АЙТУЛЫ КҮНДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАР ЕКЕНБІЗ?..
Биыл жыл соңына қарай екі үлкен дата атап өтіледі. Бірінен екіншісі туындаған аса маңызды оқиғалардың алғашқысы – мызғымастай көрінген социалистік лагерь елдерінің басты ұйтқысы боп тұрған алып та қуатты кеңес империясының іргесін шайқалтқан қазақ жастарының көтерілісі. Оған алдағы желтоқсанда отыз жыл толады. Келесісі – тоталитарлық жүйенің көбесі сөгілуі нәтижесінде көгеннен босап, азаттықпен қауышқан елдер қатарында, біздің еліміздің де мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі. Биыл жиырма бес жылдығы тойланатын осынау тарихи оқиға қаралы да қастерлі жастар толқуы басталған күннен тура бес жыл өткенде болды. Екеуі де қазақ тарихының мән-маңызы ерекше, елеулі белестері. Қалай қарсы алар екенбіз?
Отыз жыл бұрынғы қос жазба...
Жалынды жастарды ұлттық намыс алаңға алып шыққан сонау қаһарлы күндергі оқиғаның бейбіт шеру түрінде қалай басталып, қалай көтеріліс сипатына енгені бүгінде баршаға белгілі. Дегенмен, қағаздарымның арасында сақталып қалған екі жазба негізінде сол күндерді тағы есіме түсіріп отырмын.
Бірі – жастар демонстрациясына қатысқан Асхат Құрманбекұлы Белтаев деген азаматтың бертінде, көтерілістің жиырма жылдығы қарсаңында, «Ұлт тағдыры» қозғалысы басқармасына әкеп тапсырған хаты. Хатында ол 1986 жылғы 17 желтоқсанда түстен кейін жолдастарымен бірге Алматыдағы Жаңа (Брежнев атындағы) алаңға келгендерінде өздері куә болған оқиғаларды баян еткен. Әскерилер, милиционерлер мен халық жасақшылары жастарды «алаңға жібермей қуалап, ұрып-соғып, құлағандарды сүйреп әкетіп жатыр екен». Солар бейбіт қыз-жігітті «тұяқ серіппейтін қойдай көріп басынып бара жатқаннан кейін» бұлар да қарсы әрекетке көшеді. Жасақшылардың «кейбіреулерінің қолындағы қаруларын тартып алып, қарсыласуға тура келді» дейді ол. Содан, өкімет сақшыларымен шайқасудың бірер үрейлі сәтін бастан өткеріп, Асхат, ақыры, қас қарайғанда қасындағы екі жолдасымен жатақханаға қайтпақ болады. «Сол кезде Сәтбаев көшесіне жарықтарын сөндіріп тастаған автобустар келіп тоқтап, ішінен шыққандар тротуарға сапқа тұрып жатты». Бұлар көшенің қарама-қарсы жағынан қарап тұрды. «Окружаем!» деген бұйрықты естіп», олардың жасақшылар екенін түсінді. Жасақшылар «Сәтбаев көшесіндегі қыз-жігіттерді арт жағынан қоршап алды. Алаң жақтан күшті прожекторлар айқастыра жарық түсіріп, жарқылдап жатты. Дауыс зорайтқыш қосылды да: «Жастар, сендерді мұнда нашақорлар мен маскүнемдер бастап келді...» деген сөздер естілді. Алаң жақ у-шу, азан-қазан дауыстарға толды. Сөйлеушінің сөзін қыздардың шыңғырған дауыстары басып кетті. ...Біз жатақханамызға қарай кеттік». Олар жолда аяғы зақымдалған құрбыларын екі жағынан сүйемелдеп әрең жүріп бара жатқан қыздарды көріп, автобуспен ауруханаға жеткізіп салады. Ал өздері қайтқаннан кейін «алаңда не болғанын ертеңіне естідік» дейді ол. Қоршаудан қашып құтылған жігіттердің айтуынша, «алаңға жастардың бәрін өткізіп жіберіп, қоршап алған соң, солдаттар оларды күрекпен, темірмен, дубинкалармен ұра бастаған. Кейбір жігіттер солдаттардың суық қаруларын тартып алып, өздеріне сілтепті. Сонда әскерилер қарсылық көрсеткендерді аяусыз ұрып-соғып, тепкілеген, машиналарға тиеп, қаланың сыртына апарып тастаған» көрінеді. Сондай қатыгездіктер салдарынан көп жас мүгедек болып қалған. Оқиға басылғаннан кейін жұмыстан, оқудан, жатақханалардан шығарып қана қоймай, «үндеріңді шығармаңдар, көздеріңді жоғалтыңдар, қаладан кетіңдер, өйтпесеңдер соттаймыз» деп қорқытып, астанадан кетуге мәжбүрледі емес пе. Жатақханалар қаңырап бос қалды». Осыларды айта келе, желтоқсаншы жігіт хатын былай аяқтапты: «Сіздер түсініңіздер, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бәріне бірдей үй, ақша емес керегі. Бізге керегі – шынайы шындық. Әлі күнге дейін өзіміздің тіліміз, өзіміздің шындығымыз, өзіміздің құқығымыз ұлттық сипатта емес. Мені қазір ойландыратын нәрсе – біздің істей алмағандарымыз балаларымызға салмақ болмай ма, әйтпесе, тіпті, немерелеріміз мәңгүрт болып кете ме деп қауіптенемін».
Асхатты оқиғадан жиырма жыл өткеннен кейін де толғандырған жәйтті менің қолымдағы екінші айғақ – сол дүбірлі желтоқсан күндері жоғарғы жақтарға жолданған хаттардың бірі толықтырып тұр еді. Дұрысында, хаттың түпнұсқасы емес, жолма-жол тәржімесі. Оның менің қолыма тию сыры мынадай. Оқиға кезінде Жоғарғы Кеңес Төралқасының аппаратына түскен хаттардың біреуін тез орысшалап беру маған тапсырылды. Төралқа Төрағасы тосып отыр, шұғыл жасап, тікелей өзіне апарып беруім керек делінді. Машинкалаған жолма-жол тәржімемнің бірінші данасын түпнұсқамен бірге Төрағаға алып кірдім. Ол аударманы көз жүгіртіп шолып шықты. Көңілсіз үнмен «іздеп табады ғой» дей салды. Биік лауазымды кісінің, сыр бермегенмен, қобалжулы екенін аңдадым. (Тағы бірнеше күннен кейін мен оның алдына өзімнің аппарат партия жиналысында сөйлеген «бейсаяси» сөзім үшін «ұлтшыл» атанып, басыма бұлт үйірілген жағдайыма байланысты бардым, сонда ол кісі менің сөзімнің мәтінін талдай отырып, ахуалдың ауырлығын, жоғары лауазымдағы жауапты қызметкерлердің Мәскеудің бақылауында екенін айтып қалды.) Хаттың тәржімесі арнайы органға жіберілетін шығар деп іштей ойладым. Солай болды ма, жоқ па – білмеймін, бәлкім, келешекте сол хат зерттеушілерге кезігер, сәті түссе, тағдырын анықтар, хат иесіне, егер кеңестік құпия полиция оны тапқан болса, қандай шара қолданылғанын шамалар. Әлде аноним авторды іздеп тапқаннан бұрын демократиялық өзгерістер орнап үлгерді ме екен? Бәлкім, хат иесін іздестіру жұмысы аяғына жеткізілмеген де шығар...
Соңына «Сәлеммен, Сарқ...» деп жазылған, іс жүзінде авторы анық көрсетілмеген, республика парламенті басшысына 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі күндері жолданған хаттың менің қолымда сақталып қалған жолма-жол тәржімесі мынау: «Уважаемый товарищ Мукашев Саламат. Я беспокою вас по нескольким причинам. Во-первых,, в нашем Казахстане два города – два областных центра носят имена презренных царей. Царство не принесло ничего кроме гнета и эксплуатации. А мы увековечиваем имена этих ненавистных эксплуататоров. А разве это не означает то, что мы поддерживаем колонизаторскую политику царского правительства. Не означает ли это самоунижение. Мы на своей земле совершаем такое предательство. А ведь эти города имеют же древние казахские названия. Петропавловск – это наш Кызылжар, Павлодар – наш Кереку. Должны же носить эти названия. Или мы боимся называть так. Боимся говорить на своем языке, боимся придерживаться национальных обычаев. Поскольку произведены на свет божьи, приниженно ходим с желанием лишь бы жить. Не используем подходящие для себя положения революции и национальной политики великого Ленина. Боимся даже пользоваться статьями Конституции. Поэтому уходит в небытие само название казах. Ведь как можно назвать того, не знающего казахского языка, казахом. Это ведь не казах, а мазах, дразниловка, объект смеха. Объект обидной дразни, иронии для других национальностей. Язык – это мысль народа, самое драгоценное, самое дорогое его богатство. А наши дети стыдятся говорить по-казахски, и даже не знают. Это определило неверное правление нашего руководства. Вместе того, чтобы поднимать собственный народ, его же принижают. Теряется перед другими национальностями и само по себе оказывается под ногами. В страхе перед «великим» народом, потеряли и языка. Конечно и они знают унижать кого. Мы так и готовы упасть перед ними, и впредь будем, наверное, падать. Потому что ни в одном высшем учебном заведении не проводится учеба на казахском языке (несколько институтов в Алма-Ате не в счет – если смотреть в рамках республики), можно сказать, что отсутствуют казахские детские сады. А ведь если не учить человека своему языку с детских лет, невозможно потом научить. Самое правильное, в каждой республике должен быть государственным языком – язык основной, коренной национальности. Все собрания, съезды, конференции надо проводить на своем языке. Государственное делопроизводство должно вестись на казахском языке. Только тогда все пятнадцать республик, составляющие Советский Союз, смогут постичь завоевания национальной политики великого Ленина. Потому что Ленин говорил так: «Мы воспитываем массы в духе отрицания государственных привилегий какой бы то ни было нации». А в нынешней обстановке по всей стране русский язык стал обязательным государственным языком (разве одно это не привилегия?). Есть равенство на словах, на деле нет никакого равенства. Наша свобода потеряна с тех пор, как присоединились к России. Наша свобода осталась под сапогами русских казаков. Потому что многие нынешние русские ведь являются потомками тех казаков. Их отцы, стоило одному казаху войти в их деревню, загоняли их собаками и убивали. Зная подобные вещи, о какой дружбе можно говорить? О какой свободе? Главной целью русского царства было уничтожение казахов как национальности. Поэтому оно открывало русские школы, хотело, чтобы казахские дети забыли своего языка и стали русскими. А мы называем это прогрессивным проявлением. Тех казахов, которые хотели сохранить своего языка, называли «невеждами». А они были настоящими патриотами. Если говорить в общем, История СССР (которая обучается в школе) разве не является полностью историей России? Это ведь история русского царства. А где история собственной нашей страны? Отчего мы обязаны знать жизнедеятельность русских царей, и не знать жизнедеятельность казахских ханов? Почему все наши крупные библиотеки названы именами русских писателей? Почему имена наших великих акынов и певцов не присвоены никуда? Когда думаешь обо всем этом, становится больно. Важной задачей нашего времени является увеличение численности казахов. Для этого необходимо создать условия для приезда казахов из-за рубежа (особенно из Китая и Монголии). Или надо позвать братьев из России, Узбекистана, Туркмении. В этом отношении много работ образцовых проводятся в Армянской ССР. Армяне, никого не страшась, способствуют приезду своих братьев из зарубежных стран. Настоящие патриотические люди. Они умеют сохранять свою национальность. Поэтому и уважают армян. Когда я пишу это письмо, слышу, постоянно в разных местах случаются стычки между русскими и казахами. Это обострение с каждым днем возрастает. В такое время, когда возросло национальное самосознание нашего народа, необходимо предпринять правильные меры. Например, если в Рудном казахов 3 процента, следовательно, 97 процентов русских. Как это можно назвать Казахстаном. Когда в республике будет 80-90 процентов казахов, это будет Казахстаном. Под лозунгом освоения целины, покорения космоса наша земля обжита столькими русскими. Как бы мы ни скрывали национального вопроса, этот вопрос ныне очень обострилось, наболело. Возможно этого не знает руководство республики. Но мы – простые казахи – этого глубоко поняли. Необходимо принимать энергичные меры, не направляя это письмо туда-сюда, и в конце концов не теряя. Если даже исчезнет это письмо, не исчезнет проблема. Недовольство нарастает. Не почувствует это лишь человек слепой и глухой. Не надо ждать обострения обстановки и движения народа, надо думать о народной нужде. С приветом Сарк...»
Сексен алтыншы жылдың желтоқсанындағы қаһарлы күндер жөнінде толқи отырып жазған хатында белгісіз автор, аңғарғаныңыздай, көп көңіліндегі, бірақ соған дейін ешкім ашық айтпаған мәселелерді көтерген еді. Халқымызға езгі мен қанаудан басқа түк те әкелмеген «қарғыс атқан патшалар» есімімен Қазақстанда екі облыс орталығының аталатынын еске салып, олардың ежелгі қазақы атауларын қайтармауымыз – патша үкіметінің отарлау саясатын қолдайтынымыздың белгісі емес пе деген сауал тастаған. Мұндай жағдайдың сақталуы өзімізді өзіміз кемсітіп, қорлауымыз болып табылмас па екен деп қынжыла келе, өз халқымызға біз осындай сатқындық жасап отырмыз деп түйген. Себебін іздеген. Сөйтіп ол хатында жер-суымызды қазақша атауға қорқамыз, өз тілімізде сөйлеуге қорқамыз, ұлттық әдет-ғұрыптарымызды сақтауға қорқамыз деп күйінген. Күйіне келе, «революция қағидаларының, ұлы Лениннің ұлт саясатының» ұлттық мүддемізге сәйкес келетін ережелерін пайдаланбаймыз, тіпті Конституцияның ұлт мүддесін қорғайтын баптарын қолдануға қорқамыз дейді. Сондай жасқаншақтығымыздың салдарынан қазақтың өзі де жоғалып барады деген қорытындыға келеді. Сосын ұлт тілі тағдырына тоқталады. Тілдің халықтың ақыл-ойы, ең құнды, ең қымбат байлығы екенін айта келе, қазір балаларымыз қазақша сөйлеуге ұялатынды шығарды, тіпті білмейді де, ал қазақ тілін білмейтінді қалай қазақ деуге болады деп күдер үзе сөйлейді. «Ұлы халық» алдындағы үрей салдарынан тілімізді жоғалту алдында тұрғанымызды, іс жүзінде ұлттар теңдігіне қол жеткізбегенімізді өмірдегі мысалдар арқылы талдайды. Мұндай жағдайға ұшырауымыздың себебін біздің басшылығымыздың өз халқын көтерудің орнына, төменшіктетіп, елді бұрыс басқаруында жатыр деп санайды. Сырт елдердегі ағайындарға есік ашу керек дейді, бұл орайда армяндарды үлгі етеді. Жергілікті негізгі халықтың тілі мемлекеттік мәртебе алуға тиістігін, барша жиын біткен сол мемлекеттік тілде өткізілуі керектігін, сонда ғана лениндік ұлт саясаты көздеген биікке Совет Одағын құрайтын он бес республиканың да жете алатынын айтады. Өзі жолдап отырған осы хатты онда-мұнда жіберіп әуреге түскеннен, сөйтіп ақырында жоғалтып тынғаннан гөрі, шиеленісіп бара жатқан ұлттық мәселені, халықтың мұң-мұқтаждықтарын шешу жолдарын ойластырған жөн болмағын айтады. Хат жоғалғанмен, өзекті ұлт мәселесі жоғалмайды деп қорытады...
Міне, осылай. Биліктің отаршылдық ұсқынын айқын көрсетіп, отар елде дөрекі күшпен, әскерилердің қатысуымен жүргізген жазалау, бағындыру, жуасыту шараларын еске салған және отаршыл өкіметтің ұлт мәселесін жылы жауып қойып, республикамыздағы жағдайды шиеленіске тірегенін айтқан екі жазба. Екі жазбаны да өмірге әкелген бір сезім, баршамызға ортақ болуға тиіс қазақ ұлтының мүддесі, ортақ тілек, әр азаматтың кеудесін кернеген ұлттық намыс...
Отыз жылға тақалғанда...
Желтоқсан көтерілісінің дұрыстығы мойындалып, қайғылы іздеріне құрметпен қарай бастаған шақта Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Одан бір жыл өте, мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланды. Егемен ел болғанымызға, міне, биыл жиырма бесінші жыл. Ширек ғасырға тақалған осынша уақыт бойы еліміз қилы оқиғаға толы даму жолынан өтті. Экономикалық реформалар жүргізілді, қоғамдық меншік атаулыны жеке меншік ығыстырды. Базар экономикасын жасау жолындағы жақсылы-жаманды өзгерістер ел өмірін күрт өзгертті, жаңартты, жақсартты. Әлемдік деңгейде танылдық. Демократияның салтанат құруына өлшеусіз зор үлес қосқан желтоқсаншылардың жанкештіліктері құрметіне ескерткіш тұрғызғанбыз. Бүгінде олардың бірнеше қоғамдық бірлестігі бар, жұртшылықпен кездесулер өткізеді, түрлі мәселеге өз көзқарастарын білдіріп, үн қосып жатады. Және сол Сексен алтыдағы көтеріліске саяси баға берілуі қажеттігін де әрәдік еске салып қояды. Сондайда көкейге бұл тарихи толқу шынымен де шыққан биіктеріміздің көлеңкесінде қала берер ме екен деген ой оралады. Осы ой жоғарыдағы хаттар мазмұнына тағы бір үңілтті. Бұлардың отыз жылдан кейін де толқытуының сырын ұққым келді. Қызығы, бұлар менің өзімнің де сол шақтағы ойларыммен бір арнада тоғысып жатыр еді, шамасы, мәселе сол бір үндестікте жатқан шығар деп ұйғардым.
Оқиғадан кейін араға бір апта салып өткен Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысында мен оқиға күндері елге қорған болуға тиіс милицияның, жан-жақтан әкелінген әскердің жазалаушылар мен жуасытушылар деңгейіндегі әрекеттерін сынға алған едім. Ал жастар қозғалысын туғызған себептердің қатарында қазақ тілінің мүшкіл жағдайын ауызға алғанмын. Оның орыс тілді мектептерде тек қазақ балалары үшін ғана, оның өзінде сауат ашуға да жарамайтын деңгейде, формальді түрде өткізілетініне қынжылғанмын, жас ұрпаққа интернационалдық тәрбие берудегі маңызды шараны республика оқу органдарының осылайша бұзып, дұрыс жүргізбей отырғанын айтқанмын. Жалпы, барша қызметкерлер мен адамдар санасында бір-біріне қарама-қарсы сезімдердің – ұлттық сипатты көрсететін ұлттылық пен ұлттық шектелу белгісі тәрізді ұлтшылдықтың, отансүйгіштікті білдіретін патриотизм мен шектен шыққан ұлттық астамшылық көрінісі ретіндегі шовинизмнің, ұлттар арасындағы достық ретінде түсінілетін интернационализм мен ұлттық тамыр атаулыны мойындамайтын космополитизмнің арасына теңдік белгісі қойылып кеткеніне өкініш білдірген болатынмын. Өкіметтің ұлт мәселесін жылы жауып қойғанын жоғарыда жолма-жол тәржімесі келтірілген хат иесі де атаған. Сол кезгі ұстанымға сай ол да, мен де тал қармағандай боп, революция мен ұлы көсемге жүгінген екенбіз.
Баршамызға мәлім, 1985 жылғы көктемнен өмірімізге Жеделдету, Жариялылық, Қайта құру сынды ұрандар ене бастаған, алайда сөз бен істің алшақтығы 1986 жылы Алматыда басталып, еліміздің көп өңірін шарпыған Желтоқсан көтерілісін туғызды. Қасіретті оқиғаны «Кіші Отыз жетінші жыл» науқанына ұластырды. Науқан билеуші партия 1987 жылдың қаңтарында қайта құруды жаңа мемлекеттік идеология ретінде жариялағанда да бірден басыла қоймады. Дегенмен, біршама уақыт өткен соң, біздің республикамызда да демократия лебі есіп, жаңа саясат ашық алаңға шықты. Желтоқсан мәселесі бүкілодақтық халық депутаттары съезінде көтерілді. Сотталған желтоқсаншылардың алды орала бастады. Тіл жөнінде заң қабылданды. Көңіл жадырап, ел ішінде серпіліс туды. Қазақ мектептері желісі көбейді. Одан тәуелсіздік келді. Елдік мұраттар ашық айтылып, жабық боп келген тарих беттері зерттеуге түсті. Жазықсыз жазаланған ардақты есімдерді ақтап, ұлықтауға кірістік. Не керек, ұлттық рухты асқақтатып, азаттықтың ғажайып мүмкіндіктеріне сүйсінетін тамаша кезең өріс алды.
Сосын көңіл құлазытатын бастамалар көтерілді. Бұлар қазақша сауаттары ашылмаған, тиісінше, ұлттық мүддеден мақұрым, есесіне орыстың тілі мен мәдениетін еркін меңгергендіктерін мақтан ететін, өздерін әлем азаматтары қатарында санайтын, ашығын айтқанда, патшалық және кеңестік империялар қилы амал қолданып жүргізген пәрменді орыстандыру саясатының құрбандары болып табылатын топтар тарапынан көтерілді. Олар социализм арбасынан лып етіп капитализм арғымағына ауысып мінген де, базар сұранысына сәйкес келетін, қоғамымыздың келешегі іспеттенген жаңа тұрпатты кәсіпкерлер дәрежесіне жетіп алған. Міне солар әуелі паспорттағы ұлт туралы графаны алып тастауға шақырды. Олардың ойынша, біздің елімізде тұратын әркім үшін ұлтын мемлекет атауына сәйкестендіріп, қазақстандық деп көрсету керек көрінеді. Жұрт дүр сілкініп, мұндай шалдыр-батпаққа тосқауыл қойған. Алайда әлгі әлем азаматтарының мойымай жүргізген лоббистік әрекеттерінің әсері ме екен, Халық ассамблеясы осы «қазақстандық ұлт» аталу идеясын ел бірлігін қамтамасыз етеді деп санап, арнайы доктрина жобасын жария етті. Дәйексіз, залалды құжат ретінде, бұл да жұртшылықтың елеулі қарсылығын туғызды. Сол шақтағы жағдайға орай, көппен бірге маған да әрәдік өз пікірімді білдіруге тура келген. Өзектілігін бүгін де жоғалпаған сондағы жазбаларымның бірі мынау еді...
«ЕЛ БІРЛІГІНІҢ ШАРТТАРЫН ДӘЛ АЖЫРАТАЙЫҚ. «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» жобасына мыңдаған адам қарсылығын білдіріп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Ашық хат жолдаған еді, ал ақын және ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған көптеген азаматтың билік пен жұртшылық назарын осынау өзекті мәселеге тағы бір мәрте аударып, бұдан бұрынғы Тіл акциясы мен Ашық хатта көтерілген мәселелерді шешу сиырқұйымшақтатылған жағдайда өздерінің атақты азаттық көтерілісі басталған 17 желтоқсан күні аштық жариялайтындарын мәлімдеді.
Мұның ешқандай да жайбарақат қарауға болмайтын ахуал екені кәміл. Бірақ оған біз білетін биліктің аса жан ауырта қоймайтыны, тіптен мүлдем жайбарақат қарайтыны анық. Оны айтасыз-ау, керек десеңіз, тіпті, «ит үреді, керуен көшедінің» керін келтіруі әбден ықтимал. Әлдекімдер аштық жариялады екен деп, алған бағытынан соған бола қайта бермейтінін билік басындағылар көптен көрсетіп келеді. «Аштықпен қорқытып, айтқанын орындатуға тырысу – біздің халқымыздың әдетінде жоқ қылық» деген желеумен, азаматтардың сондай соңғы тұяқ серпуге барып, өлімге бас тігуіне өкімет пысқырып та қарамайды. Ондай көзқарасына талай мәрте куә болғанбыз. Шетін шешімін жария етіп, арнайы мәлімдеме жасаушылардың мемлекеттік маңызы жоғары мәселені күні кеше, тіл акциясында көтергеніне де елеңдемеген. Соны еске алғанда, билік тап осы жолы да сескене қояр, ұялар, қандай да бір оң шара алар деп ойламаймын...
Мен өз басым аштық акциясының орын алмауын қалаймын. Яғни өкіметтің, дегенмен, аштық акциясының алдын алуын қалаймын. Сондықтан да биліктің бар тармағындағы, әсіресе парламенттегі азаматтарға, көпшілік көңілінен шықпай отырған жобаны қабыл алған Ассамблея мүшелеріне, бүгінде оны қолдап, жер-жерде үгіт-насихат жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен белсенділерге қаратып өз ойымды айтуды және мемлекеттік билікке де, барша ел тұрғындарына да тиімді ұсыныс білдіруді мақұл көріп отырмын.
Биліктегі, билік тармақтарына тақау буындардағы, ықпалды қоғамдық ұйымдардағы мырзалар мен ханымдар, егер олар шын мәнінде адал мемлекетшіл болса, тарихи әділеттілік мәселелерін парықтауға шынымен ықыласты болса, Қазақ Елі алдындағы азаматтық парызын айқындап алудан бастартпайтын болса, шынымен де туған халқы мен елінің қазіргі және болашақ тағдырына алаңдап, жаны ашитын болса, мына жәйтке тереңірек ой жүгіртуін қалар едім...
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жеріне жұмыс істеуге келген империя чиновниктерінің мынандай жәйттер тұжырымдалған катехизисі болды:
1) отарлардағы чиновниктер өздерін орыс элементтері енді-енді ғана енгізіліп келе жатқан Азияда тұрамыз демей, азиялық көне ғұрыптар мен әдеп-әдеттер әлі де уақытша сақталулы орыс аймағында өмір сүріп келеміз деп санауға тиіс;
2) барлық жерде орыс аты мен орыс мүддесі жетекші орында тұруға тиіс, қазақтарды орыс атымен аталатынның бәріне құрметпен қарайтын рухта ұстау керек;
3) қазақтар оларды жақын болашақта, тіпті мұсылман дініне сенетін болып қалса да, кәдімгі орыс шаруалары жасалатын материал ретінде ғана қызықтыруға тиіс;
4) қазақтарға берілер жол біреу ғана – не жалпыимпериялық азаматтық үлгіде орыстармен сіңісіп кету, не жойылып-жоғалу;
5) егер бұған бағынбауды ойға алатындары бола қалса, олар не жер-суы жоқ қайыршы боп, өліп таусылады, не Россия олармен ат-құйрығын үзіседі;
6) мұның бәрін отар чиновнигі әрдайым миында ұстау керек, артық-ауыс әңгіме қозғамай, дабыралатпай, іштей ғана біліп, табанды түрде жүзеге асыруға тиіс.
Отарларында осындай көзқараспен әрекет еткен патшалық әкімшілігі қазақтардың белгілі бір бөлігін орыстандыра алды, бүгінде олар ұлы орыс халқының ажырамас бөлігіне айналды. Монархия тарих сахнасынан кеткеннен кейін, кеңес өкіметі оның отаршыл саясатын әшкерелеп, ә дегенде қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту мәселелерін қолға алды. Алайда, көп ұзамай-ақ, қазақ елін жаңаша отарлау және қазақтарды жаңа тұрпатта орыстандыру мақсатын көздеді. Тәтті де алдамшы ұрандарын алға тартып, неоимпериялық сара жолға түсті. Олар көп нәтижеге қол жеткізді, нәтижелерінің бірегейі – орыстандыру саясатының құрбандарын жаңа тұрпатты, озық ойлы, интернационалист жандар ретінде дәріптеп, аса маңызды саяси элита деңгейіне көтерді, күллі ел тағдыры негізінен солардың қолдарына шоғырландырылды...
Кеңес өкіметінің қозғағыш күші – революцияның алқызыл туын жамылған большевизм болатын, ол күллі кеңестік реформаны өмірге енгізуші және алға апарушы локомотив еді. Большевизм орыстандырудың «кеңес ұлты» деген тұрпатын ойлап тапты, онысы әлем қоғамдық пікірінің сынына ұшырағанда, райынан тез қайта қойып, басқаша сайрады. Бір шаңырақ астына біріктірілген халықтар қауымдастығын нобайлайтындықтан, тарихи шындыққа келіңкірейтін, сондықтан да көпшілік қарсылығын туғыза қоймайтын «кеңес халқы» деп аталатын терминді өмірге енгізді.
Хрущевтің әйгілі ұранында айтылатын «коммунизмге баршаға ортақ бір ғана орыс тілімен бару» қағидасын басшылыққа алған большевизм жалпақ елде тұратын халықтардың баршасына орыс тілін «екінші ана тілі» ретінде мойындатты. «Адам факторына» ерекше мән берді, «совет адамы» тұлғасын дәріптеді, «жаңа адам тәрбиелеу» мәселесін күллі идеологиялық жұмыстарының өзегі етті. «Түрі ұлттық, мазмұны пролетарлық (социалистік, турасын айтқанда – ұлыорыстық)» мәдениет дәріптеліп, орыс тілінде тіл ашу, оқу, жұмыс істеу, жалпы, күн көру үшін орыс тілін білу қажеттігі жүзеге асырылды.
Орысша жасалған әдебиет пен өнер, ғылым туындылары мен олардың авторлары кеңінен танылып, империялық түпкі мақсатқа қызмет етуге тиісті жемісін беріп жатты.
Кезінде туған елінен революция толқыны аластаған ақгвардияшы-эмигранттар өздері армандаған «біртұтас және бөлшектелмейтін Россияны» большевиктердің құрғанын Сталиннің көзі тірісінде-ақ мойындап, шампан ішіскен еді. Бертінгі лениншіл-большевиктер күллі халықтарды «Ұлы Русь біріктіргенін» Кеңестер Одағының гимніне шегелеп жазып, жаңа тұрпатты «біртұтас және бөлінбейтін Ресей» туын асқақтатты. Егер кезінде сондай жағдайға жету үшін күрескен ақгвардияшылардың көсемдері сол шақта тіріліп келе қалса, сөйтіп ғайыптан, Кеңестік Қазақстан аталатын, күллі ресми өмірі орыс тіліне құрылған елді көре қалса – қуанғаннан жылап жіберер ме еді, қайтер еді...
Құдай сақтап, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өкініштісі, бүгінгі тәуелсіз еліміздің билігі кешегі империялық Кеңес Одағы тәжірибесін егемен Қазақ Елі ауқымында тікелей де, боямалы алдамшы жолмен де қайталай бастады. Мұндағы саяси қулық жайында және оның антихалықтық мазмұны хақында Тіл акциясында, Елбасына жолданған Ашық хатта, аштық жариялауға бел буған азаматтардың Мәлімдемесінде жеткілікті дәрежеде түсінікті етіп айтылды. Мен өз тарапымнан бұған төмендегідей бірлі-жарым пайым қоспақпын.
Менің ойымша, әділетті және интеллектуалды Қазақстан құруға атсалысып жүрмін дейтін азамат әрдайым тарихтан сабақ алып отыруға тиіс. Ал шын тарих қазіргі Қазақстанның өз-өзінен осындай кейіпте қалыптаспағанын, оны солай етіп «лениндік ұлт саясатын» жүзеге асырушылардың қалыптастырғанын, тиісінше, тілдік проблемаларға қазақтың өзі емес, соның атымен жәдігөй саясат жүргізген аяр саясаткерлердің айыпты екенін, демек, тілдің бүгінгі тағдыры мен жасанды ұлт жасау мәселелерінің де шешімі халықтың қолында емес екенін көрсетеді. Халық арасына барып, жұртты орыс тілі негізінде ұйыспақ қазақстандық ұлт идеясын «ел бірлігі» деген әдемі сөздермен өмірге енгізуге тырысып жүрген билік қызметшілері халықтың емес, халықтың шынайы пікірімен санаса бермейтін биліктің қамын ойлап жүр. Өкінішке қарай, бұл солай. Олар өз айтқандарын халыққа қайткенде мойындатып, «жеңуді» мақсат етеді, өйткені жеңімпаздың ештеңеге жауап бермейтінін анық біледі. Олардың тарихтан өздерінше алған сабағы сондай және оларының, мойындау ләзім, жаны бар...
Қазақ мемлекеттілігімізді жаңғырттық деп қуанған 20-жылдары кеңес өкіметі оны жаңаша ауыздықтады: перманентті аштық саясатымен көшпенді жұртты ұлттық апатқа ұрындырды (қазақ 17–18 жж. жалпы мөлшерінің бір ширегін, 21–23 жж. тағы бір ширегін, ал 31–33 жж. аштан қырылғаны бар, шетке кетуге шамасы жеткені бар, жарты санын жоғалтты), орталықтан, Сібірден қазақ жеріне көшіп келіп, қоныстанушыларға, қазақ сүйегі үстіне жаңа өмір құрушыларға есікті айқара ашып қойды, индустрияландыру, тың игеру кезеңдерінде республикаға өзге жұрт өкілдерін топырлата төкті, алып даланы концентрациялық лагерьге айналдырып, казармалық социализм көрігін қыздырды, азаматтарды жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыратты (кеңес өкіметі тұсында 340 мыңнан астам жазаланғандар, соның ішінде «үлкен террор» жылдары 120 мыңдай сотталғандар мен 25 мыңдай атылғандар тәуелсіздік жылдары ақталды), қазақтың қасіретті тарихын өзге түгіл, өзіне де білгізбеді. Солары үшін жалпы кеңестік билік те, Қазақ Республикасының қуыршақ үкіметі де ешқандай жауапқа тартылған жоқ, олардың қылмысқа парапар қызметіне тәуелсіз мемлекет тарапынан саяси баға берілмеді. Бұл жәйт біздің бүгінгі антихалықтық насихат жүргізушілеріміздің сеніміне сенім қосып, бойларына қуат беретін тәрізді...
Жер-суы мен халқы Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеуден соң бір шаңырақ астына топтастырылған уақытта республика тұрғындарының үштен екі бөлігінен астамын қазақ құрайтын. Сол кезде биліктегі қазақ азаматтары «1920 жылы жариялануын жарияланғанмен, шынайы келбетіне ие бола алмаған ұлттық республика үшін ұдайы күресумен жүргендерін, енді, екі өлке жер-суы жұртымен бірігіп, халықтың алпыс сегіз пайызы қазақ болуы бұл күрестің аяқталуын көрсетіп тұрғанын, осы сәттің оны – ұлттық республиканы – жасау жолындағы жасампаз жұмыстың басталуын білдіретінін» айтқан еді. Алайда ондайды – шын мәніндегі ұлттық республиканың орнауын қаламайтын жаңа тұрпатты отаршылдар оларды тез биліктен тайдырды...
Орыстандыру мен отарлау саясаты жеңісті шыңына шыққан елуінші жылдары қазақ республика тұрғындарының үштен біріне де жетпей қалды.
Тәубә, одан бері қазақ демографиялық дүмпу үдерісін бастан кешіп, 1924 жылғы жағдайға сексен бес жылдан кейін қайта жетті – 2009 жылы қазақтың үлес салмағы барлық халықтың үштен екісінен асты. Тағы да шын мәніндегі ұлттық республика жасауға қолайлы тарихи сәт туды.
Шын мәніндегі ұлттық республика жасауға 1925 жылы мүмкіндік берілмеу себебі – шынайы билік жаңа отаршылдардың қолында тұрған. Ал енді ше? Әлем мойындаған мемлекеттік тәуелсіздігіміз қолда тұрған 2009 жылы неліктен ондай мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз?
Оның себебін жамап-жасқап, жасырудың енді еш қисыны қалмады – мәселе тәуелсіздік алған елдің билік тұтқаларын отаршыл Ресей іргетасын қалаған, Кеңес Одағы үстемелей жүргізген орыстандыру саясатының құрбандары ұстап отырғанында жатқан тәрізді. Олар елімізді іс жүзінде ескі отар ауқымы мен ахуалында ұстауға тырысуда. Арамыздағы орыс диаспорасын отаршыл Ресейдің бесінші колоннасындай көреді. Содан жасқанатын емеурін білдіреді, олармен санасу керек дейді. Қалай болғанда да, ұлттық мемлекет жайындағы сөзден шошынуының себебін еліміздің «көпұлттылығымен» түсіндіргісі келеді.
Шынтуайтында, талай жылғы орыстандыру саясатының құрбандары бүгінгі көршіміздің отаршыл емес, демократияшыл Ресей екенін парықтағаны ләзім. «ел бірлігін» қамтамасыз ету үшін солардың ығымен жаңа ұлт қалыптастыруға тырысудың мүлдем қате жол екенін ұққан жөн болмақ.
Билік «мемлекеттік тілді дамыту керек, оған уақыт қажет» деген тіркесті жиырма шақты жыл бойы жалаулатып, жұрттың санасын улап бітірді. Іс жүзінде мемлекеттік тіл –дамыған тіл, ол тек қолданыс аясын кеңейтуді тілейді. Мұны істегісі келмейтін орыстанған саяси элита түрлі қисынсыз желеуді алға тартып, елді түрлі сылтаумен алдаусыратуын жалғастыруда. Оның мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлік тудыруды қаперіне де алмайтын мұндай бос әрекеті қаржыны іс жүзінде құр ысырап ете беруге апаруда, бұдан әрі де тап солай бола береріне күмән жоқ. Егер тым болмаса қаржы-қаражат саласын, салық төлеу қызметін мемлекеттік тілде жүргізсе, одан барша бюджеттен қаржыландырылатын мекемені, сосын халыққа қызмет көрсету салаларын мемлекеттік тілде жұмыс істетсе, мемлекеттік аппарат пен оның буындарының конституциялық талапты бірінші болып орындауын қамтамасыз етсе – жұртшылықтың мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше серпіліспен оянар еді. Әрі, сол мекемелермен қатынас жасауға қажет елу-алпыс сөз бен сөз тіркесін ешқандай қаржы шығындамай-ақ, лезде үйреніп алар еді. Ал қаржыны мемлекеттік тілден ресми қолданылуы ықтимал тілге тәржіме жасаушылар қатарын дайындауға жұмсаған әлдеқайда тиімді болмақ.
Ел бірлігі доктринасының жобасы бір елде өмір сүріп жатқан қилы текті жұрттың қазаққа құрмет сезімімен қарауын қамтамасыз етпейді, қайта, қазақты өз жерінде диаспора дәрежесіне түсіріп, турасын айтқанда, кемсітеді.
Егер шын мәнінде ел бірлігін қамтамасыз етуді көздейтін доктрина жасағымыз келсе, онда, бірінші кезекте, халықты қазақтың қасіретті тарихы арқылы тәрбиелеу шараларын жүйелі жүргізуді ойластыру керек. Сырттан келген жұрт, қаласын-қаламасын, іс жүзінде қазақтың тарихи құқтарының шектелуіне жанама түрде болса да қатысты болды, тарихпен тәрбиелеу оларға соны ұғынуға жәрдемдеседі. Қазақтың шыбынша қырылып, тірі қалғаны тоз-тоз болып босып кетуіне – алапат ұлттық апатқа ұрынуына – қылмысты жүйемен қатар, оның дегеніне бас шұлғи берген қуыршақ үкіметіміздің кінәлі екенін парықтап, оның құқықтық ізбасар-мұрагері болып табылатын бүгінгі билік опыну құжатын қабылдауы керек. Ол қазақтың қызыл қырғынға ұшырағаны, шетелдерге ауып кеткені үшін халықтан кешірім сұрауға тиіс, бұл бүгінгі оралман жағдайына дұрыс қарай алу үшін де, босап қалған кеңістікке орныққан келімсек жұртқа тарихи шындықты білгізу үшін де қажет.
Ащы шындық, қазақ басына түскен ауыр трагедия барша жұрттың санасына жеткен жағдайда шын бірліктің алғышарттары қамтамасыз етіледі. Қазақ жерінде өмір сүріп жатқан күллі жұрт елдің байырғы егесінің тарихи құқтары қалпына келтірілуі қажеттігін ұғынады. Мемлекет ұйыстырушы халыққа қатысты тарихи әділеттілікті орнықтыруға септесу арқылы өздерінің де сыйлы тұрғын боларын түйсінеді. Тек қазақ төңірегіне топтасу, сөйтіп, қазақтың ұлттық мемлекетін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, бірлескен көңіл-күймен орнату – тыныштық пен бірліктің сенімді кепілі болмақ.
Егер ел бірлігі доктринасы міндетті түрде қабылдануы керек болса, онда ол осындай алтын өзекті арқау етуі тиіс. Қазіргі мазмұны оған мүлдем кереғар болғандықтан, жобаны кері қайтарған жөн. Сонда ұлт қайраткерлерінің аштық акциясы басталмайды. Сонда күллі елін сүйген азамат ел бірлігін нығайтудың басқа да адастырмас жолдарын табуға жабылып атсалысатын болады. 29 қараша 2009 ж.»
Халық наразылығын түсінген билік белгілі дәрежеде шегініске барды. Нәтижесінде ұлт қайраткерлері аштық акциясын жасаған жоқ. Ұсынылған құжат жобасы ел арасында талқыланды. Сөйтіп, қоғамдық ұйымдар өкілдері ел бірлігі доктринасының жаңа нұсқасын жасауға тартылды. Ақыры, 2010 жылдың көктемінде жаңа нұсқа қабылданды. Ескі мәтіндегі «қазақстандық ұлт» деген термин қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жазылған құжатта алынып тасталғандықтан, жұрт тыншығандай болды. Алайда жаңа мәтіннің мазмұны, шынтуайтында, бір қарағанға орынды көрінетін сөздермен бүркемелеп, алғашқы жобада көзделген мақсатты дәйектеп тұрған-тын. Барша ұлттар өкілдерінің мемлекет иесі қазақ айналасына топтасуы қажеттігі сөз басында бірден және айқын да ашық тұжырымдалмаған. Ал үш тарауға бөліп таратқан ел бірлігі хақындағы дұрыс және әдемі пайымдар астарында жорымалы қазақстандық ұлтты жасаудың жолдары белгіленген еді. Бірақ оған ешкім көңіл бөлмеді. Сондықтан да басқарудың барлық буындарындағы ұлттық мүддеге кереғар шараларды екі сөзге келмей қолдайтын орыс тілді, яки жаны орыстанған немесе құлдық сана шырмауында қалған кеңесшілер мен атқарушылар іс жүзінде доктринаны бір жақты ғана басшылыққа алды. Сөйтіп, тың бастамалар негізінде күдікті реформаларын жасауға білек сыбанып кірісе берді. Мәселен, доктринаның 3-ші тарауында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мəселесіне назар аударылып, «оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті» екені айтылған. Ол әркімнің «жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл – шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы» деп түйінделген. Осындай тұжырым жазылған доктринаның атқарушылар қолына тигеніне жетінші жылға аяқ басты, алайда мемлекеттік тіл әлі күнгі бірліктің негізгі факторына айналдырылған жоқ. Соған қарамастан, докринаның жаңа нұсқасында алып тасталған «үш тұғырлы тіл» саясаты биыл нақты жоспарымен қайтадан алға тартылды. Бұл саясат, турасын айтқанда, ұлттық бірліктің негізгі факторы екендігі доктринаның үшінші тарауында ғана сыпайылап айтылған, бірақ кең қолданыста жоққа тән тілдің халін мүшкілдендіре түседі. Біршама уақыт өткеннен кейін, билік буындарындағы көлгірсігуге бейім кейбір атқарушылардың: «қолданыс аясы тарылған мемлекеттік тілді Қазақстан халқының өзі қаламайды» деп қол жайып отыруы ғажап емес.
Сонымен, айтулы мерекелер қарсаңында, қоғамдық күштердің тегеуірінімен бұдан алты-жеті жыл бұрын біржола ығыстырылғандай болған «қазақстандық ұлт» құру идеясы «үш тұғырлы тіл» ұранын бүркеніп, қайта жаңғырды. Ширек ғасыр бойы мемлекеттік тілді мектептерде нәтижелі оқытуды жүзеге асыра алмаған, әлде жүзеге асырғысы келмеген биліктің қазіргі үштілділік сынды мүлдем қатерлі жобаны өмірге енгізбек құлшынысы ерен. Балаларды үш тілде бастауыш сыныптардан бастап оқыту, әсіресе қазақ мектептерінде ғылым негіздерін беретін пәндерді ағылшынша оқыту бүгінге дейін негізгі тілге айналдырылмаған мемлекеттік тілді біржола жойылуға апаратыны (дәлірек айтқанда, ауызекі тіл деңгейіне түсіретіні) аян, алайда бұл қауіп оларды селт еткізер емес.
Жақында «Жас алаш» газеті мен Болатхан Тайжан атындағы қордың ұйымдастыруымен өткен қоғамдық талқылауда өкімет пен оқу ісі саласының функционерлеріне мейлінше ащы сыни пікірлер айтылды. Жалғыз тіл мәселесімен шектелмей, жоғары мектептерде қазақ тарихын толық оқытпауға бекінген, сондай-ақ жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге құлшынған реформашылар тарапына да дәйекті наразылықтар білдірілді. Қазақтың тарихын білмей өсетін жастарды тәрбиелеу де, қазақты өз жерінің шынайы қожайыны болудан айыратын «экономика қамын ойлаушылық» та тексіз, тілсіз (яғни өз ұлтынан, оның тарихы мен мәдениетінен және ана тілінен хабары жоқ мәңгүрт), бірақ жер-жаһанға сыйып кете алатын әлем азаматы боп қалыптасатын «қазақстандық ұлт» өкілдерінің, кәдімгі космополиттердің қаптауына жол ашады. Өкінішке қарай, биліктің алға қойған мақсаты ұлттық емес, азаматтық сипаттағы мемлекет құру екендігі, азаматтардың кез келген өзге мемлекеттерге барып өмір сүре алатынындай жағдайда тәрбиеленуіне әрекеттеніп жатқаны жайында халық ассамблеясында ап-анық айтылды (бұл биік ұйым мүшелері бірінші кезекте мемлекеттік тілді өздері үйреніп, өз үлгілерімен диаспораларына үйретуді, мемлекет иесі қазақтың төңірегіне тығыз топтасуды алдарына мақсат етіп қойған емес). Яғни біздің өкіметімізде және билікке аса жақын Халық ассамблеясында қазақтың ұлттық мүддесінен гөрі бүкіладамзаттық мүддені жоғары қоятын, жекелеген ұлт өкілінің емес, әлем азаматының жоғын жоқтайтын космополитизм идеологиясы қолдаушылыққа ие болып отырғаны аныққа айналды. Бұл біз үшін аса қорқынышты ахуал. Өйткені кім-кімнің де қай ұлттан екені әркімнің өз жеке шаруасы боп қалуын қаламаймыз, біз мемлекетқұрушы ұлт мүддесін еліміздің бір Ассамблея шаңырағы астына жиылған күллі диаспоралары қорғауға тиіс деп білеміз. Бірақ, өкінішке қарай, біздің білгеніміз ел бірлігінің өкімет ойындағы шартына сәйкес келмей жатқан сияқты. Қауіп еткеннен айтамыз да. Айналып келгенде, қазіргі таңдағы жер үшін күрес астарында да осы идеологияның үстемдік құруға тырысуы жатыр ма деп қорқамыз. Егер жұмыс істеп жатқан мемлекеттік комиссиядағы агрессивті-үкіметшіл топ халықтың жерді сатпау және жалға бермеу жайында ашық қойған талабын қалай орындауға болады деген сауалға бас ауыртса, ондай қорқынышымызды негізсіз дер едік. Егер олар жерді жеке меншікке сату арқылы тиімді пайдалануды желеу етпей, бірінші кезекте қайткенде қазақтың шектелген құқтарын қалпына келтіріп, өз жерінің шынайы қожайыны етеміз деген тарихи әділеттілік талабы тұрғысынан әрекет етер болса, ештеңеден қорықпас едік. Өйткені ондай жағдайда олар комиссиядағы азшылықпен – сонау сәуірде тұжырымдалған халық талаптары жағындағы ұлтшыл-мемлекетшіл топпен күш біріктірер еді. Сонда, бәлкім, тәуелсіз елімізде құрылған бұл комиссия большевиктік дәуірде мәселені сиырқұйымшықтатып, өз күйттегендерін өткізу үшін құрылатын кеңестік комиссиялардан ерекшеленуімен баршаны ризашылыққа бөлер еді. Яғни, осы уақытқа дейін алпауыттар қилы амалдармен иеленіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, жергілікті халықты жерге орналастыру арқылы шын қожайын мәртебесіне жеткізу әдістерін қарастырумен шұғылданар еді. Әрі ауыл шаруашылығын, дәстүрлі мал өсіру кәсібін жаңаша ұйымдастыру жолымен ауылдардағы кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдың ұтымды тәсіліне өкімет назарын аударар еді. Күшіндегі Жер кодексінің арқасында шұрайлы жерлерді, тау баурайларын, су қоймалары жағалауларын сатып алған жер иеленуші алпауыттар пайда болғанына, олардың қара халықтың шағын қожалықтарындағы малдарын жаятын жайылымдық телім қалдырмағанына, жалпы тіршіліктеріне үлкен қолайсыздық туғызғанына жайбарақат қарамай, созбұйдаға салмай, сатылып кеткен жердің бәрін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін үкімет пен парламент алдына қояр еді.
Қазір комиссия шағын құраммен облыстарды аралап жүр, алайда кейінгі кездегі жұмысы, дұрысында жұмысын жүргізу тәсілі көңілге күдік ұялатады. Облыстарға тар көлемдегі белгілі бір күн тәртібімен барып, жұртшылық өкілдерін сол ауқымда ғана тыңдағысы келеді, комиссия ішінен құрылған төрт салалық топ басшыларының есептерін де сол сапарларында тыңдауды әдетке айналдырған. Мұндай іс-дағды, біздің ойымызша, дұрыс нәтиже бермейді. Жер-жердегі адамдардың аузын тар тақырыппен шектемей, халық талап еткен негізгі мәселелер бойынша пікір айтуларына мүмкіндік жасап, ал өз топтарының сондай кездесулерден қорытқан және зерттеулері барысында түйген ойларын комиссия мүшелері толық жиналған отырыстарда тыңдаса, бұл әлдеқайда пайдалы болар еді. Қазіргі жұмыстарынан жерді ақшалыларға сатып, экономикалық тұрғыдан тиімді шаруашылық құруға, сөйтіп инвестиция тартуға мүмкіндік туғызу қажеттігі жайындағы пікірлерге құлап тұрғандары анық аңғарылады. Жерді ықылас білдірген тұрғындарға тегін бөліп беріп, олардың серіктестіктерге, ұжымдық шаруашылықтарға бірігуіне жағдай туғызу қажеттігін күні бүгінге дейін ешқайсысы ауыздарына да алмайды. Кезінде орыс тілді ақылман кеңесшілердің бірі жиырма бірінші ғасырда ұлттық мемлекет құруды ойлауды анахронизмге балаған еді, сол сияқты, халықтың қамын жеуді, жұмыссыз және кедей жұртты жер қатынастарына тартып, егін егу, мал өсіру іспетті ата кәсіптеріне оралтуды көздейтін ойларды осынау комиссия анахронизм деп біле ме деп қорқамын. Егер осы қорқыныштар аныққа айналар болса, онда мұндай жағдай ширек ғасырлық белесіне шыққалы тұрған мемлекеттік тәуелсіздігімізге де, осынау егемен елімізді құруға отыз жыл ілгеріде тоталитаризм қамалын бұзып, жол ашқан Желтоқсан көтерілісіне де шіркеу болуы ықтимал.
Күні кеше «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы көтерілістің алда келе жатқан 30 жылдығына орай атқармақ міндеттерін ақылдасқан дөңгелек үстел өткізді. Отырыста желтоқсаншылар осы уақытқа дейін атқарған істері мен жол беріп алған кемшіліктерін айта келе, болашақ жоспарларын ортаға салды. Тағдырластарының өзге де ұйымдарымен ортақ қауымдастыққа бірлесіп, күш біріктірудің әзірге қол жеткізе алмаған жоспар күйі қалып тұрғанын айтты. Алайда бұл мақсат күн тәртібінен түспек емес, өйткені, барлық 86-шы жылғы көтерілісшілер күш біріктіргенде ғана бүгінгі таңдағы тіл, тарих, жер мәселелеріне өзіндік пәрменді үн қосуға болар еді. Желтоқсан көтерілісінің тарихи бағасын өз еліміз түгіл, күллі кешегі кеңестер шекпенінен шыққан мемлекеттерге, тіпті әлемдік деңгейде танытуға күш салу мәселесі жоспарларында бар. Олардың мұндай ірі мақсатқа жетуді армандаулары бекер емес. Олар о баста алаңға бүкіл ел намысын жыртып шыққан. Әлі есімде, сонау қаһарлы күндердің алғашқы кешінде өрімдей жастар алаң ортасында шеңбер құрып тұрып, хормен: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп, қара аспан астында айқайға басып тұрған болатын. Ұрандарының алғашқы тіркесі орталық эмиссарын кетіру арқылы отаршылдар құрсауынан босану арманын білдірсе, құқтары кемсітілген ұлтының дербес ел болу арманы екінші тіркестен көрінер еді. Дөңгелек үстелде сөйлегендер сөзінен «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының ана тіліне берілген мемлекеттік мәртебеге залалын тигізетін реформаға қарсы болу, ұлттық тарихты жас ұрпаққа қидаламай оқыту, жерді сату мен жалға беруден бастарту жағында екені белгілі болды.
Айтулы мерекелерге санаулы ай қалды. Сонау көңіл толқытатын мерейлі күндер қарсаңында аталған реформаларға байланысты жасалар шешімдердің халық көңілінен шығуын тілейік. Егер олар елді риза етпейтін болса, Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, ондай заңның керексіз болғаны. Анығын білуге аз ғана уақыт қалды...
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
Abai.kz