Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6325 0 пікір 3 Маусым, 2016 сағат 21:43

ЖАНҰЗАҚ ӘКІМ: "ҚАЗАНҒА ДЕЙІН ҮКІМЕТ ЖЕР МӘСЕЛЕСІН ШЕШУІ КЕРЕК"

Жер реформасы туралы комиссияның төртінші отырысы Көкшетауда өтті. Жерлігікті халық өкілдерімен кездесу форматында өткен комиссия отырысында Жер кодексіндегі көптеген тетіктер талқыға салынып, өңірдегі ауыл шаруашылығымен айналсатын ағайынның талап-тілектері қарастырылды. Облыс әкімі Сергей Кулагин мырзадан бастап Жер комиссиясының алдында олар ағынан жарылып, айтарларын бүгіп қалмады.

Жер реформасы туралы комиссияның мүшесі Жанұзақ Әкім мырза комиссия отырысынан кейін арнайы уақыт бөліп, «Abai.kz» порталына сұхбат берген еді.

 

- Жанұзақ аға, бүгін Жер реформасы туралы комиссияның төртінші отырысы өтті. Көкшетаудағы отырыстың алдыңғы отырыстан айырмашылығы қандай болды? Қандай тың мәселелер көтерілді?

- Біз бүгінгі отырысқа келгенде дәл осындай болады деп ойламадық. Жалпы алғанда бүгінгі отырыс мазмұнды өтті деп ойлаймын. Барлық қоғамдық ұйымдар, ардагерлер, ауылшаруашылығы мамандары, басқа да жергілікті халық өкілдері қатысты. Бір ерекшелігі ұйымдастыру алқасы өңірдегі аудандармен онлайн байланыс орнатып қойған екен. Ақмола облысы аудандарындағы халық жер мәселесіне енжар қарамайтындықтарын көрсетті. Төрт сағат бойы өздерінің талап-тілектерін айтып, бастан-аяқ комиссия отырысына белсенді түрде атсалысып отырды.

- Әдетте бұндай кездесулер жаттанды сценарий бойынша өтуші еді...

- Рас айтасыз, осыған дейін көріп жүргеніміздей, мұндай жиындар бірсарынды, іш пыстырарлықтай жағдайда өтуші еді. Бірақ, комиссияның екінші және үшінші отырыстарында мұны нақтылап айтып, ұйымдастарушыларға ескерттік. Облыстарға шыққанда әкімшіліктің айналасынан адамдар жинап әкеліп,  жасанды кездесу болмасын деген нақты талап қойдық. Біз әуелі жергілікті халықпен кездесуіміз керек. Олардың ой-пікірлерін білу маңызды тетік болып табылады. Президент пәрмен беріп, мораторий жариялағаннан кейін, парламент депутаттары облыс-облыстарға түсіндіру жұмыстарына шықты ғой. Сол баяғыша, әкімдіктің төңірегіндегі адамдарды, мектеп мұғалімдерін жинап алып, ескі сценарий бойынша кездесу өткізген болып қайтып жатты ғой. Рас, күлкілі болды, көбі жасанды болды. Біз бірден ескерттік. Бұл жолы әкімдік бсқа үдеден шықты деп айта аламын.

- Бүгінгі отырысқа комиссияның қанша мүшесі қатысты?

- Толық болғанда, соңғы отырыста 67 адам қатысқан, екінші отырыста да 66 адам болды, ал бірінші отырыста 72 адам қатысқан еді. Енді ол толық деп саналады ғой. Жармахан Тұяқбай  шетелге емделуге кетті. Сосын Мақсат Нұрыпбай мен Зәуреш Батталова бірінші отырыстан кейін мүшеліктен шығып кетті. Енді қазір төрт адам жоқ. Ал мынау, аймақтарға шығуда, оның барлығы баруы міндетті емес. Онда сол аймақтың тыныс-тіршілігімен етене таныс, сол аймақтан сайланған азаматтар мен жұмыс тобының төрағалары қатысса болады.  Әуелде 28 адам жоспарланған екен, соның барлығы қатысты. Сосын облыстардан да жиналған екен.

Осы отырыс кезінде көңілімізден шыққаны – комиссия отырысына жиналғандар, қатысқандар бастан-аяқ қазақ тілінде сөйледі. Жиын толықтай қазақ тілінде өтті.

- Жанұзақ аға, бүгінгі отырысқа Ақмола облысының әкімі, Қазақстандағы алып жер иеленуші - Сергей Кулагин мырза да қатысқан екен. Отырыс барысында әкім мырзаның қытайлық компаниямен келесім жасасқандығы туралы сөз қозғалды ма? Ақмола облысы еліміздегі ең ірі астықты алқапты иеленіп жатқандығы белгілі. Кулагин мырза бұл туралы не деді? Ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерді қалай шешпек екен?

- Бүгінгі отырыстың тағы бір ерекшелігі де осы болды.  Кездесуге келген халық еркін сұрақтар қойып, ойларын бүкпесіз жеткізді. Адамдар сұрақтарын төте қойды. Мысалы, сол  Кулагиннің өзіне күрделі деген үш сұрақ қойылды. Оның біріншісі – қытайлық компаниямен келісімге келіп, 300 мың гектар жерді бергелі жатқаны. Содан кейін, қазіргі таңда Кулагиннің меншігіндегі жер телімдері туралы болды. Әкім Кулагин мырза да бүкпесіз жауаптар беріп, ойын жасырмауға тырысты. Жауаптан жалтарып, қашқақтау деген болған жоқ. Бұл жерде диалогтың сәтті шыққаны - біздің әкім-қаралардың демократиялылыққа еттері үйреніп келе жатқандығы. Біз ойлағанбыз, жиын орысша болып кете ме деп. Жоқ олай емес, көкшеліктердің сергектігін көрдік. Өте жақсы ұсыныстар айтылды, талаптар қойылды.

- Сіз комиссия отырысында Кулагин мырзаға «қытайлық компанияға 300 мың гектар жер бермексіз бе?» деп төте сұрақ қойдыңыз...

- Ол енді - кәсіпкер ғой. Өзі «80 мың гектар жерім бар. Мен жақсы егем, пайда да тауып отырмын» деп отыр. Бұл жерде жағай әр түрлі... Біреулер 1 гектарды игере алмауы мүмкін. Енді біреу 100 гектардан пайда тауып отыр.  Дұрыс айтасыз, мен сұрақ қойып, «қытайлық компанияға 25 жылға жалға 300 мың гектар жер берем депсіз. Соны түсіндіріп беріңіз» дегенде ол: «Рас, олар келді. Біз Ақмола облысында 600 мың долларға жылу электр станциясын салу және зауыт салуға келісім жасастық. Бірақ, ешқандай да жерді жалға беру мәселесі көтерілген жоқ. Ол шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат» деді. Енді анау облыстағы адамдар да бұл мәселеге үн қоса ма деп едім, бірақ ешбірі үн шығарған жоқ.

- Кулаигин мырзаның өзі бастаған латифундистердің ұрда-жықтыққа салынып, құнарлы жерлерге иелік етіп жүргені де күн тәртібіндегі мәселелердің бірі еді...

- Негізгі осы өңірдегі көтерілген мәселе – жайылым жерлерінің түйткілдері болды. Шешілмеген мәселелер, тетіктер көп екен. Бұл жерде көптеген алып шаруақожалық иелері, ірі фермерлер, осы жердегі анау сіз айтып отырған олигархтар, латифундистер ауылдың өзін қалдырып, айналасындағы түгел жерлерін алып алыпты. Алып қана қоймай, оны банктерге несиеге қойып жіберген екен. Сол мәселелерге қатысты бірнеше сұрақ қойылды. Жер комиссиясында бұл мәселелерді де міндетті түрде қарастыратын боламыз.

Рас, жерді өзіміздің азаматтарға сату мәселесі де бүгінгі комиссия отырысында талқыға салынды. 25 жыл, 49 жылға дейін жалға беру ескі жүйе бойынша жүргізіліп келеді ғой. Мұнда күрделеніп тұрғаны -  жерді азаматтарға сату. Мысалы, осы өңірлерде бұрыннан фермерлікпен айналысып келе жатқан ірілі-ұсақты шаруақожалықтары жаңағы жерлерді алғылары келіп отыр. Осы уақытқа дейін 100 миллион гектар ауылшаруашылық жерлерінің 1,3 пайызы жекеменшіке сатып алынған. Олар  енді не істейді? Сондықтан, біз  ойлағандай, анау мораторийдегідей, үш-төрт сұрақ қана емес, көптеген мәселелер шығып жатыр.

- Қандай?

- Мысалы, теңсіздік бар.  Қостанайдағы Розинск дегенде 880 мың гектар жер бар екен. Күрделі мәселелердің шығуының себебі -  жер мәселесімен біз 1995 жылғы реформадан кейін (анау совхоз, колхоздарды таратқаннан кейін) нақты айналыспаған екенбіз. Тұрып қалған, реформа жүргізілмеген.  Содан кейін тағы бір мәселе – 2003 жылы Жер кодексі қабылданды ғой. Сол бойынша жер алатын кісілерге, қалалықтарға - 10 соткіден, ауылдықтарға - 25 соткіден, сосын бақша өсіріп, саяжаймен айналысам деген азаматтарға 12 - соткіден берілуі керек еді. Негізі бұл мәселе бойынша біздің анау зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар бар, бірлесіп, Үкіметке талап қойған едік. Қазан айына дейін осы мәселелер шешілуі тиіс.  Біздің талабымызда көтерілген мәселелер Конституцияда бекітіліп қойған. Енді соны қолға алып, қазан айына дейін шешпейтін болса, Үкіметке сенімсіздік таныту арқылы отставкаға кетіруіміз керек. 

- Көкшетаулық халық жерді шетелдіктерге сатуға немесе жалға беру мәселесіне қалай қарайды екен?

- Бұл - төртінші отырыс қой. Комиссия жұмыстары жүйеленіп келеді. Бүгін жиынға қатысқандар жерді шетелдіктерге жалға беруге нақты қарсы екендіктерін ашып айтты. Комиссия жұмысына атсалысқан көкшеліктер жерді шетелдіктерге жалға беруге түбегейлі қарсы екендіктерін тікелей айтты. Бұл өте маңызды деп ойлаймын.  Өйткені, жер тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір азамат өзінің талап-тілектерін бізге ашық, нақты айтулары керек. Ел белсенді болуы керек. Ұйықтап қалмауы керек. Өйткені, әлі еш нәрсе шешіліп біткен жоқ. Бұл талқылау деңгейіндегі жұмыстар ғана ғой. Мәселе толық шешімін таппайынша, қоғам  белсенділігі бәсеңдемеуі керек. Бұл - әлі бастамасы ғана. 25 жылда шешілмеген дүниелерді 5 айдың ішінде бір жүйеге келтіру өте күрделі. Сондықтан бұл мәселеге қоғам болып белсенділік танытуымыз керек.

- Бұл мәселеге келгенде сіздің ұстанымызыз қандай? Бүгінгі отырыстан не түйдіңіз?

- Ең бастысы - бүгінгі отырыстан түйгеніміз, халық жерді Қытай мен Ресейге жалға беруге түбегейлі қарсы. Сосын бүгінгі отырысқа қатысқан халық өкілдері мен ауылшаруашылық мамандары егер сол жерлерге жаңа технологиялар әкеліп, инвестиция қарастыратын болса, ол жерлерді батыстық компанияларға жалға беруге болады деген пікірлер айтты. Бұл - негізі дұрыс ойлардың бірі. Себебі біз: Қазақстанмен ортақ шекарасы бар елдерге жерді сатуға да жалға беруге де болмайды. Ал егер алыс Еуропа елдері секілді бізбен мүлде шекараласпайтын мемлекеттерден компаниялар бірлесіп келіп, жалға ғана алып, жұмыс істесе, оларға қарсылық болмауы керек деп айтқан едік. Оның өзінде жерді әуелі 10 жылға ғана беру керек. 5 жыл жұмыс істеп көреді. Егер жердің құнарлылығын төмендетіп, улап, күтім жасамай, бекітілетін талаптарға сәйкес жұмыс жүргізбесе, онда 5 жылдан соң, Үкімет ол жерлерді қайтарып алуға құқылы болуы керек.

- Жерді шетелдіктерге жалға беру... Кеңірек түсіндіре кетсеңіз...

- Енді статистикаға қарасаңыз, 2003 жылдан бері шетелдіктер тек 1 пайыз ғана жерді жалға алған екен. Оның өзі Араб Эмираты мен тағы бір ел, олар бар болғаны 2000 гектар жерді алып отыр. Одан басқа ешбір шетелдік компания жерді жалға алмаған. Біз айтып отырмыз ғой, шекаралас мемлекеттердің бірде-беріне жерді беруге болмайды. Ал жаңағыдай елдермен жұмыс жасауға болады. Талап бойынша олар жаңа технологиялар, қаржы әкелуі тиіс. Ауылшаруашылығына жаңа технологиялар әкелінбей біз ауылшаруашылығын дамытамыз дегеніміз бекершілік болады. Мысалы, қазір біздегі ауылшаруашылығындағы 43 пайыз халық ел экономикасының 4,7 пайызын ғана құрап отыр. Бұл Сәбет одағы кезімен салыстырғанда 10 есеге түсіп кеткен. Еңбек өнімділігі азайып отыр. Бұл бізде ауылшаруашылығына көп көңіл бөлінбегендігін көрсетеді. Сосын, жасалған бағдарламалар көп болғанымен, бірақ оның ішінде экономикалық механизм жоқ, нарықтық тетіктер қарастырылмаған, жаңа технология деген мүлде жоқ. Еңбек өнімділігін арттыру тіпті ескерілмеген.  Сондай-ақ, менеджмент мәселесінде жүйе сол Сәбет өкіметі кезіндегі қалыпта қалып қойған. Сондықтан дамыған елдермен жұмыс жүргізуге қарсы болмауымыз керек.

- Жақсы аға, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

- Сіздерге де рахмет! Істеріңізге сәттілік!

Сұхбаттасқан - Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364