Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2896 0 пікір 20 Маусым, 2016 сағат 09:10

Мюнхендегі аукционда Гитлердің жеке бұйымдары сатылды

Frankfurter Allgemeine Zeitung неміс газетінің жазуынша, танымал тарихи артефактарды сататын Hermann Historica аукцион үйі америкалық дәрігер, тарихи заттарды жинайтын Джона К. Латтимердің (1914–2007) коллекцияларын сатуға қойған. Олардың ішінде – Адольф Гитлердің бірнеше шалбары, нацист көсеміне 1944 жылдың 20 шілдесінде шабуыл жасағаннан кейінгі рентген түсірілімдері бар; тағы бірнеше заттар Гитлердің көңілдесі, кейіннен әйелі болған Ева Браунға тиесілі болған екен; Герман Геринг сақтаған ішінде улы дәрі бар металл капсула бар, оны ол Нюрнберг трибуналы өлім жазасына кескеннен кейін ішкен; сонымен бірге СС жетекшілерінің бірі Эрнст Кальтенбруннер асылып өлген арқанның бөлшегі бар.

Аукцион нәтижесі әлі жарияланбады. Бірақ ұйымдастырушылар бәрі кем дегенде 170 мың еуроға сатылуы мүмкін деп болжаған. Аукцион қарсаңында неміс ақпарат құралдарында нацист көсемінің жеке заттарын сату қаншалықты этикаға сәйкес келеді, сатып алушылар арасында неонацистер табылып, бұл олардың табынатын заттарына айналып кетпейді ме деген талқылау болған.

Джон Латтимер америкалық дәрігер, урология саласы бойынша арнайы маман. Екінші дүнижүзілік соғыста Нормандияда (1944) әскери дәрігер болған. Ол өмір бойында тарихи заттарды жинаумен айналысқан. Ол сонымен бірге әр дәуірдегі қаруларды жинаушы ретінде танымал.

Абай-ақпарат

0 пікір