Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4890 0 пікір 16 Шілде, 2016 сағат 12:13

ТҮРКИЯДА НЕ БОЛДЫ?

Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болған 600-ден астам адам ұсталды. Түркия билігі жұма күні кешке елде әскери төңкеріс жасау әрекеті болғандығын хабарлаған еді.  Ел президенті Ердоған әскери төңкеріс жолындағы әрекетті шағын бүлікшіл топ ұйымдастырып отырғанын айтып, халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек,  оқиға салдарынан кем дегенде 60 адам қаза тапқан көрінеді.

Түркиядағы әскери төңкеріс деп сипат беріліп жатқан оқиғаны көрген әріптестеріміз де бар. Соның бірі  Хабар» және «24 KZ» телеарналарының меншікті тілшісі Ержан Жүсіп Түркиядағы оқиға туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне баяндап берді.

Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кеше кешкі уақытта басталған.

«Ешкім бұлай болады деп ойлаған жоқ. Мен бұл уақытта кешкі асымды ішіп отыр едім. Ең бірінші ақпарат Твиттер әлеуметтік желісінде пайда болды. Осы әлеуметтік желіні пайдаланушылар түнгі сағат 22.00 шамасында Анкараның үстінен әскери ұшақтар ұшып жатқандығын, Ыстамбұл қаласында екі көпірдің жабылғандығын жазды.

Кейін, әскерилердің Түркия Президентінің резиденциясын басып алғандығы жайында ақпарат тарады.

Бүлікшілер тобы мұны «әскери төңкеріс»  деп мәлімдеді. Бұдан кейін, 15-20 минуттан соң, алғашқы мәліметтер пайда бола бастады. Адамдар әлеуметтік желі мен телеарналық хабарларды мұқият бақылап отырды», - деді Е. Жүсіп.

Одан әрі Түркияның рейтингтік NTV телеарнасының тікелей эфиріне телефон арқылы Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым шықты.

Ол болып жатқан оқиғаға әскери төңкеріс деп баға беруге болмайтындығын айтты. Премьер халықты тыныштыққа шақырып, қазір жағдайдың тұрақталғандығын, барлығы бақылауға алынғандығын, кінәлілер жазаға тартылатындығын мәлімдеді.

«Бірақ, кейін жағдай шынында да қауіпті бола бастады. Көп ұзамай Президенттің өзі Skype арқылы тікелей эфирге шығып, шын мәнісінде  қарулы күштер саласында қызмет жасайтын белгілі бір әскери адамдар билікті басып алуға әрекет жасағандықтарын, осылайша опасыздыққа барғандарын мәлімдеді.

Ол халықты орталық алаңдарға, әуежайларға шығып, бүлікшілердің әрекетіне наразылық білдіруге шақырды. Осы уақытта Ататүрік әуежайы секілді стратегиялық маңызы бар нысандарға танктер жылжи бастады.

Ұлттық барлау ғимаратының алдында қарулы қақтығыс болды. Төңкерісшілер оны басып алғысы келді.

Олар Ыстамбұлдағы Ішкі істер басқармасын да басып алғысы келіп, ол жаққа танктерді бұрды. Халық Президенттің мәлімдемесінен кейін, көшелерге, алаңдарға шығып, танктердің өтуіне жол бермеді», - деді әріптесіміз «Қазақпаратқа» берген шағын сұхбатында.

Ал әскерилер болса, жемқор билікті тақтан тайдырамыз деп қолға қару алғанға ұқсайды.

«Ең қызығы, Түркияның Қарулы Күштерінің ресми сайтында биліктің басып алынғандығы туралы ақпарат пайда болды. Одан кейін, интернет пен әлеуметтік желілердің  жұмысы нашарлап кетті.

Ал көп ұзамай тұрғындар азық-түлік сатып алу үшін жаппай дүкендерге ағыла бастады. Өйткені, ертеңгі күннің қалай болатыны белгісіз еді. Бұл уақытта банкоматтар, жанар май құю стансалары және қоғамдық көлік жұмыс істемеді. Бұқаралық ақпарат  құралдарының мәлімдеуінше, Ыстамбұлдың кейбір аумақтарында жарылыс дыбыстары естіліпті.

Кейін, бүлікшілер Түркия Қарулы Күштерінің басшысы, олардың қолына кепілдікке алынғандығын мәлімдеді.  Таңға қарай оның жағдайы қалай болғаны белгісіз. Премьер-министр егер де кімде-кім әуеге әскери ұшақтарды немесе тікұшақтарды рұқсатсыз көтеретін болса, атып түсірілетіндігін хабарлады», - деді «Хабар» мен 24 KZ арнасының Түркиядағы тілшісі «ҚазАқпаратқа».

Сондай-ақ, ол Түркия Парламентіне де шабуыл жасалып, 12 адамның жарақат алғандығын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстанның консулдығы Түркияда жүрген қазақстандық студенттерді және басқа да отандастарымызды абай болуға, әзірге үйден далға шықпау керектігін ескерткен.

«Тағы бір айта кететін жайт, Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік төңкеріс жасалу барысында Мармаристегі қонақ үйден шыққаны сол екен, сол қонақ үйге шабуыл жасалған. Оған екі бомба түсті», - деді Е. Жүсіп.

ҚР Сыртқы істер министрлігі қазір Түркиядағы қазақстандықтар үшін жедел желі телефондары жұмыс жасап тұрғанын айтады.  Қосымша сұрақтар туындаған жағдайларда Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық және консулдық мекемелерінде ашылған «жедел телефон желісіне» хабарласуға болады:

- ҚР Елшілігі (Анкара қ.): +90-533-600-6092,

- ҚР Бас консулдығы (Ыстанбұл қ.): +90-542-471-2211,

- ҚР Консулдығы (Анталья қ.): +90-535-418-3532.

Түркиядағы ҚР Елшілігінің мәліметінше, курортты қалалардағы жағдай тұрақты, әйтсе де демалушы қазақстандықтарға қонақүйлерден шықпау керектігі қатаң ескертілді.

Түйін

Жергілікті уақыт бойынша сағат 4.00-де Ердоған Ыстамбұл әуежайында тілшілердің алдына шығып, Түркияда төңкеріс жасамақ болғандарды ең қатал жазаның күтіп тұрғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ердоған бүлік шығарды деп Фетхуллах Гүленді айыптады. Ол, президенттің айтуынша, Пенсильваниядан бұйрық беріп отырған. Фетхуллах Гүлен "Хизмет" қозғалысын басқарады. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543