Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6587 0 пікір 6 Маусым, 2016 сағат 09:12

ҮНДІС КӨСЕМІ СЕАТТЛЕНІҢ ЖЕР ТУРАЛЫ ХАТЫ

2016 жылдың сәуірінің төрті күні Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар  қызметінде  өткен  жиналыста 1,7 млн гектар жер телімі жеңілдетілген аукцион арқылы сатылатынын мәлімдеген еді. Содан бері тәбетім  қашып, күндіз  күлкіден, түнде  ұйқыдан  қалдым. Өйткені, 2005 жылы  Астанаға сонау Ташкенттен қоныс  аударған  қазақтың  бір баласы  едім.

Министр «жер  сатылады»  дегенде  біреу үстіме мұздай суды  құйып  жібергендей болды. Жетіскен  екенбіз. Ата-бабаларымыз  бұл жерді «ақ найзаның ұшымен, ақ  білектің күшімен» қасық  қаны  қалғанша, жанталасып  жүріп, сақтап, көзінің қарашығындай  қорғап қалып еді. «Жер дауы» мен «жесір дауы» қазақ үшін ықылым заманнан бері ең өзекті әрі маңызды мәселе болып  келген. Жалпы, тіршілік иелерінің асыраушысы – Жер. Сол үшін сан ғасырлардан бері Жер үшін  талас-тартыс  толастаған  емес. Төрткүл дүниеде де жер үшін жанжал  бүгінге дейін  жалғасып келеді. Мысалы Израил Палестинаның жеріне таласады, Армения Азербайжанның Таулы Қарабағын уысында ұстағысы келеді. Қытай Ресейдің шығысына көз  алартуда.

Адамзатқа қасірет әкелген сондай жойқын соғыстардан соң Жер  қайта бөліске түскенін  көріп отырмыз. Бұған біріншіден, Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижелері дәлел. Жер үшін! Алпауыт елдердің мақсаты біреу-ақ жерді жаулап алып, асты-үстіндегі қазба байлықтарын иемденіп, үстемдіктерін  құру. Қалалар салып, Жер қыртыстарын  қопарып, өндіріс  орындарын ашып, байлыққа  кенелсе болғаны. Сол солақай саясаттың кесірінен алпауыттар  бір-бірімен жарыса  қаруланып, өзгелерге  сес көрсету үшін  табиғатты   жоқ ететін қаншама ядролық сынақтарды жасады  десеңізші. Соның салдарынан қоршаған ортаның тепе-теңдігі бұзылды. Күн сәулесі қуатынан қорғаныш болған (азон) ауа қабаттары ластанып, Күннің шамадан тыс ыстықтығынан ну ормандар өртеніп, Солтүстік пен Атлант мұзды мұхиттардағы қалың мұздар еріп, құрлықтарда өзендер арнасынан тасып, тасқын сулар көбеюде. Жер бетіндегі көптеген көлдер мен теңіздер тартылуда. Адамзат пен Табиғатқа келтірген залалдары шаш-етектен.

Мысалы 1854 жылы жер сатып алғысы келген Америка Құрама Штаттары президенті Авраам  Линкольнге Үндіс көсемі Сеаттленің жазған хаты адамды сансыз ойларға жетелейтіні  даусыз.

«Көгілдір  аспанды, аяқпен басып жүрген ата-бабаларымыздан мирас болып бізге қалған жерді жалға беру немесе сату  менің тайпамның ақылына  кірмейді. Өйткені, адам баласы өте алмайтын ну ормандар, олардың жапырақтары мен ызыңдаған жәндіктердің дыбысы, сан алуан шөптердің жайқалып өсуі мен ағып жатқан мөлдір бұлақтардың сылдыры ата-бабаларымыздың қаны іспеттес, осының бәрі халқымның санасынан орын алған және табиғат аясында біте қайнасып өмір сүрген біз қоршаған ортаны анамыздай жақсы көреміз. Себебі, үндіс өзінің анасы Жер екендігін  анық біледі және қоршаған ортаға өзгеше көзбен қараймыз. Үндістер айдын көл бетін сипаған самал желдің үні мен иісін сүйеді. Шалғындарда қырылып жатқан өлексесі сасыған мыңдаған бизон көрдім.

Ақ түсті пенделер пойызбен өтіп бара жатып, ермекке бола атып өлтірген. Түтіні будақтаған темір аттың бір бизоннан да қастерлі болғанына ақылым жетпейді. Біз үндістер жануарларды тек өзіміз өмір сүру үшін  ғана қажетімізге қарай өлтіреміз. Барлық жануарларды қыратын болсақ, онда қалай өмір сүресің? Жер адамға емес, адам Жерге тәуелді. Барша дүниенің басына келген нәубет – адам баласының басына келеді деген сөз. Ақ түстілер үшін бір түйір топырақтың өзгелерінен айырмашылығы шамалы. Жер ақ нәсілдінің досы емес, дұшпаны тәрізді. Ана болған Жерді, бауыры болған аспанды сатып алынатын, пұл ретінде жұмсалатын тәріксіз бір нәрсе ретінде ғана қарайды. Ақ түстілердің салған қалаларында  тыныштық, бейбіт тірлік  жоқ.  

Айналып келгенде Тәңір үндіс пен ақ нәсілді пенделер үшін біреу-ақ. Олардың арасында еш айырма жоқ. Тәңір де Жерге құрметпен қарайды. Жерді сыйламау – Тәңірді  сыйламау. Көкте қалықтаған қырандар, тауларды жапқан ормандар, қолға үйретілген жабайы аттар жойылар және Жер үсті адам баласымен толар. Міне, сол күні адам баласы  үшін ақырзаман болуы ғажап емес».

                                                        Үндіс көсемі Сеаттле 18.11.1854 жыл

«Оқу ойдан артық емес» дегендей, Үндіс көсемі Сеаттле оқымаған, техникалық өркениеттен хабары болмаса да, өмірден көріп-түйгені көп екендігі жазған хатынан байқалып тұр. Адамзатты ойландыратын, толғандыратын ұлағатты сөзіне қалай басыңды имейсің?

Ұлан байтақ  жеріміз арқылы әлемдегі жері үлкен тоғызыншы мемлекетпіз. Алайда ауыл шаруашылығы салаларында бей-берекет қолданылып, игерілмей жатқан жер қаншама. Кейбір малға жайылым болатын жерлерде үйіліп жатқан қоқыстарды көргенде қарның ашады.

Тіпті, үй алдындағы бақшалық жерді де күтіп баптай бермейміз. Бұл Жерге деген селқос көзқарасымыздан, жанашырлығымыздың аздығынан болар. Жер Анаға, туған Табиғатқа Сеаттленің ұлағатты сөздерінен  үлгі  алсақ  игі  болар еді. Қазіргі қазақ қоғамының оңала алмай жатқаны елім, жерім  деп еңіреген жігіттің қолында мал жоқ, қанша тыраштанғанымен тышқақ лақ таба алмай жүр, қазақ қоғамы – кедей қоғам.

Малы барлардың қазақпен ісі жоқ, бұл бүгінгі күннің парадоксы. Мыңжылдықтарды артқа тастап, қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдардың сан алуан түрін алмастырып, әрқилы қоғамдық формациялардың қызығы мен шұжығын көріп, соқтықпалы соқпақсыз өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуін бастан өткерген. Біздің ата-бабаларымыз ұлт болып ұйысқан халықты уақыт құрдымына құлатпай, қадір-қасиетімен бүгінге жеткізуі сол қажеттілік талабын орындай алғандығынан деп ойлаймын.

Олай болмағанда бұл күнде қазақ деген ұлт та, яғни біз де болмас едік. Біздің бар болуымыз нар болуымыз сол ата-бабаларымыздың тұтастық туын жықпай, қазақтық қалпына қылау түсірмей, ұлттық ұйтқының қаймағын бұзбай, заманнан заманға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуінің арқасы. Ата-баба жолын жалғастыру, аманатқа адалдықты сақтау – ел боламын, жұрт боламын деген ұрпақ үшін киелі міндет, перзенттік парыз. Бірақ, бүгінгі тірлігімізге сырттан бақылап қарап тұрып ойланамын, ұлттың өзіндік бет-бейнесі шайылып кету қаупі төніп тұр. Адамдық өлшемдер тұрғысынан қарағанда, кісілік келбетіміздің күнгейі мен көлеңкесінің ара-қатынасы алаңдатарлықтай болып тұр. Сөзімізден дауа, ісімізден бәтуа кетіп бара жатқандай, тіпті кім екенімізді айыру қиын.

Сөз бен істің арасы тым алшақ. Мәселенің мәніне жетіп, түбіне үңілмей жатып, даңғаза даңғыртпен кемшілік атаулының бәрін басқа біреулерге аударып, соларды жазғырып, өзіміз бұғып, сырт айналып, жақсы атты көрінуді мұратты ісімізге айналдырып алғандаймыз. Батырлықтың бәсін бағалау, найза төніп тұрса да, намысын жатқа бермеу, тірі жанға тышқақ лағын босқа жегізбеу – бабалардың мәрттік мінезі, берік ұстанған жолы  бүгінде далада қалды.

Баяғы қазақтар қайынжұрттың қолына барып тұруды «күшік күйеу болмаймын» деп ат-тонын ала қашатын, ал қазір намыстанбайды да. Онда тұрған несі бар деп есептейді. Кезінде «иттің жаман» десе, өкпелеп қалатын қазақ, бүгінде райынан қайтып отыр, күн сайын тонналап ағып жатқан мұнайын, алтынын, бар байлығын кім көрінген тасып, өзіне бұйырмаған, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп бара жатқанын көре тұра «әу» дей алмай іштей қынжылып, көтерем күйге түскен.

Қазақтың кедей болатын себебі, байлыққа деген теріс көзқарас шөгіп жатыр, құлдық психологиядан арыла алмағандығымыздың айғағы. Бұл нағыз қазақы сана емес, деформацияға ұшыраған, отарлық езгіден сансыраған аурушаң, дімкәс сана. Байлық бәрін шешеді. Тіптен тәуелсіздігіңді де. Байлықты кім иеленсе, соның мерейі үстем – билік соның қолында. Бұл тарихи мың рет дәлелденген шындық. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін». Олай болса, елдің байлығын, экономикасын өз қолымызға қазақ ұлтының игілігіне ұстау қажеттілік. Қазақстан байлықтарын шетелдіктерге өндіруге берудің қазаққа әкелетін сорақы кесапаты орасан зор.

Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364