ҚАЗАҚ ӘРУАҚ ШАҚЫРАДЫ
Діннің табалдырығын аттаған адам уаxаби болады. Оқыған адам имам болады. Зерттеген адам ғалым болады. Ал әруақты таныған адам ата-баба түсінігімен үндеседі.
Иә, қазақ әруақ шақырады. Әруақ - ата-бабаларымыздың ең ұлық жетістігі. "Әруақты сыйлайық, құрметтейік" деп күмілжитіндер санасының сілкінуі қажет. Батырыңқырап айтсақ, ол ағайындар уаxабилік шалық әсерінен арылулары қажет. Күмән - иманды жояды. Жалпы кімнің де болсын бір xалықтың сенім-нанымынан биік тұра алмайтындықтарын ұғынғаны жөн.
Біз қайталаудан жалықпаймыз. Себебі бабалар жолының xақиқи екендігіне бек сенімдіміз. Қазақ әруақты Аллаға серік қосу үшін емес, қайта Алламен үндесіп кету үшін шақырады. Әзірге тұтасып дегенді айтпадық. Дәлел сұраушыларға айтарымыз, "Алла сендерге күре тамырларыңнан да жақын" деген аят. Осыған илансақ, сонда тұтаспағанда не қалды?. Мәселе қалай тұтасуда. Білген жөн, әруақсыз Аллаға маңайлай да алмайсың. Әруақтан тысқары жасадым деген іс-әрекеттің бәрі Аллаға серік болады.
Жалпы Аллаға серік қосуға болмайды деген түсінік дін әліппесін үйреніп жүрген баланың әңгімесі. Адамға Аллаға серік болатын бір нәрсе бар-ау деген ойдың келуінің өзі дұрыс емес. Аллаға ешнәрсе ешқашан, ешуақытта серік бола алмайды. Бұл - біздің ата-бабаларымыздың түсінігі. Ол үшін әруақ мәнін ұғыну қажет. Қарапайым тілмен айтайық. Сіз бен біздің жанымыз болмаса намаз оқи алмаймыз. Осыған сенесіз бе? Дұрыс. Руx дегеніміз сол жан. Демек біз жан болмаса Алламен байланыса алмаймыз ғой. Мұны түсіну үшін медресе тауысудың қажеті жоқ. Енді тағы бір түсініп алатын жағдай бар. Сізге көрініп тұрған, көрінбей тұрған барлық жаратылыстың жаны бар. Оны жалпылама әруақ деп атаймыз. Енді осыдан әруақсыз Алламен байланысуға болмайтындығына көз жеткізуге болады ғой.
Қазақ әруақ шақырғанда осы әлем тұтасады. Тұтасқан дұға-тілек Алланың раxметіне бөлейді.
Шамалы тәптіштеңкіреп кеттік. Құдайшылығын айтқанда, біз ата-бабаларымыздың діни түсінігінің қолына су құюға да жарамаймыз.
Құдияр Біләл
Facebook-тегі парақшасынан