АЛАШ, ДИХАН ЖӘНЕ ХИРШ ИНДЕКСІ
Саналы адам әр сөзін ойланып сөйлейді. Бірақ айтқан сөздің бәрі есте қала бермейді. Сондай мен айтқан, алайда өзімнің есімде жоқ сөзді жақында интернеттен кездейсоқ кездестіріп қалдым. «Қазақ әдебиеті» газеті 2016 жылы 11 наурыздағы №23 (3501) санында филология ғылымының докторы, профессор Бекжан Әбдуәлиұлының «Смағұлдың оралуы» атты мақаласын жарияланыпты. Осы мақалада менің Дихан туралы айтқан «Қызмет пен атақ өзгертпеген азамат» деген сөздеріме сілтеме жасалыныпты. Меніңше, осы анықтамам Дихан Қамзабекұлының азаматтық, адамдық болмысын сипаттайды.
Физикада «тұрақты шамалар» деген ұғым бар. Дүниені ұстап тұрған -осы тұрақты физикалық шамалар. Егер осындай тұрақты шамалар болмаса, дүние хаосқа айналып, «ақырзаман» болар еді. Ғаламның тұрақтылығын, орнықтылығын осы тұрақты шамалар жасап тұр. Қоғамның, мемлекеттің тұрақтылығы үшін де осындай «тұрақты шамалар» - «тұрақты адамдар» керек.
Мен 2006 жылдың 23 мамырында Еуразия ұлттық университетіне жұмысқа орналастым. Бұған биыл 10 жыл толады. Осы он жылда университет басшылығында бір адам өзгермей қалды. Бұл - проректор Дихан Қамзабекұлы (суретте). Осы тұрғыдан оны – университетіміздің «рухани тұрақты шамаларының» бірі дер едім.
Алаштың проблемасы көп, алаштанудың проблемасы одан да көп. Бұл екі проблеманы бөліп айту керек.
Алаштың қазіргі бірінші және негізгі проблемасы – қазақтың санын көбейту. Қазақстанда «Демография институтын» ашу керек. Неге? Қазақтың санын тез өсірудің ғылыми жолдарын тауып, ұсыну қажет. Қазақтың саны жеріне сәйкес болу керек. Менің есебім бойынша, қазақтың қажет саны – әзірше плюс-минус 150 миллион. Қазақтың санын күрт көбейтуге тиістіміз.
Бұрында айтып жүрмін, қазірде қайталаймын: бұл Алаштың қазіргі №1 проблемасы. Осы мәселені шешудің бірнеше жолдары бар. Мысал ретінде бірнешеуін келтірейін:
- шет елдердегі қазақтарды елге қайтару, шақырып алу;
- ұлты басқаша жазылып кеткен (мысалы, көп қазақ өзбек болып жазылған) қазақтарды «қазақ» деп мойындап, Қазақстанға шақыру, азаматтық беру;
- анасы, әкесі, атасы қазақ, бірақ құжаттарында ұлты қазақ емес, адамдарды Қазақстанға шақырып, азаматтық беру;
- қазақтың әрбір отбасында бала саны 4-тен кем болмауы керек. Себебі, отбасында 1-2 бала болса, қазақтың саны азаяды. Бала саны 3 болса, халық саны қазіргі тұрақты деңгейінде қалады;
- алдыңғы ойды күшейтіп былай айтар едім: қазақтың әрбір әйелі (күйеуі бары да, жоғы да) 4 немесе онан да көп бала тууы керек;
- бойдақтарға үлкен, көтеруге ауыр, белі майысатын салық салу (мысалы, айлығының 50% ұстап қалу);
- баласы 4-тен көп әйелге бірінші кезекте пәтер және жер беру, олардан салық алмау;
- бала саны 4-тен кем адамдарды қызметте өсірмеу;
- жұмыста қысқарту болса, бірінші бойдақтар мен бала саны 4-тен кем адамдарды қысқарту және т.б.
Әрине, түсінемін: бұл жазғандарымның кейбіреуі артықтау, «ақылсыздау», басқаларға ұнамауы да мүмкін. Соны біле тұра бұл жердегі мақсатым - осыларды бірден жүзеге асыру емес, проблемаға көңіл аударту. Біз қазақтың жақын ғана емес, алыс болашағын қазір ойлауымыз керек. Мысалы, 100 жылдық, 500 жылдық, 1000 жылдық болашағын, тіпті бірнеше ғасырдан кейінгі болашағын қазір ойлауымыз қажет. Санымыз аз болса, бізге қауіп-қатер көп. Ал санымыз көп болса, қазақтың көп проблемалары өзінен өзі оң шешіледі, қазіргідей аймақтық емес, әлемдік дәрежедегі үлкен алпауыт ел боламыз.
Санымыз аз болса, бізге қауіп-қатер көп. Ал ұлт саны көп болса, қазақтың көп проблемасы өзінен өзі оң шешіледі. Қазіргідей аймақтық емес, әлемдік дәрежедегі үлкен алпауыт ел боламыз. Алпауыт көрші Қытай мен Ресейді және олардан кішірек көршілерді былай қойып, өзімізді бауырлас Өзбекстанмен салыстырайық. Wikipedia-ны оқиық. Қазақстан жері бойынша 9-орында, халқының саны бойынша 62-орында, өміршеңдік коэффициенті = 0.145. Өзбекстандікі сәйкесінше 56 және 41-орында, өміршеңдік коэффициенті = 1.366.
Өміршеңдік коэффициенті бойынша Өзбекстан бізден 9.4196 есе артық. Қазірдің өзінде осы елдің халқы 31,5 млн, яғни бізден 2 еседей көп. Енді алдағы 25 жылда олар бізден 3 есе, ал 100 жылдан кейін 5 есе көп болады. Бұл қазаққа белгілі-белгісіз проблеманы алып келуі мүмкін.
Алаштануға байланысты мынаны айтамын: мен физик-теоретикпін, тарих саласының маманы емеспін. Сондықтан білмейтін мәселені көп айтқым келмейді. Біраз жылдар бұрын Америкада, Батыс Еуропа, Азия елдерінде жұмыс істеп, ғылым жасай жүріп, қазақты ойлап жүрдім. Сондағы байқағаным: қазақ ешкімнен кем емес. Қазақтың тілі, әдебиеті, мәдениеті, тарихы еш халықтан төмен емес. Менің түсінігімше, осы саладағы біздің ғалымдар әлі де әлемдік, халықаралық деңгейден көп кейін қалған. Оларды сыйлаймын, бірақ ренжімесін.
Қазіргі алаштанушы ғалымдарымызды, қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын зерттеуші ғылымдарды әлемдік-халықаралык дәрежеге көтеруі керек. Ғылыми еңбектерін әлемдік басылымдарда еркін жариялайтын деңгейге шығару қажет. Әрбір ғалым ғылыми туындыларын бірден ағылшын тілінде жаза білуі керек. Басқа жол жоқ.
Жақында мен «Қазақтың негізгі ұлттық кәсібі ғылым болса деймін» деген айдармен сұхбат бердім. («Білімді ел» газеті, №6, 29 март 2016 жыл және «Еуразия университеті» газеті, №5-6 (210-211), наурыз, 2016 ж.). Сонда мен: «Қазақтың негізгі ұлттық кәсібі – ғылым, ғылымпаздық болуы керек» деп айтқанмын. Соны қайталаймын. Бұл барлық қазақ ғылымына, соның ішінде алаштану ғылымына да қатысты.
Жалпы қазіргі ғылым, білім саласындағы 40-50 жас аралығындағы азаматтардың қандай істерін қолдаймын!
1991 жылы кеңес одағы құлдырап, Қазақстан жеке мемлекет болып, тәуелсіздік алғанда, қазіргі 40-50 жастағы ғалымдар 15-25 жаста болған екен. Яғни олар сол кезде мектепте немесе университеттерде білім алып жүрген. Міне сонан бері 25 жыл уақыт өтті. Қазіргі 40-50 жастағы ғалымдар – ана тіліміз қазақ тілімен қатар ағылшын тілін кәсібіне қажет дәрежеде еркін меңгерген, Хирш (түсініктеме: Хирш индексі немесе Һ-индекс – Калифорниядағы Сан-Диего университетінің америкалық-аргентиналық физик ғалымы Хорке Хирш ойлап тапқан ғылыми сапа өлшемі; мұнда еңбекке жасалынған сілтемеге маңыз беріледі) және сілтеме индекстері өте жоғары, импакт-факторы жоғары шет ел журналдарында жыл сайын 3-5 мақала жариялайтын, өз саласы бойынша дүние жүзі танитын әлем мойындаған ғалым болуы керек.
Мен Диханды өмірде де, ғылымда да «революционер» емес, «эволюционер» дер едім. Бұл - жауың аздау, бір «жорға жүріс», ұзаққа апаратын жол. Жоғарыда айтқанымдай, Дихан – жақсы азамат, жақсы адам. Ренжімесін, бірақ бұл аз. Диханның келесі бір «аялдамасы» - 2026 жылдың 19 маусымы. Осы келесі «аялдамасында» Диханды кездестіргенде, ол: «Қазір менің Хирш индексім 20-дан асты, сілтеме индексім 1000-нан артық, ал Thomson Reuters базасында бар импакт-факторы жоғары шет ел журналдарында жарияланған мақалаларымның саны 100-ге жетті», - десе, «әкел қолыңды, бауырым!» - деп құшақтап, риза болар едім.
Таблица. Международный рейтинг профессора Д.Камзабекулы согласно Thomson Reuters и Sсholar Google на 19.06.2026 г.
(жорамал-тілек кестесін орысша жаздым)
База |
Индекс |
Индекс |
Количество |
Количество |
Количество |
|
Хирша |
цитируемости |
публикации |
детей |
внуков |
|
|
|
в журналах |
|
|
|
|
|
с |
|
|
|
|
|
ненулевым |
|
|
|
|
|
импакт- |
|
|
|
|
|
фактором |
|
|
Thomson |
21 |
1001 |
101 |
11 |
21 |
Reuters |
|
|
|
|
|
Scholar |
31 |
1111 |
111 |
11 |
21 |
|
|
|
|
|
|
Осы параметр үдесіне жетуге 10 жыл уақыт бар. «Жақсы сөз - жарым ырыс» дегендей, Диханға айтар негізгі тілегімнің бірі осы еді. Барлық уақытта ол айналасын жақсы адамдармен қоршап жүрсе деймін. Өйткені Д.Қамзабекұлы оқу орнына, біздің қоғамға керек.
Рәтбай МЫРЗАҚҰЛҰЛЫ,
физика-математика ғылымдарының докторы,
профессор
abai.kz