Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7492 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 12:36

МИТИНГІШІЛЕР ДЕ ТЕРРОРИСТЕР МЕ, МИНИСТР МЫРЗА?

Соңғы күндердегі аласапыран оқиғалар һәм сол жағдаятқа қатысты тараған ресми ақпараттарға қарасаңыз, жаныңыз түршігеді. Сонау Сарыағаштағы ұлтаралық жанжалдан бастап, кешегі митингтерге һәм Ақтөбедегі ланкестікке дейінгі саяси шиеленістердің бәрінің авторы бір-ақ күнде табылды (ҚР ҰҚК өкілі Руслан Карасев осының бәріне бір адам яғни кәсіпкер Төлешов кінәлі деген ресми мәлімдеме жасады. Қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=8194. 

Сонымен, Ақтөбеде жиырмаға жуық азаматтың өмірін жалмаған қанды қырғынды "жасаушылар" (ұйымдастырушы күш) бейбіт митингте не үшін оқ атпағанын халық түсіне алмай отыр.

Жалпы, қазақта «бір оқпен екі қоян ату» деген ұғым бар. Біздің Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір оқпен екі емес, үш қоянды бірден сұлата салмақ ниет танытты.

Естеріңізде болса, сонау Сарығаштың Ынтымағында кісі өлімі болған кезде біздегі ресми органдар «бұл бар болғаны екі азаматтың тұрмыстық жағдайға келісе алмауынан туындаған жанжал» деп әлгі оқиғаның «ұлтаралық қақтығыс» еместігін дәлелдеуге тырысқан-ды. Енді келіп, Ақтөбедегі ланкестік әрекеттен кейін сол өздері жоққа шығарған қылмысты бар етіп, оның артында кімдер тұрғанын "сүйіншілеп" жіберді.

Демек, бұл - қатардағы қылмыс емес, ұлтаралық қақтығыс болғаны ма? Ендеше, сол кезде ұлтаралық араздықты туғызған қылмыскерлер неге сотталмады?. Халық Н.Наметовтен басқа жауапқа тартылған бір адамды да білмейді. Неге?

Ел-жұрт ұмыта бастаған Сарыағашты қойшы... Соңғы бір жарым айдың бедерінде қазақ даласын дүбірлеткен жер мәселесіне де «сыра өндіруші» Төлешев кінәлі болып шықты.  

Жеріміздің сатылуы мен жалға берілуіне қарсылығын білдіріп қазақ ұлтының азаматтары алаңға шықты. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІV cессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жерін қорғаштаған қазақ халқына риза екенін білдірді.

«Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін», - деді аталған жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Осы Елбасы алғыс айтып, ризашылығын білдірген бұқара халық енді келіп террорист болғаны ма? ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіз комитеті таратқан ақпараттарға сенсек, митингшілер лаңкес болып шыға келгенін байқайсыз.

Сонда,  Ассамбеляда сөйлеген сөзінде  Елбасымыз лаңкестерге алғыс айтқан болып шықпай ма? Жоқ, әлде министрлік бұл мәселені басқаша тәпсірлеуді мойнына жүктеп отыр ма?

Қазақстан халқының түрлі митинг өткізуге, өзінің азаматтық ойын ашық айтуға құқығы бар. Қазақстанның бірнеше қаласында өткен бейбіт шерулерде азаматтарымыз сол құқығын пайдаланып, бейбіт түрде наразылықтарын білдірді. Олар мемлекеттік тұтастыққа қауіп төндіретіндей һәм билікті басып алатындай әрекеттер жасаған жоқ. "Олар жерді біреудің ақшасына бола қорғайды, олар митингке біреудің айтақтауымен ғана шығады" деу - қазақ ұлтының намысын таптау, алаңға шыққан әр азаматтың адамдық құқығын аяқасты ету.  

Ендеше «жерді ешкімге жалға бермейміз» деп ұлттық патриоттығын ашық білдіріп отырған күллі қазақстандықтарды «терорист» деп қаралайтындай қандай себеп бар?.

Осыны Ішкі істер министрі түсіндіруі керек деп ойлаймыз.

Айтпақшы, «сенімсіз» бір себеп бар екен. Бүкіл жұртқа 20 мамыр күні Алматы қаласынан суық қарулар табылғаны мәлім болды. Бірақ, бұл ақпараттың рас-өтірігіне әлі ешкім көз жеткізе алған жоқ. 20 мамырда ұсталған күдіктілер туралы әлі күнге толық мәліметтер жария етілмей келеді. Неге? Ұсталғандар кімдер? Сот алды тергеу амалдары қалай жүргізіліп жатыр? Күдіктілер қалай анықталды? Бәрі де сұрақ белгісі күйінде қалып отыр.

Халық 20 мамырда әбжілдік танытқан құзіретті орган қызметкерлерінің  Ақтөбедегі лаңкестік кезінде неге «ұйықтап» қалғанын да түсіне алмай отыр. Яғни, біздің құзіретті органдар бар кінәні өзгеге аударып, өздерінің әлсіздігін бүркемелеп қалғысы келетіндей.

Түйін

Біз осыдан бір апта уақыт бұрын ҚР Ішкі істер министрлігінің министрі, генерал Қалмұхамбет Қасымов мырзаға «Abai.kz» ақпараттық порталының атынан бірнеше сауалдар жіберген едік. Оған әлі жауап келген жоқ. Алайда біз сол сауалдарға қоса осы бір шағын  мақалада қамтылған жайттар мен тақырптағы сұраққа байланысты министрі мырза өз пікірін ортаға салар деген үміттеміз.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420