Мен ғана емес, Сенаттағы көп депутат әріптестерім Ұлттық – Абай сайтын қарап отырады. Тіпті, осы сайттағы  мақалаларды талдап отырады. Сол мақалардың басым бөлігі бізге Сенат қабырғасында мәселелер көтеруге түрткі болатыны шындық.

Сондықтан, «Abai.kz» - бұл шағын ғана коллективтің емес, бүкіл ұлттық рухын оятып, санасын тірілтетін, кешегі «Қазақ», «Айқап» газеттерінің бүгінгі аналогы деп білемін.

Еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін!

 

Алдан Смайыл, экс-депутат, жазушы, публицист:

Расымен де, біраз уақыттан бері көз қуанышымызға айналған интернет газет қой – «Abai.kz». Әсіресе мынау ұлттық мәселелерге, ұлттық намысты оятатын, жастар санасына сілкініс әкеліп, рухымызды қамшылайтын мақалалар көп жазылады. Қазір «Abai.kz» порталы қазақ тілді ақпарат кеңістігіндегі еркін пікір алмасатын алаңға айналды. Біздің ақпараттық кеңістікті жалпы алған кезде, мынау ақиқатты айта алатын, мүмкіндігінше айта алатын, түсіндіріп айта алатын өздеріңз секілді бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстырып қарайтын болсақ, «Abai.kz» порталы солардың көшін бастап келе жатыр.

Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Қазір не көп, газет пен журнал көп! Жақсы дейміз. Тағы да не көп, түрлі сайттар көп! Бұған да жақсы дейміз. Алайда, ұлтым деген ұл мен қыздың, халқым дейтін қалың көптің көңілінен шығар сайттың бірі осы «Абай.KZ» екендігін ерекше айтар едім.  Өзіме солай. Сондықтан да «Абайдың»  беттерін жиі-жиі ақтарып оқып отырамын. Көңілге жағатыны сол, бұл сайтта көбінесе халқымыздың  рухани жан дүниесін байыту, тарихын таразылау, ұлт мүддесін саралау жайында ойлы да сындарлы дүниелер беріліп тұрады.

Сөздің қадірі мен қасиетін терең ұғып, бағалай білген халықтың бірі - біздің қазақ! Олай болса, «Абай» сайты да қазақтың сөз қадірін арттыруға үлес қосып келеді. Әрине, кей-кейде түрлі пікірлердің «жарылысы» болып жататыны да бар. Сол пікір сөздердің орындысы да, орынсызы да кездеседі. Бұл да керек!  Өйткені, біз ертедегі би-шешен бабаларымыз сияқты біреудің сөзі мен пікіріне төрелік айтуды  енді-енді үйрене бастағандаймыз. Сайттар арқылы «айтысып та, тартысып та» жөнге келерміз, есті сөзді танырмыз, соған тоқтармыз деп ойлаймын. Біз қазір осыны үйреніп жатқандаймыз.

«Абай» сайты осы бір ізгі ұстанымда келе жатқандардың бірі. Қазақ сөзінің қадірі мен қасиетін арттырып, жүйелі сөйлеуге келгенде сабыр мен салиқалылық танытулары  көкейге қонады.  Біздің бәріміз де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатын қолдай отырып, «Мәңгілік ел» болу жолындағы ұлт мұратын бәрінен де биік қоюға тиістіміз. Осыны ойлайық!

Бүгінгі күні өзінің жеті жылдығын атап отырған «абайлықтарға» шығармашылық табыстар мен зор абырой тілеймін. Артында даналық сөзі қалған хакім Абайдың ұлағатын берсін!

Abaiz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524