ШОЛУ: МЕКТЕПТЕРГЕ ҚЫТАЙТАНУ КУРСЫН ЕНГІЗУ КЕРЕК ПЕ?
Бүгіннен бастап біз, Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы, шетелдік БАҚ пен еліміздегі орыс баспасөзіне, соның ішінде kz доменіндегі орыс тілді веб-сайттарға шолу жасап, аптасына бір рет оқырман назарына ұсынып отырмақшымыз. Мұндағы мақсат - мыңдаған оқырманымызды – қандастарымызды, жаңа буын жас ұрпақты, ауылдағы қара орман ағайынды орыс веб-сайттарының ақпараттарынан құлағдар ету, қандай мәселе көтеріп жатқанын білдіріп отыру. Оның үстіне бір елдің ақпараттық кеңістігінде қатар өмір сүріп жатқанымызбен, орыс тілді сайттардың тұтас ұлт мүддесінен сырт айналып тұратыны бар. Бұны да қазақ оқырманы біле жүруі керек. Сондай-ақ, бұл қазақ оқырманына қазақ және орыс тіліндегі сайттарды салыстырып отыру үшін де керек деп білеміз.
Сонымен:
RATEL.KZ: АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі George Krol мырзаның Өскемендегі жылу электр станциясына сапарынан «Америкалықтардың Қазақстандағы қытайларға көңілі толады» (Американцы остались довольны китайцами в Казахстане) деген тақырыппен қысқа мақала жазған. «Елшіні биыл пайдалануға берілгелі отырған №12 турбоагрегат құрылысы жұмыстарының барысымен таныстырды. Бұл – елдің энергетика саласындағы құны 12 млрд теңгені қамтыған үлкен инвестициялық жоба. Америкалықтарға тиесілі Қазақстанның стратегиялық кәсіпорынындағы турбоагрегат құрылысын қытай медігерлері жүргізіп жатыр. Сондықтан, стендтер мен тақтайшаларға қытайдың иреоглифтері жазылған». Бұл жерде материал авторы Антон Сергиенко «иреоглифтар» деп қытай тілін айтып отыр. Ал, суреттерде ол жазулардың екі тілде: орыс және қытай тілінде жазылған анық көрінеді. Ал, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөз түгілі, әріп таппайсыз...
Бұдан өзге сайтта өткен аптада Мәдениет және спорт министрінің кадрлық саясатын сынаған «Мәдениетті басқару қаншалықты қиын?» деген тақырыппен (Как сложно руководить культурой) бір материал жарық көрген. Онда «Шамасы, біздің мәдениет министрінің кадрлық саясаты тығырыққа тірелгендей: Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филорманиясында тағы да жаңа басшы» дей келіп, ұзақ жылдардан бері қазақ өнері қара шаңырақтарының бірі – филорманияны дәстүрлі, классикалық музыка өнерпазы емес, эстрада әншісінің басқаруына бергелі отыр» деп жазады. Материал «Бір идея бар: өнердің қара шаңырағының директорын емес, мәдениет министрін ауыстыру керек...» деп аяқталады. Мәдениет және спорт министрі тек қана кадрлық саясатта ғана емес, министр болып тағайындалғалы бері сыннан көз ашпай келеді.
INFORMBURO.KZ: 10 маусымда Қарағандыда этонмәдени орталықтардың өкілдерімен кездесу барысында украиналық саясаткер Ирина Форионды «жүргіш әйел» деп ар-намысына тиетін сөз айтқан мәжіліс депутаты Владимир Божконың өкіншті кейіп танытқан сөзін жариялаған. «Ирина Форионды жүргіш деп атаған Владимир Божко: Мен қатты кетіппін» (Владимир Божко, назвавший Ирину Фарион шалавой: "Я погорячился"). Онда депутат: «Мен сәл қатты айтып жібердім. Оны мойындаймын. Мүмкін, басқа сөзбен жеткізуім керек пе еді. Мен бәрін айттым» деген екен.
Сондай-ақ, сайт Божконың сөзіне Украинаның Қазақстандағы елшілігі үн қатып, Ирина Форион ана тілінің қорғаушысы. Оның әрекетіне СССР КГБ жоғарғы мектебінің әлдебір (Божконы айтып отыр. Ред.) бұрынғы бітірушісі ауыр сөз айтты деп мәлімдегенін де келтірген.
Аталған сайтта журналист, саяхатшы Андрей Михайловтың «Қытай және Қазақстан: Мәңгілік іргелес ел» (Казахстан и Китай: рядом навек!) деген тақырыптағы мақаласын жариялаған. Онда автор «Меніңше, қазақстандықтардың көрші елді қауіп көруінің түбінде ол елді білмейтіні, түсінбейтіні жатқандай» деп келіп: «Қазақстанның мектеп бағдарламасына қытайтану арнайы курсын (тарих, география, әдебиет) енгізу орынды болар еді» деп, қытай мәселесінде өз ойын айтады.
MATRITCA.KZ: Қазақстандағы алтын кендерінің бірі қытай компаниялары сатып алуы мүмкін екені туралы жазды. «Қазақстан алтын кенін қытайлар сатып алуы мүмкін бе?» (Казахстанское золоторудное месторождение могут купить китайцы). Мақалада «Қазақстанның алтын кенін қытайлар сатып алуы мүмкін» (Казахстанское золоторудное месторождение могут купить китайцы). Осындай тақырыппен жарық көрген материалда «Қазіргі кезде "Казцинка" компаниясының еншілес ұйымы «Altyntau Kokshetau " жұмыс істеп жатқан алтын кеннің негізгі инвесторы швецариялық « Glencore International AG» компаниясы. Ал, бұл кенді қытайдың мемлекеттік корпорациясы Shandong Gold Mining Cо және қытайдағы ең ірі алтын өндіруші Zhongjin Gold Corp компаниясы сатып алуға ниетті» екені, аталған компаниялардың қаржылық мүмкіндіктері, кеннің сатылу себептері айтылады.
Және де сайт Астана мектептерінің бірінде психикалық ауру адам тарих және қоғамдық тәртіп пәнінен сабақ беріп келгені анықталып, ол адам жұмысынан шығарылғанын жазады. Әлгі адам 2014 жылдың 14 қыркүйегінде мектеп директорының бұйырығымен жұмысқа алынған екен.
365INFO.KZ: Қазақстанның астық өндіру және оны экспорттау мәселесіне сараптама жасаған. «Ең ірі астық өндіруші әрі экспорттаушы ел - Қазақстанның ішкі нарығында астық тапшылығы бар. Яғни, министрлік астық экспортының көлемін азайтпаймыз деп отырса, отандық нан өнімдерін өндірушілер астықтан таршылық көріп отыр» дейді сараптама авторы. Материалда Ресейде Алтай аймағы мысалға алынып, ол жердегі нан өнімдерін өндірушілер 80 пайыздан асса, бізде 36-38 пайыздан аспағанын келтіреді. Және Қазақстандағы нан астықтың ең төменгі 4 сортынан жасалатынын да жазады. Сараптамада Үкімет астықты сыртқа сата бергеннен гөрі, оны өңдеп, сол арқылы жұмыс орындарын ашып, нан өнімдерін сатса, әлдеқайда экономикаға тиімді болар еді деген ой айтылады.
Шолу жасаған – Нұра Матай
Abai.kz