Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8313 0 пікір 2 Маусым, 2016 сағат 07:46

ЕЛІМЕ ТЫНЫШТЫҚ, ЖЕРІМЕ БҮТІНДІК БЕРЕ ГӨР, АЛЛА!

Ардақты ағайын, ақ ниетті Алаш жұрты!

Дүниені әлдилейтін де, аялайтын да, әлемді алақанында тербететін де жұмыр басты пенденің бір-біріне деген мейірімі. Көңілге қанағат беріп, кеудеге рақым нұрын құятын бауырмалдығы. Сол екі ұлы сезімнің де мынау сын сағатта жүректеріңнен табылып жатқанына қатты шүкіршілік етудемін, Алаш азаматтары. Өйткені жер тағдыры – ел тағдыры. Қадірі қанында қалар, қасиеті жаныңда жүрер ата-бабадан бастап ұл – ұрпақтың кіндік қаны тамған киелі Атажұртты нарықтың заңдылығы деген желеумен биліктегілердің саудаға салу туралы қитұрқы әрекеті баршамызды алаңдатып-ақ отыр. Ел бірлігін діттейтін ерлердің, жер бүтіндігін түптейтін азаматтардың нақты іс- шаралар атқаруға кірісіп кеткенін де білеміз. Алайда көңіл әлі де күпті. Адамның қолынан жасалып жатқан заңсыздыққа адам баласы төтеп бере алмайтын кісәпір заманға душар болдық. Сол себепті де ата-бабамыздың қанымен тазарып, сауылдаған терімен суарылған қазақтың қасиетті Даласы, киелі жері сатылмасын һәм шетелдікке жалға да берілмесін деп он сегіз мың ғаламның Иесі – Алла Тағалаға дұға қылып, тілек тілесек, адамшылығымызға да, мұсылманшылдығымызға да, қазақшылдығымызға да жат болмас еді. Қаны бір бауырлар,  жаны бір жерлестер, алда келе жатқан айлардың сұлтаны – Рамазан айының қасиетті Қадыр түнінің алдында, дәлірек айтқанда 24 маусым – қасиетті жұма күні Астана уақыты бойынша кешкі сағат 19. 00-де әлемнің әр түкпірінде жүрген қаны қазақ бауырлар бір ниетпен, бір жүрекпен алақанымызды жайып, «Құдыреті күшті, Алла тағалам, иә Раббым, қазақтың кең байтақ даласын, ұлан-ғайыр жерін ұрпақтарымыздың  ұрпағының игілігіне қалдыра көр! Елімізге тыныштық пен бүтіндік бере көр!» деп құлшына тілек тілеп, дұға қылайық. «Құдай» деген құр қалмайды» - деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған.

Шын тілесе, Алланың рахымынан артық һәм мейірімінен күшті ештеңе жоқ. Жаратқан Хақ тілегімізді қабыл етсін! Алла жар болсын, ағайын!

Софы Сматаев,

Алаш ақсақалдарының атынан

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364