ІІМ: Ақтөбеде шабуыл жасаушылар Сириядан нұсқау алған
Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Ақтөбеде шабуыл жасағандар Сириядан үндеу алған деп мәлімдеді.
- Олар пәтерге жиналған кезде өздеріне имамдары дәл сол күні қасиетті жиһад жасау туралы үндеу жасаған. Әрине, олар дайындалған. Нысандарды білген. Қайда, қалай бару керегін білген. Имамдары Сириядан болған сияқты. Меніңше, оны тергеушілер анықтайды. Олар имамдарын тыңдап, жиһад жүргізуіміз керек деп, қосылғандары әрекетке көшкен, - деді министр Қасымов.
Министрдің сөзінше, шабуыл жасауды 45 адам жоспарлаған. "Бірақ жиһад жариялап, пәтерден шыққан кезде 19 адам бас тартқан. Қазір олардың барлығын анықтап, тергеп жатырмыз. 29 адам келісіп, шабуылға шыққан. Жол бойында тағы үш адам бас тартқан", - деді Қалмұханбет Қасымов.
Ішкі істер министрі қару-жарақ дүкенінің бейнебақылау камерасынан онда 25 адам кіргені көрінетінін, қылмыс жасаудан бас тартқан тағы бір адам кетіп қалғанын айтады.
- Қылмысты 25 адам жасаған. Бірінші дүкендегі оқиға тоғыз минутқа созылған. Олар дүкенге кірген соң төрт минуттан кейін жеке күзет қызметі барған. Күзетші дүкенгі жүгіріп кірген бойда олар оны атып тастаған. Үш минуттан соң дүкенге жасақ жетіп, атыс басталған. Полицейлер дүкенде өздеріне бірден 14 адам дүкеннен алған қару-жарақтан оқ атады деп ойламаған, - дейді министр Қасымов.
Қасымов сонымен бірге Ақтөбе облысындағы төтенше жағдай қалыпты режимге көшкенін, барлық арнайы қызметтің өкілдері өз орындарына қайтқанын айтты.
Абай-ақпарат