Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 5401 0 пікір 7 Шілде, 2016 сағат 11:33

АҚТӨБЕНІ БЕРДІБЕКТІҢ ӘКЕСІ БАСҚАРАДЫ

Кездейсоқтық па, заңдылық па оны патша көңілді оқырман өзі пайымдай жататын шығар. Ал, біздің білетініміз – «тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген халықтың қалтқысыз айтқан сөзі ғана...

Жақында  Ақтөбе қаласына жаңадан әкім тағайындалды. Қамал алар шағында екен әкім. Қамалды бағындырып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып ғана қоймай, салафиттерді де сабасына түсірер деп үміттенеміз енді. Оның болашағын болжайтын балшы емеспіз, біздің білетініміз су жаңа әкімнің тасқа басылған өмірбаяны...

Осыдан қырық жыл бұрын Оңтүстіктің Бөген ауданында дүниеге келген азаматтың алған асуы бір кісі армандайтындай-ақ: еңбек жолын есепшіліктен бастаған Ильяс  Испанов соңғы лауазымы ҚР Жоғарғы сотының Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департаменттің директорлығына дейін дара жолдан өтіпті.

«...Адам адаммен кездеседі» дегендей, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен де  Ильяс Испановтың иін тіресе жұмыс істеген кезі болыпты. Бердібек Машбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстап тұрған тұста (1999-2002) Ильяс әуелі бас маман, сосын облыс әкімінің көмекшісі қызметін атқарыпты. Талапшыл әрі халықшыл әкімнің көңілінен шыққан болуы керек, әрі қарай «дуэт» жалғасын тауыпты да.  Сапарбаев Оңтүстіктен Астанаға аттанып, ҚР Кедендік бақылау  агенттігі төрағасының орынтағына жайғасқан сәтте  көмекшілікке тағы да Сапарбаев  Сапарбектің баласын қолай көріпті. Кейін Бердібек Машбекұлы Қаржы вице-министрі-Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы (2002-2006) болғанда,  Ильяс Испанов Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті кедендік басқармасының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарыпты. Осыдан кейінгі өмір  ағысы екеуін екі салада еңбек етуді нәсіп еткен көрінеді.

Бір-біріне деген ықылас-пейілі түзу, сыйластығы мен сенімі жоғары жандардың түбінде  жолы қайта түйісетіні анық. Біздің соған әбден көзіміз жетті. Құданың құдыреті, екеуінің жолы он жылдан кейін Ақтөбе өңірінде  тағы да тоғысты. Осыдан кейін дүниенің дөңгелек екендігіне, тоғызыншы территория тұрғындарының қытайлықтар әзілдеп айтпақшы, «бір-бірін жақсы танитындығына» таңғалмай көріңіз.

Ендігі жерде  Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Сапарбекұлының осындай үйлесімді тандемі талайларға үлгі болар деген сенімдеміз.

Айтпақшы, Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Испановтың Әсем (1997), Зере (2010) атты қыздары мен Шыңғыс (2000), Бердібек (2005) атты ұлдары бар. Осылайша Бердібектің әкесі енді Бердібек Сапарбаевтың құзырында облыстың орталығын басқаратын болады.

P.S. Бердібек Машбекұлының Ақтөбеден қала басшысына лайықты кадр таба алмай, Астанадан аттай қалап алдырғанына қарағанда Ильяс Испановтың іскерлігі керемет болып тұр ғой. Жаңа әкімнің алғырлығына алдағы уақытта куә бола жатармыз-дағы. Әзірге Ақтөбе шаһарының су жаңа әкіміне, Бердібектің  әкесіне ақ жол тілейміз.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір