Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Әдебиет 4488 0 пікір 11 Шілде, 2016 сағат 11:49

СОФЫ СМАТАЕВ. АЛАШЫМНЫҢ МЕН БАҚЫТТЫ ҰЛЫМЫН

Өткеніме көбірек үңілтер, алдағымнан жиірек түңілтер мазасыз ойлардың қоршауында дөңбекшітер жасқа жетіппін. Содан ба күліп тұрып та, күйініп қамығар адамды өзімнен табушы едім. Ал кеше ғана күдігімді жұлып тастап, қуаныш күлкісімен жүзімді жадыратып, жүрегімді бұлқынтқан бір әсерлі шақты бастан өткіздім. 75 жастық мерейтойыммен шын жүректерімен құттықтап, қаламымның қайрылмауын, дімкәс ағзамның әлі де сау-саламаттығынан айрылмауын тілеп, ыстық ықыластарын жолдаған ардақты Азаматтар – Нұрсұлтан Назарбаевқа, Иманғали Тасмағамбетовке, Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бақтықожа Ізмұхамбетовке, Гүлщара Әбдіқалықоваға, Бауыржан Байбекке, Қанат Бозымбаевқа, Арыстанбек Мұхамедиұлына, Ғалым Мұтановқа, сондай-ақ облыс әкімдері – Бердібек Сапарбаевқа, Нұрлан Ноғаевқа, Нұрмұхамбет Әбдібековке, Даниал Ахметовке, Кәрім Көкірекбаевқа, Сергей Кулагинге, Алтай Көлгіновке, Алик Айдарбаевқа, Ерік Сұлтановқа, Архимед Мұхамбетовке тебіренген жүрегімнің алғыс-ризашылығын білдіремін.

Менің шығармашылық һәм өмір жолым туралы БАҚ беттерінде ағынан жарылмаса да, алқалайық деген ниеттерінен туындаған ой-толғамдарын арнаған әріптестеріме бәрібір ырзалығым шексіз.

Ал күліп жүріп таппаған көңіл іңкәрін  – баянды бақытымды жылап тұрып тапқанымды несіне жасырайын. Ол бақыт – мәртебемді асқақтата өсіріп, төбемді көкке жеткізген аяулы Алашымның арқамнан мейірлене қағып, алақанына салып аялағаны. Құдіретті халқымның құшағындағы жылуы арқылы жеткен ыстық ықыласқа толы шынайы сүйіспеншілігі. Мен еміренген Елім бар да еркелетер ұлының бірі екенімді, солармен әманда тірі екенімді, ұсақ емес, ірі екенімді сезіндім.

Нөсерлете құйған жаңбырға малшына жетіп, театрдың ішін кернеп кетіп, сыртында симай қалған ақтілеулі, ақпейілді қазағыма, қандастарыма мөлт еткен көз жасымның тамшысының тазалығымен риясыз рахметін айтамын.

Сол шығармашылық кешімнің әсерлі өтуіне барынша атсалысқан Ақтоты Райымқұловаға, Роза Рымбаеваға, Ерлан Біләлге, Сәбит Әбдіқалықовқа, Еркін Рақышовқа, Сағызбай Қарабалинге, Базарбек Атығаевқа һәм артист, әнші ұл-қыздарыма сұмдық ырзамын. Өркендері өсе берсін, өнерлері шарықтай берсін.

Айтпақшы, шығармашылық кешімнің жалғасы қыркүйек айында Астанада өтетінін өзіне құлаққағыс етейін, ардақты Алашым!

Сөзімді жыр-сырыммен тұжырайын.

 

Таскерең тағдырды сынаған

Жерім жоқ күңкілдеп сыбағам.

Тәуба ғып келемін Тәңірге

Кетсе де өзгеде сыбағас.

 

Батқан жоқ әзірше Ай, Күнім,

Қапқан көп қарғысы қайғының.

Төрімнен,төремнен түңілсем,

Халқымның алғысы – байлығым.

 

Сеземін бір күйді танып қап,

Табады түбінде анық бақ.

Бағамды төр бермес, ел беріп,

Ұшармын қалықтап ... шарықтап.

 

Тыйса да шындықпен үндеуді,

Айта алам мұңды мен мұң деуді.

Биіктен биікке ұмтылсам,

Қандендер көбейтер күндеуді.

 

Білемін кім озық, кім кейін.

Сырымды шашпай-ақ ... мұң дейін.

Сол мұңнан жыр туып

Жұртыма

Ашса екен жанымның күнгейін.

 

Жетсе де бір емес, екі өлім

«Елім!» деп, «Халқым!» деп өтемін.

Алаштың бақытты ұлымын,

Жүрегі ұлтымның – мекенім!

 

Уассалам!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3353
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6238