ЛИДИЦЕНІҢ ҚОЛА БАЛАЛАРЫ
Кеше балаларды қорғау күні деп атап өттік қой. Сонда "кімнен қорғаймыз?" деген сұрақ көкейге келеді екен. Содан әлемнің әр түкпіріндегі қорғансыз, адамзат қорғай алмай қалған балалар туралы біршама оқиғаларды іздеп, қарадым. Өкініштісі, аяусыздық көп қой. Сонда мына оқиға жанды ауыртты. Білмесеңіздер, біле жүріңіздер, мұндай оқиға енді Жер бетінде ешқашан қайталанбауын тілеп жүріңіздер, ағайын.
Лидице - Прагадан (Чехия) 20 шақырым жердегі шахтерлар ауылы. Бұл ауылды 1942 жылы неміс фашистері жермен жексен етті. Себеп - Райнхард Гейдрих деген белсенді неміс фашисінің өлтірілуі, оны осы ауылдың адамы өлтірген деген ақпарат. Сөйтіп, 1942 жылы 10 маусымда Лидиценің ер адамдарын (15 жастан үлкен) түгел (172 әлде 173) ауыл сыртында атып тастайды. Ал әйелдер мен балаларды біраз күн ауыл мектебінде қамап ұстайды. Сосын барлық 203 қыз-келіншекті Германиядағы концлагерьге әкетеді. Ал балаларды Польшаға апарып, "сорттайды". Барлығы 105 бала болатын. Оның 23-ін германизациялауға лайық деп, арнайы нацисттік отбасыларына тапсырады. Ал, 82 баланы Хелмнодағы концлагерьге жіберген. Оларды газды камера күтіп тұр еді. Жазықсыз балалар 1942 жылдың 10 шілдесінде уланып өлтірілді. Сұмдық!
Бұл жайға еш белгісіз, ескертусіз қалдырғысы келмеген мүсінші Мария Ухителова арнайы ескерткіш орнатуды ойлайды. 1969 жылдан балалардың мүсіндерін қоладан тұрғыза бастайды. Бірақ, түрлі себептерге (қаржылық) байланысты барлық 82 баланың мүсінін дер кезінде сала алмайды. Ондаған жылдарға созылады... 1989 жылы мүсінші Мария қайтыс болып, оның жұмысын қызы мен күйеуі жалғайды. Ең соңғы бала мүсінді 2000 жылы аяқтайды.
Осылайша, қанішерлікпен өлтірілген лидицелік 82 бала туған ауылдарына қайта "қола мүсін" боп оралды...
Қарлығаш Досанова
Facebook-тегі парақшасынан