"ҚАРА" ПИАРДЫ КІМ ТЫЯР?
"Хабарда" жүргенде той жүргізетін бір асаба бауырым хабарласты. Қазақтың тойынан нанын тауып жүрген ортанқол асабалардың бірі. Аздап «әу» дейтіні де бар. Бұл жолы созбалақтамай бірден төтесінен кетті.
– Аға, маған сіздерде бағдарлама жүргізу керек! Жалақы, қаламақы дегендерiңiздiң қажеті де жоқ. «Көк жәшіктен» көрініп жүрсем болды...
– Оу, бауырым, не болды? Саған бере қоятындай бағдарлама жоқ бізде. Экономика, саясат дегендерге тісің батпайтынын өзің де сезіп тұрған боларсың?..
– Аға, маған бәрібір. Ел көрсе болды. Бұл дегеніңіз – пиар ғой! Ал, "қара" пиардың да – пиар екенін білетін шығарсыз? Телевизорға шықсам, Астана, Атыраудан да тойға тапсырыс алам ғой...
Тфу, мынаған дауа жоқ екен! Трубканы тастай салдым. Осы бір «қара" пиар дегеннің талайдан бері жанымды жегідей жеп жүргенін несін жасырайын. Бұл бәле батыстан келді. Майк Тайсонның құлақ тістегенін, жер хабар бермегір Майкл Джексонның соңынан ерген түрлі қауесеттерді, қала берді Пугачеваның баласындай біреулерді бай қылғанына дейін «қара пиар» деп қабылдадық. Жай қабылдап қана қоймадық, қазақы болмысқа қалай болса солай ендіре бастадық. Басқаларды білмеймін, әншілеріміз бұл мәселеде тіпті алдыға кетті. Келсін, келмесін әйтеуір, қара бастарының жарнамасы үшін қайдағы бір бәлелерді ойлап табатын болды. Оны ел естісiн дей ме, сосын телеарналарды жағалап жүргендері. Сіздерді білмеймін, өз басым кезінде Айгүл Иманбаева қарындасымның Алтынаймен абысын болып, бұрынғы күйеуімен жабысып түскен суретін мақтанып жұртқа жария қылғанын «қара пиар» деп қабылдадым.
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деп жүрген Жанар Айжанова қарындасым да телеарналардың бірінде «қара пиардың» құрбаны болып, дарақы Жанарға, жеңілтек күлкілі, жетесіз жүргізуші образындағы «сүйкімсіз» Жанарға айналды. Асқар таудай алып әнші Нұрлан Абдуллинды нағыз қазақ осы деуші едім. Оның да таңертеңгілік бағдарламада жаңалық оқып тұрғанын көрдік кезінде. Не айтып тұрғанын өзі де білмейді. Білмеген соң күле береді. Өзін аттасы Нұрлан Еспановтың деңгейіне түсіретіндей, бұл Нұрекене не жетпейді екен? Тағы да сол «қара пиар» ма? Бұл тізімді одан әрі де жалғастыруға болады.Меніңше, нағыз талантқа «қара пиардың» да, «көк жәшікте» жүргізушісі болудың да қажеті жоқ. Халық Мейрамбегiн хабар жүргізбесе де жақсы көреді. Мақпалын «көк жәшіктен» көрмесе де алақанында аялайды. «Атың шықпаса, жер өрте!» дегенді қазақ мазақ ретінде айтқан. Мазақ болғандарыңыз жарамайды, «қара пиарды» жақсы көретін әншілер!
...Баяғыда әзіл айтса да әділін айтатын Әлімжан әріптесім әлгілер туралы бір сәуегей сөз айтып еді.
– Мыналардың қарқыны жаман. Енді біраз уақытта «Жеті күнді» әнші жүргізетін шығар. Біздер – журналистер жазып беріп, аузына салып отырамыз сосын...
Әй, Әлекем-ай! Көріпкел шығарсың! Сіздерді қайдам, мен өзім солай болатынына сеніп барамын...
Арман Сқабылұлы
FB парақшасынан алынды