ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАННЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ
Дәстүрден танбай, қолөнердiң қадiрiн арттырып, заманауи технология тiлiмен үндестiрiп жүрген, ине мен жiптi жанына серiк еткен бала Ырза әжесi Тұрарбай кимешек шетiне маржандай өрнек салып, жылтыратып тiккенде қызыға қарайтын
Бүгінде «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада ханымның басшылығындағы «Алтын орда» компаниясының ұжымы кәдесыйлық өнімдерін ел ішінен бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері, Швейцария, Германия, Италия, Франция мен ТМД елдеріне экспорттайды.
Әкесi Тұрсынзада Есiмжанов – есiмi елге белгiлi ақын. Балдәурен балалық шағында әкесiмен бiрге өзiнiң сүйiктi жазушысы Ғабит Мүсiрепов ерiп келедi. Ырзаның 8-9 сыныпта оқитын кезi. Мәз болып қуанғаны сондай, анасымен бiрге дастархан жайып күтеді. Бiраздан соң ет тартылады. Қоңыр үнге салып, баяулата сөйлейтiн Ғабең әңгiмесiн айта отырып басты мүжидi. Сосын миын алып, әркiмнiң табағына қасықпен сала бастапты. Кезек Ырзаға келгенде, Ғабеңнiң қолындағы қасықты алмастан, аузын тосып, миды жеген екен. Әжесiнiң «жақсының сарқытын iшсең, жаман болмайсың» дегенiн ырымдаған түрi. Еркеғали Рахмадиев, Хамит Ерғалиев, Дихан Әбілев, Ғабиден Мұстафин, Морис Симашко, Қасым Қайсенов сияқты алып тұлғалар үйде көп қонақ болған. Содан жақсының шарапаты жұққан.
Ине мен жiптi жанына серiк еткен бала Ырза әжесi Тұрарбай кимешек шетiне маржандай өрнек салып, жылтыратып тiккенде қызыға қарайтын болған. Баланың ынтасын байқаған қария мұны қасына шақырып алып, жылтыр жiптердi суыртып қояды екен. Ырза жiптi барынша ұзын алып шығады. Онысы – бiр рет сабақтасам дегенi. Ал әжесi: «Мынау – жалқаудың iсi. Сен кестең тез жүрсiн десең, жiбiңдi қысқа сабақта», дейдi екен. «Соның мәнiсiн мен кейiн түсiндiм», – дейдi өнегелi iстiң шеберi.
Бiрде анасы қымбат жапондық матадан тiгiлген перде алып келедi. Терезеге iлiнген перде Ырзаның көңiлiнен шықпайды. Анасы жұмысқа кеткен кезде ол перденi алып, қырқып, қайтадан сәндеп тiккен екен. Әбден тiгiп болғаннан кейiн ғана: «Анашым не айтар екен» деп ойланады. Кешкiсiн жапондық пердесiнiң түрiн көрген анасы: «Ойбай-ау, мынау не iстеп қойған деп» шыж-быж болады. Сонда әкесi: «Матаның қымбат-арзанын қайтейiн, бiрақ перде ендi сәнiне кiрiптi», деген екен. Келiнiнiң қарсы келмесiн бiлген әжей де: «Болды, бұзып-жармаса, қайдан iстiң мәнiсiн бiлсiн. Осылай үйренедi. Тиме!» деп бiр-ақ бұйырыпты.
«Iсмерлiк – қазаққа тән қасиет. Кесте, сырмақ, құрақ көрпе болсын, көз майыңды тауыса отырып бiтетiн iс. Тiгiншiлiктi икемi бар адам ғана меңгередi. Әсiресе, ұлттық бұйымдарды бүгiнге сай етiп қайта жаңғыртып, тiгу күн өткен сайын сұранысқа ие. Маған дос-жарандарым: «Ырза бiзге шетелдiң кәкiр-шүкiрiнен гөрi, өз қолыңмен жасаған дүниеңдi ала келсең» деп өтiнiш айтады. Халықтың ұлттық бұйымға деген қызығушылығы Астанада осы кәсiптi жандандыруға себеп болды. Бiраз ойланып, оның сапасына аса мән берiп, заманауи стильмен ұштастырдым. 2009 жылдан бастап қыздың жасауын, үйдi қазақша сәндеу бойынша «Алтын Орда» компаниясы жұмыс жасап келедi», – деп сыр шертедi Ырза ханым.
Кейіпкеріміздің айтуынша, «Алтын сапа» байқауы іспетті қадамдар арқылы қазақстандық өнім өндірушілерге тұтынушы тараппен тікелей сұхбат жасауға мүмкіндік туындайды. Сондықтан ол бизнес саласындағы әріптестерін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарамағына өткелі шынайы мазмұны ширап, қазылар алқасына белді кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері енген бәсірелі додаға белсенді атсалысуға шақырады.
«Алтын орда» дизайн үйінің шежірелі ұлттық өнер түрлерін жаңғыртуда қолға алған игілікті істері көп. Мәселен, «Қазақстан аруы-2015» сайысының жеңімпазына 5 миллион теңге сыйлықпен қатар, этномәнердегі қыз жасауы тарту етілгені аян. Қазақтың дәстүрлі қыз дүниесін «алтынордалық» шеберлер түзіп, салтанатты жиынтыққа «Махаббат көрпесі», сандықтар, «Бедерлі өрнектер» шал жастығы, қолдан тігілген жастықтар, сондай-ақ дәстүрлі дастарқан топтастырылды. Асыл мұраттағы түпкі көзделген құндылық – ұрпақтар сабақтастығын үзбеу, бабалар мұрасын дәріптеу.
Әйел кәсіпкерлігінің нәзік жанды жарқын өкілі әңгімелегендей, этнобезендіруге арналған жұмсақ жиһаз өндірісімен де айналысатын «Алтын орда» авторлық дизайн үйі» ЖШС құрамында шамамен 35 адам еңбек етеді.
«Алтын сапа» - кәсіпкер мен Үкімет арасындағы үлкен пікір алмасу алаңы. Өз басым жыл сайын көрмеге үзбей қатысып келемін. Бұл еліміздегі белді сыйақы болғандықтан, отандық кәсіпорындар оны алуға ұмтылуы керек, - деп әңгімесін жалғастырды бизнесвумен. – Байқаудан кейін бір қызық жағдай болған есімде. Шарадан соң Мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызы қоңырау шалып, жұмысымызбен танысып, кәдесый жасап беруге өтініш жасады. Төл туындымызды Ақордада қорғадық. Елбасы «Көктем шуағы» мерекесі кезінде сандық қобдиша бейнесіндегі өз қолымен аяулы аруларға, қыз-келіншектерге тапсырған бұйым дүйім жұртшылыққа кеңінен танылып, баршаның назарын аудартты. Жауапкершілік сезімі артып, жұмысымыз оң бағытта өзгергендей күй кештік. Тың серпілістің жемісінде нарықта беделіміз нығайып, көп ұзамай «Халық сүйіктісі» атандық. Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық медалі табысталып, сайлауда Елбасының сенімді тұлғасы болдым. Жұмыс көлемі мен тапсырыс та көбейді. Енді үмітті ақтап, ел дамуына табысты қызмет ете бермек райдамыз. Анығы, жасап жатқан шаруаңызға бек сенімді болсаңыз, мемлекетті дәрежедегі жарыста бақ сынаудан тайынбау керек», - деп ақжол тіледі байқау қатысушыларына «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің директоры Ырза Тұрсынзада.
Осындай еңбегі еленгенге ерік-рухы жігерленген кейіпкеріміз елдегі сануалан ұлттан тұратын қолөнершілерді бір шаңырақ астына біріктіруді, Қазақ жері нағыз жерұйық идеясын бойға сіңіруді алға мақсат етіп қоюда. Тәңірдің берген сыйын, ұлт өнерін дүниежүзіне паш ету де басты аманат.
«Басында өзім сүйікті іс ретінде бастаған дүниенің бүгін сәтті бизнеске айналғаны көпке үлгі болып, талай қарындастарым хабарласып, ақыл-кеңес сұрауда. Табыстың кілті – күні-түні талмай адал тер төгу. Қазақтың қыз-келіншектерге айтарым, заман жетегінде кете бермей, ұлттық діңгектен ажырамауды қатты ойлау керек. Мұнда терең, шексіз де ауқымды, көне де шежірелі идеология жатыр. Шәкірт тәрбиелесем, саф өнерге үйретіп, «Алтын сапаға» жеткізсем, бұл да бір орындалған арман болар еді», - деп ағынан бөліседі іргелі бизнес иесі.
Бүгінде байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлер Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілетін, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауға қатысушылардың материалдарын рәсімдеу, ұсыну және материалдарды алдын ала бағалау ережелеріне сәйкес, 2016 жылғы 1 шілдеге дейін өтінім мен материалдарын байқауды ұйымдастырушы «Атамекен» ҰКП-ға тапсырғаны белгілі. Қазіргі уақытта «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу өтініштерін қарау басталды.
Астанадағы басты байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйлықты жеке өзі табыстайды деп күтілуде.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Abai.kz