Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 3800 0 пікір 8 Маусым, 2016 сағат 03:38

"ҰБТ" МА, ӘЛДЕ "МБЕ" МЕ?

Елімізде осы күндері «Ұлттық бірыңғай тестілеу» деген атпен жұртқа таныс, мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі жұмыс істеп жатыр. Бұл жүйе бойынша алынған тест нәтижесі, жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестацияның қорытындысы және түлектердің колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылданудың емтиханы есептелінеді. Қазақстан қоғамында тестің қолданылуына байланысты пікір қайшылығы бар. Ол туралы айтылып, жазылып келеді. Менің ортаға саларым ол емес,  айтпағым орыс  тілінде  «Единое национальное тестирование» деген  атпен санамызға енген, қазақшасы қысқаша ҰБТ-деп аталатын осы атауға байланысты болып отыр.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – осы бір білім мен ғылым саласындағы аты шулы,  мәні мен маңызы зор, жас ұрпақтың болашағы мен тағдырына ықпалы мейілінше үлкен іс-шараның атауына көз салып, саралап  ойланайықшы, ана тіліміздің табиғатына қанша сай келіп тұр? «Атында тұрған не бар, заты дұрыс болса болды емес пе?» дейтін қазақы немкеттілікпен қарайтын ағайындар да бар, жоқ олай, емес, әрқандай игі бастаманың басы дұрыс болуы шарт, ол үшін оның аты да, дұрыс болуы тиіс. «Ұлттық бірыңғай тестілеу» бір сыдырып оқығанда құлаққа да, көңілгеде томпақ келіп жатқан жоқ. Алайда, зер сала қарасаңыз, мүлде басқа...

Ал енді, осы үш ауыз сөзді талдап көрейік. «Ұлттық» сөзі «ұлт» деген түбірден шығып отыр. Ал ұлт дегеніміз – жер бетiндегi белгiлi бiр тiршiлiк аймағы мен әлеуметтiк ортаның бiлiгiнде жатқан салт-дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгi, шаруашылық кәсiбi, мiнез-құлқы, тiлi мен мәдени мұрасы бiр – халықтар тобы. Олай болса, қазақ, орыс, қытай, өзбек ұлттарының жеке қасиеттері «ұлттық» деген сөзге келеді. Ал бізде ұлттық – сөзі мемлекеттік –деген ұғым беріп келеді. Ұлттық университет, ұлттық компания дегендер осы негізде  пайда болған атаулар. Мемлекет – белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі – саяси билік ұйымы. Сондықтан мемлекет пен ұлт арасындағы ұғым мен міндет, құқық пен мүдде айырмашылығын айқындап алғанымыз жөн.  Біз түлектерді ұлтына қарай тестілеуге қатыстырып жатқанымыз жоқ, бәрі де Қазақстан Республикасының тең құқылы азаматтары ретінде бір уақытта, бір орында емтихан тапсырып жатыр.  Демек,  ұлттық емес, мемлекеттік болуы тиіс. Біздің елде ұлттық деген сөздің мемлекеттік деген мағанада қолданылуы – кеңес одағының барша кеңес халқын бір ғана ұлт етемін деген жымысқы саясатының сарқыны. Қазіргі нарықтық мемлекетімізде ұлт пен мемлекеттің ара жігін ашып алғанымыз жөн.

Енді «бірыңғай» сөзіне тоқталайық. Бірыңғай – кілең, тек бір ғана түр, сорт, түс, жыныс, жасты білдіретін шекті ұғымдағы, сандық-мөлшер сөз. Мысалы, бірыңғай қызыл киім, бірыңғай әйелдер немесе қазақтар дегендей... Ал тестілеуде жынысына, жасына, түріне, ұлтына қарап жатқамыз жоқ қой, тек, биылғы түлектер жаппай қатысып жатыр. Сол үшін «бірыңғай» сөзіне қарағанда «біртұтас» деген сөзді қолдану ыңғайлы.  Ал соңғы сөз «Тестілеуге» келейік. Бұл сөз қазақы сөз емес, тіпті, орыс тілі үшін де кірме сөз. Тесттің ауқымы кең атау. Ол – сынақ, бақылау, талдау, тексеру дегендей түрлі мағана береді. Адамдар денсаулығына байланысты, психологиялық жағдайына қатысты, тіпті, жүктілікті білу үшінде тест өткізеді. Ал қазақта емтихан деген тек, шәкірттердің білімін ғана қадағалап, екшеу ұғымын білдіретін арнаулы атау бар. Қазақ Ұлттық энциклопедиясында: «Қазақстанда емтихан қабылдау алғаш рет Алтынсарин мектептерінде қолданылды» деген анықтама да бар.  Классик жазушылардың шығармаларында да бұл сөз кездеседі. Б.Соқпақбаевтың  «Алыстағы ауылында» деген шығармасында «Болат жетінші кластың ең соңғы емтиханын тапсырған күннің ертеңіне үйіне ауданнан бір жүк машинасы келді» деген сөйлем бар. Емтихан сөзі қазір де қолданыста бар, сол үшін оны тестілеу деген түбі жат, мәнісі мәңгүрт сөздің орнын бастыру керек.

Қорыта айтқанда, «Единое национальное тестирование» деген тіркестің қазақша аудармасы, яғни «Ұлттық бірыңғай тестілеу» деген тіркес ана тіліміздің табиғатына сай келмейді. Бұл біздегі алдымен орыс тілінде ойлап, атауын қарастырғаннан кейін ғана оның қазақ тіліндегі баламасын самарқау, салқын, сараң іздейтін күнделікті әдетіміздің нәтижесі. «Мәтіннің екі тілдегі мағанасы бірдей болсын» деген талап негізінде орыс тілінің жалпы қай сала бойынша қазақ тілінен үстем болуы, оның негіз әрі стандарт болуымен, ал қазақ тілінің баламалы тіл болып қалуын қалыптастырды. Соның салдарынан қазақ тіліндегі аудармалар күлкілі, ұятты, мәнсіз, мағанасыз болып жатыр. Аударма сәтті шығуы үшін:

- Аудармашы екі тілді терең, жеткілікті меңгеріп қалмастан, екі халықтың дәстүрін, мәдениетін, дүниетанымын жақсы білуі тиіс. Сонда баспа-бас аудару, жалаң аудару болмайды.

- Аудармашыда мол, жан-жақтылы білім болуы және үздіксіз ізденісі болуы тиіс.

- Қандай дүние болмасын алдымен қазақшасы жасалып, соңынан басқа тілге аударылуы керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ұлттық бірыңғай тестілеуді» (ҰБТ) Мемлекеттік біртұтас емтихан (МБЕ) деп өзгерту керек деп ойлаймын.

Қастер Сарқытқан, доцент

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420